Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтары шетелге шыға алмайды

Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтары шетелге шыға алмайды
Сурет: Kapital.kz

Банкрот деп танылған азаматтарға тағы  қандай шектеулер бар?

Бұл туралы ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Банкрот болып танылған тұлғалардың берешектері шегерілгенімен, оларға қатысты бірқатар шектеулер де болатындығын атап өткім келеді. Яғни, банкрот деп танылғаннан кейін оның салдарына да назар аудару қажет. Заң жобасында банкрот деп танылған азаматтарға 5 жыл бойы қарыздар, несиелер алуға тыйым көзделген. Сонымен қатар азамат 3 жыл бойы емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, елден тыс жерлерге шыға алмайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.

«Сондықтан азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және ары қарай қандай көздер есебінен өмір сүре алатыны туралы ойлану қажет. Жалпы, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді», - деді Марат Сұлтанғазиев.