Банкке жалған ақша өткізіп, Швецияға қашқан күдікті экстрадицияланды

Банкке жалған ақша өткізіп, Швецияға қашқан күдікті экстрадицияланды
сурет: Бас прокуратура баспасөз қызметі

Күдіктінің серіктестері әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылды.

Қазақстандағы банктердің бірінде жалған еуро банкноттарын айырбастап, шетелге қашқан күдікті азаматша Швециядан елге экстрадицияланды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

 «Экстрадициялау туралы шарттың болмауына қарамастан, Швецияның Әділет министрлігі қарым-қатынас қағидаты негізінде жалған банкноттарды ірі мөлшерде өткізгені үшін іздеуде жүрген азаматша Б.-ны Қазақстанға беру туралы еліміздің Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды», - делінген ведомство ақпаратында.

Мәлім етілгендей, Қазақстан азаматшасы 2019 жылғы желтоқсан – 2020 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан банктерінің бірінде жұмыс істейтін қызметкердің көмегімен жалған еуро банкноттарын айырбастаған деген күдікке ілініп отыр.

Қылмыс жасағаннан кейін Б., қазақстандық құқық қорғау органдарынан бой тасалады. Оған халықаралық іздеу жарияланды.

Оның серіктестері әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазаларына кесілген.

«Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдікті Б.-ны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстанға экстрадициялады».

Қазіргі уақытта ол Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің тергеу изоляторына қамалды.

«Аталған қылмысты жасағандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.