Банадр ИСАЕВ: «Тілім де, жаным да – қазақ»

Банадр ИСАЕВ: «Тілім де, жаным да – қазақ»
almaty-akshamy.kz

    Күнтізбемізге Алғыс айту күнінің енгізілгеніне биыл сегізінші жыл. Бұл – сан түрлі сынақтан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айқындай түсетін ерекше күн. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін құшағы кең қазақ елі сол бір замандарда ыстық бауырына тарта білді.

    Кейінгі уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің көбейгені де заңдылық. Сондай-ақ, еліміздің әскери құрылымында да, әскер қатарына шақырылатын жас сарбаздар арасында да қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері жыл санап артып келеді. Солардың бірі – 5571 әскери бөлімінің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы Банадр Исаев.

    Банадр нағыз қазақы өңір – Шымкентте дүниеге келген. Ұлты – әзірбайжан. Көрші балалардың бәрі қазақ болғандықтан, ойын көрігін де қазақша қыздырған. Мектеп жасына келгенде, ұлының қазақ тіліне деген қабілетін ескерген ата-анасы ойланбастан қазақ мектебіне берген. 2017 жылы отбасымен бірге Астанаға қоныс аударған. Ол жерде де қазақ мектебіне барып, орта мектепті сол жерде тәмамдаған. 

    Былтырғы мамыр айында Банадр әскери борышын өтеуге Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. Бір айлық дайындықты толық көлемде аяқтап, әскери ант қабылдаған сарбаз жауынгерлік бөлініске бөлінеді. Қазіргі кезде әскери қызметті жете меңгерген сарбаз, бөлімдегі үлгілі әскери қызметші, сенімді дос, міндетіне адал жауынгер.  

    Әскерге дейін Кавказ халқының биіне деген құштарлығымен 6 жасынан бастап лезгинка биімен айналысқан. Бидің қыр-сырын жетік меңгерген Банадр 17 жасында Астана қаласында жеке би залын ашып, осы би түрінен дәріс берген. Сондай-ақ, 18 жасынан «TikТok» әлеуметтік желісінде өзінің лезгинка биімен танымал болған.

    – Өзім көпұлтты отбасынан шыққанмын. Отбасымыз украин, әзірбайжан, түрік ұлтының өкілдерінен құралған. Шаңырағымызда бәріміз дерлік тек қазақша сөйлесеміз. Көршілеріміздің бәрі қазақтар болды. Ауасын жұтып, суын ішіп отырған елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді деп білемін. Оңтүстіктің, оның ішінде қазақылықтың иісі аңқып тұрған Шымкенттің топырағы мен ауасы қазақ тілін еркін меңгеріп алуыма әсер еткен болар. Менің тілім де, дінім де, жаным да – таза қазақ. Мен өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына, отбасымда мені шексіз жақсы көріп, бар мейірімімен тәрбиелеген ата-анама, мені қолдап, әркез қасымда жүрген достарыма, қаруластарыма және құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланға үлкен алғысымды айтамын. Жақындарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік, – дейді қатардағы жауынгер Банадр Исаев.

    Банадрдың Алматыда өткеріп жатқан әскери қызметін аяқтауына үш ай қалыпты. Бағындырар белесі де, шығар шыңы да әлі алда деп білеміз. Біз оның отбасына аман-есен оралып, мақсатына жетуіне тілек қосамыз.