Баланың жазуы оның мінезінен нені аңғартады?

Баланың жазуы оның мінезінен нені аңғартады?
Сурет: Azattyq.org

Адамның жазуына қарап, оның мінез-құлқын, көзқарасын болжауға болады

Адамның жазуын және оның жеке қасиеттерімен байланысын зерттеуге арналған тұтастай ғылым бар. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушының жазуы әлі төселе қоймауы және өзгеруі мүмкін, дегенмен осы кезеңнің өзінде оған қарап, бала жайлы көп нәрсе айтуға болады дейді мамандар.

Әріптің көлемі, басып жазу мен каллиграфия балалардың мінезі жайлы не айтатынын білген артық болмас.

БАТЫРЫП ЖАЗУ

Графолог ғалымдар жазу кезінде қаламды батырып жазу адамның батылырақ, кесіп айтатын, тәуекел етуден қорықпайтын және жылдам шешім қабылдайтындығынан хабардар етуі мүмкін. Ал  жазуы қағаз бетінде болар-болмас қана көрінетін балалардың ішкі рухы әлсіз, ұяңдау және өзіне сенімсіздеу болуы мүмкін және оларға тәуекелді шешім қабылдау, жылдам әрекет ету тән емес.

ӘРІПТЕРДІҢ КӨЛЕМІ

Бала жазуындағы әріптердің көлемі баланың жалпы ортаға ашықтығын, тіл тапқыштығын, өзгелермен байланысқа бейімділігін немесе қаншалықты тұйық екенін көрсетеді. Қолы ашық, жомарт  және жылы шырайлы жандардың қағаз бетіне түсірген әріптері көлемді келетіні соншалық, дәптердің белгіленген жолында бүкіл биіктікті алады. Мұндай адамдардың араласу ортасы кең, достары көп болады, олар танымайтын адамдармен тез тіл табысады және жаңа адамдармен таныстық орнатқанды жақсы көреді. Әріптер кішілеу және ұсақтау болса, бұл баланың сараңдау екенін, оның тұйықтығын және жалғыздықты жақсы көретінінен хабар беруі мүмкін.

ӘРІПТЕРДІҢ ФОРМАСЫ

Көптеген балалардың жазуында әріптер дөңгелек және жинақы келеді, бірақ ол өсе келе өзгеруі мүмкін және сүйірлене түседі. Дөңгеленіп жазылған әріптер адамның мейірімділін, кішіпейілділігін және мінезінің жұмсақтығын білдірсе, үшкірленіп жазылған әріптер оқушының өзімшілдігін және эмоцияларын көрсеткісі келмейтінін аңғартады.

КАЛЛИГРАФИЯ

Бала күнінен ұқыпты, әдемі жазатын оқушылар табиғатынан ұқыпты, таза, тәртіпті жақсы көретін болып келеді, бірақ бұл олардың өз бетінше шешім қабылдай алатындай тәуелсіз екенін білдірмейді. Сангвиниктерге жатқызуға болатын сабырлы, байсалды балалардың жазу каллиграфиясы ерекшеленбейді, қарапайым болып келеді. Ал егер баланың жазуы өте нашар болса, бұл оның өте белсенді, энергияға толы екенін, уайымшыл емес екенін  білдіреді. Онымен қоса, бұл оның нерв және жүйке жүйесінде мәселелері болуы мүмкін екенін байқатады, сондықтан да баланың назарын шоғырландыру қиын келеді.

БІРГЕ НЕМЕСЕ БӨЛЕК?

Біз сөздегі әр әріпті бір-бірінен бөлек жазып, оларды арнайы сызықтармен қосатын адамдарды байқаған боларсыздар. Егер бірінші сыныпта оқитын балаңыздын жазуынан осыны байқасаңыз, бұл оның интуициясы өте жақсы дамығанын көрсетеді. Ал егер жазу қарапайым және әрбір әріп келесі әріппен ретімен жалғанса, бұл баланың ойлану кезінде бірінші кезекте логикаға сүйенетінін байқатады.

ПЕССИМИСТ НЕМЕСЕ ОПТИМИСТ?

Егер балаға ешбір жазу жолы белгіленбеген таза парақ беріп, жазу барысында оның әріптері төменге қарай жазылса, бұл баланың алдымен барлық жаман нұсқаларды көретінін, ал позитивті жақтарын байқай қоймайтынан сыр шертеді. Балаңыздың жазуы жоғары өрлеп кете ме? Онда бұл оның оптимист екендігін және позитивті ойлар ойлайтынын аңғартса керек. Жолағы жоқ парақта түп-түзу жазатын оқушылар реалистер болып келеді, олар кез келген жағдайға шынайы баға береді. Шытырманды, тәуекелді және қулықты жақсы көретін адамдардың жазулары өзгеріп тұрады екен, жазу жолы да тұрақты болмайды.

ҚАҒАЗДА КӨП ОРЫН ҚАЛДЫРА МА?

Бала күнінен өте ұқыпты адамдар дәптердің ең шетінен бастап жазатынын аңғаруға болады. Олар ешбір жол, бос орын қалдырмай жазуға тырысады. Ал мінезі де, қолы да ашық адамдар парақтың ортасынан жазуы мүмкін, жазу жолында да көп орын қалдырады. Баланың жазуына қарап, оның мінезін, болмысын анықтау үшін қолайлы жағдай болған кезде бағалау керек. Баланың қарны тоқ, жақсы тыныққан және көңіл күйі жақсы кезде бақылаған жөн. Әйтпесе одан шыққан нәтиже шынайы болмауы мүмкін, себебі шаршап тұрған бала қаламды батырмай жазуы мүмкін және соның салдарынан жазуы да анық болмайды.