Балаларға вакцина салына ма?

Балаларға вакцина салына ма?
Сурет: 24.kz

Жыл басынан бері бір жасқа толмаған 1180 нәресте коронавирус жұқтырған.

Алматының бас санитары ел арасында желдей ескен «Балаларға екпе салынайын деп жатыр» деген қауесеттің нүктесін қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, елімізде коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.

«Балаларға вакцина салынады екен деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай аңыз ақпаратты таратуды доғару керек. Оның барлығы халықты алаңдату мақсатында жасалып жатыр деп ойлаймын. Елімізде 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина салу мәселесі қаралмаған», - деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Бас санитардың мәліметінше, жыл басынан бері бір жасқа толмаған 1180 нәресте коронавирус жұқтырған.

«Ал шілде айының екі аптасында 185 нәресте ауырған. Оларға ата-анасынан, яғни отбасында жұғып жатыр. Бір жасқа толмаған нәрестелер қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан оларды қорғау керек. Оның үстіне 18 жасқа толмаған балалар арасында да аурушаңдық өсіп барады. Былтыр 280 оқушы ауырса, биыл 5 мыңға жетті. Сондықтан қауіпсіздік шараларын ұстануымыз керек», - деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері.