Балалар колониясында да қоңырау үні сыңғырлады

Балалар колониясында да қоңырау үні сыңғырлады
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА- 155/6 мекемесінде де тағы бір оқу жылының аяқталғанын білдіретін соңғы қоңырау соғылды.

Салтанатты жиын еліміздің Әнұранымен басталды. Ортаға 11 сыныпты бітіруші түлектер сынып жетекшілерімен шықты.

Мекеме басшысы, әділет подполковнигі Толубаев Мирас Андреевич түзету мекемесі ішіндегі мектепті бітіріп жатқан жеткіншектерді мерекемен құттықтап, болашақта жақсы азамат болып шығатындықтарына сенім білдірді. Мектептің оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары Алмазова Людмила Васильевна мен Алиева Айзада Әбдімәдиқызы да лебізін жеткізді.

Биыл 11 сыныпты 11 оқушы, ал 9 сыныпты 1 оқушы бітірді. Үлгерімі жағынан 10 екпінді шықты. Балалар мақтау қағаздарымен марапатталды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқандары да ерекше аталып өтті.

Соңғы қоңырау үні оқушылардың өзі дайындаған концерттік бағдарламамен  жалғасты. Осы мерекеге ата-аналар комитетінің өкілдері де келіп, ұстаздарға алғысын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды.