Балаға мейірімді мәміле жасау керек

Балаға мейірімді мәміле жасау керек
almaty-akshamy.kz

Баланы өсіріп, жеткізу, азамат етіп қалыптастыру – ата-ананың парызы

Бүгінде бала тәрбиесіне қатысты педагогтардың ғы­лыми мақалалары да, психологтардың кеңесі де, ис­ламтанушы ғалымдардың зерттеулері де жетерлік. Сөйте тұра, қазіргі қоғамда бала тәрбиесі оңай шаруа болмай тұр. Таяуда мектептегі ата-аналар жиналысына келген бір әке: «Жетінші сыныпта оқитын балам достарымен бірге жұма намазына баруға рұқсат сұрады. Мен рұқсат етпедім. Оң-солын тани қоймаған, діннің не екенін түсін­бейтін баламның мешітке барғанын дұрыс деп есепте­меймін.

Теріс ағымдардың жетегінде кете ме деп қорқа­мын» дегенді айтып қалды. Бір қарағанда, бұл кісінің әрекетін түсінуге болады. Үлкен адамның өзі діннен аса хабары болмаса, баласына да ол туралы ақпаратты бере алмайтыны анық. Бірақ ата-аналардың арасында өзі шы­лым шегіп, ішімдік ішіп жүрсе де, баласына темекі шек­пе, ащы су ішпе деп ақыл айтып отыратындар да болады. Керісінше, кейбір ата-аналар балаларын кішкентайынан діни тәрбиеге баулып, ислам заңдылығына сай киінді­реді. Алайда, қазіргі заманда бұғанасы қата қоймаған баланы белгілі бір шеңберде тәрбиелеу мүмкін емес екеніне көз жеткізіп жүрміз.

Тәрбие негізі – имандылық

Қазіргі замандағы тағы бір үлкен мәселе, көбіміз жа­нымызда жүрген баланың телефоннан не көріп жүргенін, қандай ортамен араласатынын, мақсаты қандай екенін білмейміз, бірақ өзгенің баласының тәрбиесіне араласа­мыз. Кейбір аналар әкелердің бала тәрбиесіне аралас­пайтынын айтып, шағымданып жатады. Енді біреулер баласын жақсы көре тұра, оған мейірімін төге алмайды. Кейбір ата-ана баланы еркіне жібермей, арасында сабап алуға да болады деген пікірде. Әркімнің бала тәрбиесіне деген көзқарасы, қолданатын әдістері де әртүрлі. Бірақ кез келген ата-ана өз баласының өзінен асып ақылды, зерек, еңбекқор, бақытты болғанын қалайды. Сонда қайтпек керек? Тәрбиенің өзегі неде, кемел ұрпақты қа­лай тәрбиелейміз?

Алаш қайраткерлерінің бірі Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» еңбегінде «Жер жүзіндегі басқа жан ие­лерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағип, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтана­ды. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы − туғанда іңгәлаған айға­йы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам бала­сы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсет­пей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды» деп баланы тәрбиелеудің қиындығы мен жауапкершілігін баяндаған.

Ал исламда баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеудегі ата-ананың еңбегін түрлі хадистер арқылы жеткізеді. Пайғамбарымыз саллаллаһү алейһи уә сәлләмның мы­нандай сөздері бар: «Баласы жылау себебімен түнде ұйықтай алмаған әйелге жиырма құл азат еткен сауап беріледі. Ауырып қалған баласы себебімен ұйықтай ал­маған және баласын тыныштандыру үшін тырысқан әйелдің Алла Тағала күнәларын кешіреді де, он екі жыл­дық қабыл болынған құлшылық сауабын береді. Өз бала­сын емізген әйелге әр жұтым сүті үшін жеке-жеке сауап беріледі. Жүкті әйелге күндіздерінде ауыз бекіт­кен, түндерінде құлшылық жасаған сауабы беріледі. Жүкті әйел босанғаннан кейін оған жетпіс жылдық ораза және құлшылық сауабы жазылады. Көрген қиын­шылықтарына және әр тамырына келген шаншуына қажылық жасаған сауабы беріледі».

Сондай-ақ, пай­ғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ата-аналарға: «Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру − бір сағат көлемінде садақа бергеннен де жақсы», «Кімде-кім жылаған бала­ны жұбатса, Алла Тағала жәннатта оған қалағанынша сый-сияпат береді», – дейді.

Тәрбие – талбесіктен емес, құрсақтан басталады

Қазақы дәстүрімізде де, шариғат бойынша да ата-ана­ның балаларының алдындағы және балалардың ата-ана­лары алдындағы міндеттері бар. Баланың жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие алуына дінімізде ерекше маңыз берілген. Парасатты, ізгі тәрбиенің кемелдігі ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қа­сиеттерді бойға сіңіруінен бастау алады. Есейгенде қо­ғамға пайдалы болатын азаматтың болашағы балалық шағына байланысты. Сондықтан бала тәрбиесін тал­бесіктен емес, құрсақтан бастаған абзал дейді мамандар.

Психолог мамандардың айтуынша, балалардың үш тәрбиешісі бар: әкесі, анасы және ата-анасының арасын­дағы қарым-қатынас. Осының ішінде үшінші тәр­биешінің маңызы зор. Жұбайлардың арасындағы қарым- қатынас дұрыс болмаса, баланы жақсы тәрбиелеймін деу бекер екен. Яғни тәрбиенің негізі – ислам болса, ұясы – отбасы.

Біз оқырман назарына ислам діні, педагогика, психо­логия ғылымдары өкілдерінің бала тәрбиесіне қатысты таңдаулы кеңестерін ұсынуды жөн көрдік.

 Тақырыпқа орай

Елжас ЕРТАЙҰЛЫ, балалар психологі:

Өзіңіз кітап оқымайтын жан болсаңыз, балам кітап оқымайды деп ренжімеңіз

Баланы жан-тәніңмен тыңдап, күнделікті қал-жағдайын біліп тұрудың өзі ата-анаға берілген жауапкершілік. Өз перзентіңді жақсы көру, оған жақсылық тілеу балаға деген құрметтен басталады. Осы орайда өзімнің бала­ларға қатысты ата-анаға қажет 16 ережемді ұсынамын.

  • Баланы ернінен сүймеңіз.
  • Қоғамдық көлікте балаға «мына апайдың алдына отыр», «мына ағайдың жанына отыр» деу арқылы бейтаныс адамдармен байланысын күшейтпеңіз.
  • Баланы басқа адаммен, тіпті туысыңыз болса да, дәретханаға жібермеңіз.
  • Балаңыз өзін сүйгізгісі келмесе, оған ашуланбаңыз.
  • Балаңызға өзінің қалауынан тыс оның денесіне ешкім тиісе алмайтынын үйретіңіз.
  • Бағдаршамда қызыл жанып тұрғанда жол бос болса да, онымен бірге жолдан өтпеңіз.
  • Балаңыздың көзінше коланы сіміріп ішіп, «балам, кола өте зиян» демеңіз.
  • Өзіңіз кітап оқымайтын жан болсаңыз, балам кітап оқымайды деп ренжімеңіз.
  • Балаңызға «Сен істей алмайсың» деп сағын сындырмаңыз, қайта жігерлендіріңіз.
  • Балаға тыйым сала бермей, оған зиянын түсінікті тілмен түсіндіріңіз.
  • Балаңызбен сөйлескенде көзіне қараңыз.
  • Баланы жиі құшақтаңыз. Өзіне қажетті жылуды сізден ала алмаған бала сырттан іздейді.
  • Балаңыздың намысына тимеңіз, кінәлай бермеңіз және ешкіммен салыстырмаңыз.
  • Балаңа бірдеңе үйретерде қорқыту арқылы емес, түсіндіру арқылы үйретіңіз.
  • Баланың сұрағына қысқа әрі нұсқа жауап беріңіз.

Анар ҚАСЫМОВА, ҚМБД ұстазы, балалар психологі:

Баланың жанына жара салмайық

Бала – шексіз бір әлем. Оларға қарап өзіміз сабақ аламыз. Бабаларымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз құдіретіне ерекше мән берген. Сондықтан баланы жақсы сөзбен тәрбиелеудің маңызы зор. Әлемдегі ең қорғансыз жан – бала. Біз баламыз үшін барымызды, жанымызды беруге дайынбыз дейміз, бірақ кейде баланың жанына өзіміз жара салып аламыз. Сондықтан ата-аналар ашуды сабырға жеңдіріп, балаға ауыр сөздер айтпауды, оның бойында психологиялық комплекстер қалыптастырмауды үйренсе екен деймін. Балаға қол жұмсау, шамадан тыс жазалау, өзге баламен салыстыру, үнемі оған көңіл толмаудың соңы жақсылыққа апармайды.