Бала - біздің басты байлығымыз!

Бала - біздің басты байлығымыз!
Сурет: Qazaqtimes.com

Биыл -Балалар жылы.

Осыған орай елімізде балалардың бақытты болашағы үшін көптеген іс-шаралар қолға  алынып, олардың денсаулығы мен өмірін жақсартуға айрықша мән  берілуде. Ал дені сау бала тек бір әулеттің ғана емес, қоғамның да басты байлығы екені айтпаса да түсінікті. Міне, осыған орай Алматы қалалық №29 емхананың педиатриялық бөлімі 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала– біздің басты байлығымыз!» деген үндеумен балаларға арналған Ашық есік күнін ұйымдастыруда.

"Ашық есік күні аясында жаңа туылған нәрестеден бастап 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер толық дәрігерлік тексеруден өткізіліп, қандай да бір сырқаты анықталғандары диспансерлік есепке алынады. Ал  емдеу-сауықтыру қажеттілігі туындаған балаларға қаламыздағы   мамандандырылған ауруханалар мен шипажайларға жолдама беріледі", - дейді емхананың бас дәрігері  Ақмира Садықова.

Қазіргі таңда бұл емханада 52 мыңнан астам қала тұрғындары есепте тұрса, оның 23 мың 200-ден астамы бала. Он төрт жасқа дейінгі балалар саны 21 мыңды құрайды. Есепте тұрған әр бала тиісті маман дәрігерлердің бақылауында. Осы ретте №29 емхана қаламыздағы педиатрлық бөлімді сақтап отырған бірден-бір алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін ұжым екенін атап кеткен жөн. Бүгінде  емханада 5 педиатрлық учаске жұмыс істейді.