«Бақытты отбасынан» жалғызбасты аналар неге шығып қалды?

«Бақытты отбасынан» жалғызбасты аналар неге шығып қалды?
Сурет: 24.kz

Себебі, ажырасқандар саны көбейіп кеткен.

«Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол айтты.

Талдау нәтижесін ескеріп, отбасы институтын сақтау және ынталандыру үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталды. Сондай-ақ басым санаттар бойынша бірыңғай тәсіл қағидаты ескеріліп, жетім балалар, 1-2 топтағы мүгедектер енгізілді. Жүргізілген мониторинг «Бақытты отбасы» іске қосылған сәттен бастап, әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекке тұрғандар саны 61,6 мың адамға (72%) артқанын көрсетті. Бұл басқа үй кезегінде тұрғандар үшін тең емес жағдай тудырды, - деді Бауыржан Қабдол.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша өтініштердің 50%-дан астамы толық емес отбасылардан келіп түскен. Оның 35%-ы жеңілдетілген қарыз алған.

Сондай-ақ комитет төрағасы 2019 жылы «Бақытты отбасы» іске қосылғаннан кейін елде ажырасу көрсеткіші күрт көбейгенін атап өтті.