Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қарала бастады

Бақытгүл Хаменованың апелляциялық шағымы қарала бастады
Сурет: Zakon.kz

Атырау облыстық сотында өңір әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бүгін, 20 ақпанда Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты апелляциялық шағымды қарау басталды. Аппеляциялық шағым облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралуда», - деп мәлім облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы былтырғы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрды.

Былтырғы 15 қарашада үкім шығып, ол 7 жылға сотталды. Сот облыс әкімінің бұрынғы орынбасарын ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп таныды.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салу, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», - делінген болатын сот үкімінде.

Сонымен қатар Б.Хаменова «Құрмет» орденінен айырылды. Ол сот залынан босатылды.

Кейін экс-шенеунік сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірген.

«Атырау қаласының №2 сотына Б.Хаменовадан, оның адвокаты И.Вранчевтан, У.Адамов пен оның адвокаты К.Адамовадан және А.Рысқалиевтың адвокаты Н.Жолболовтан апелляциялық шағымдар түскенін хабарлаймыз», - деп хабарлаған еді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен.