Бақытты болу үшін сәулелі бір сәт те жетеді

Бақытты болу үшін сәулелі бір сәт те жетеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бала – үлкен бақыт!

Бүгін үйдемін. Кішкене ауырыңқырап қалдым.

«Алтын асығым» мен «Күміс қасығым» күнде өздері оянып, шәй қойып ішпесе де үстелдегі барды жеп, сабақтарына кете береді.

Бүгін оянса, екінші бөлмеде мен жүр екенмін. Қуанып кетті. Әсіресе, «Күміс қасығым».

Ағасына да еркелей кетіп, «Алтын асығымды» қайта-қайта құшақтай береді. Бір-біріне «қайырлы таң» деді. Ана ретінде бұл сәтті көргеніме мен де қуандым.

Әйтпесе, күнде балалар ұйықтап жатқанда тұрып кете береміз. Әкесі екеуміз кешке бір-ақ ораламыз.

Үшеуміз шәй іштік. «Күміс қасығым» жеп отырған әріп-печеньелерімен «АНА» деп жазды, қуанып отырғаны.

– Әкеңді де жазып қойсаңшы, балам, – дедім.

– Печеньелерде «ә» әрпі жоқ екен. «Папа» деп жаза берейін бе онда?, – деді сосын.

– Онда сен әкеңе телефон соғып қойғын қазір, қайырлы таң айтып, – дедім.

Арсалаңдап жүгіріп кетті.

– Бүгін үйде мама бар, жұмысқа бармапты, – деп жатты сосын телефоннан.

Бақытты болу үшін осындай сәулелі бір сәт те жетіп жатыр.

Бала – үлкен бақыт!