«БАЙ ҚАЛА КЕДЕЙ АДАМ КӨЛІКТЕ ЖҮРЕТІН ҚАЛА ЕМЕС, БАЙ ҚАЛА БАЙ АДАМ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ЖҮРЕТІН ҚАЛА»
Есептік баяндамадан соң Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Үш сағатқа созылған есептік кездесуде сұрақ-жауапқа да арнайы уақыт бөлінген еді. Залдағы төрт жерге қойылған микрофон алдына жұрт көп жиналды. Жазбаша сұрақ қоюға мүмкіндік жасалып, арнайы қағаздар да таратылды. Бір жарым сағат ішінде отызға жуық адам залдан ауызша сұрақ қойып үлгеріп, әрқайсысы терең әрі нақты жауап алды. Өйткені, шаһар басшысы керек жерінде жауапты басшыларды да тұрғызып, мәселенің шешімін нақты сұрап, сол жерде нүктесін қоюға тырысты. Сұрақ-жауап түріндегі ашық әңгімелесу қызықты да тартымды өтті.
ТҮРКСІБТЕ ЕКІ САЯЖАЙ ЖӨНДЕЛЕДІ
Нұрлан ӨМІРҚҰЛОВ, Алатау ауданының тұрғыны:
– Алатау ауданының «Көкқайнар» ықшамауданында көптеген үйлер салынып, халқы күн санап өсуде. Соған байланысты көлік қатынасы біраз қиындық тудыруда. Соншама халыққа баяғыдан келе жатқан №25 автобус қана берілген. Ертелі-кеш жүргенде оның өзіне сыймаймыз, басқа аудандарға да барғымыз келеді. Оған да көлік қатынасы жоқ. Осыған байланысты бір автобус берсеңіздер екен бізге, әкім мырза!
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Сұрағыңызды түсіндім. Жаңа маршруттарды қосып жатырмыз. Алатау ауданында қосымша бюджеттен газбен жүретін автобустарға үлкен автопарк салып жатырмыз. Сұрақтың жауабы толық болу үшін Алматы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық ТЕЛІБАЕВҚА сөз берді.
– «Көкқайнарда» қазіргі кезде №25 автобус жүреді. Бірінші тоқсанда біз маршруттарды ыңғайластыру концепциясын жасап жатырмыз. Сол концепция есебінен биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында «Көкқайнар» шағынауданынан бірінші автовокзалға және аэропортқа қатынайтын жаңа маршрут ашылады.
Әмина ЮСУПОВА, Түрксіб ауданының тұрғыны:
– Түрксіб ауданының тұрғындары атынан сұрақ қоюға шығып тұрмын. Сейфуллин даңғылының бойында Шұғыла атты қараусыз қалған саябақ бар. Түнде тас қараңғы. Осы саябақта қыдырып, демалып жүретіндей жағдай жасала ма? Өйткені, оның маңайында тұрғын өте көп.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Шұғыла саябағы жайлы айтып өттім емес пе?! Өткен жылы мен ол саябақты көргем, өкінішке қарай конкурс дұрыс өтпеген екен. Біз биыл онда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сіздерде жақсы саябақ болады. Тіпті, Түрксіб ауданы бойынша екі саябақ биыл жөндеуден өтеді.
Людмила НИКОЛАЕВНА, Жетісу ауданындағы Скрябина көшесінің тұрғыны:
– Біздің үйлер өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған. Қазір олардың қандай жағдайда екенін білсеңіз ғой. Үйлер сыртынан бүлінуде. Ал пәтерлердің жағдайы мүлде адам шошырлық. Кезінде жөндеу жұмыстарына қаншама ақша салдық, нәтиже жоқ. Шынымды айтайын, түнде немеремді ұйықтатып жатып, қабырға құлап кетпесінші деп таң атқанша иманымды үйіріп шығамын. Биыл біздің үйлер сүріле ме? Жаңа пәтерлер қайдан беріледі?
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Сіздердің мәселеңіз маған жақсы таныс. Қала бойынша 1000 шақты ескі үй бар. Өткен жылы сол үйлерді өз көзіммен көріп қайтқанмын. Мәселе – бір үйдегі он бес адам көшуге келісім берсе, бір адам келіспейді. Жыл бойы сол адамды райынан қайтара алар емеспіз. Отырған орындарынан қозғалғысы жоқ. Тұрғындардың бәрі бірауыздан көшуге келісім берсе, жаңа үйден кім неше бөлмелі пәтерде отырды, дәл солай үйлер беріледі. Бұл жөнінде үлкен бағдарлама да жасалған. Менің білуімше, 52 үй сүріледі. Осы сұрақ бойынша тұрғындарға ашық ақпарат берілуі керек. Қашан, қандай үйді кім тұрғызайын деп жатыр деген ақпарат нақты, түсінікті жеткізілуі тиіс. Осы сұрақ бойынша нақты жауапты «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма басшысы Алмас МӘДИЕВ береді.
– Бұл сұрақ бойынша біздің еншілес фирма жұмыс жасауда. Бұл көшенің бойында 16 үй бар. 3 үйді көшірдік, биыл 5 үйді көшірмекшіміз. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Алғашқы екі үйдің құрылысы биыл шілдеде басталады. Осы жылдың соңына дейін осы жұмыстарды жүргіземіз. Тұтастай алғанда, онда 1700 пәтер салынады. 2020 жылы құрылысын бітіру жоспарланған. Әкім мырза айтып өткендей, тұрғындар неғұрлым бірауыздан келісім берер болса, біз соғұрлым жылдам жұмыста бастаймыз.
СВЕТЛАНА, Әуезов ауданының тұрғыны:
– Мен мүгедек баламды асырап келемін. Үнемі ем-дом жасау, түрлі дәрігерлерге қаралу қаншалықты қиын екенін білетін шығарсыз. Биыл балам бірінші сыныпқа барады. Бірақ мен баламды мектеп-интернатқа бергім келмейді. Ол балама үлкен стресс болатынын білем. Инклюзивті білім беретін мектептер бар, бірақ ол жаққа бару қиын әрі алыс. Егер 12 шағынауданға инклюзивті білім беретін мектеп ашсаңыз, біз үшін үлкен жеңілдік болар еді.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Біз осындай ерекше балаларды күтіп-бағып жүрген аналарға шынымен алғыс білдіріп, басымызды иеміз. Елбасының «Кедергісіз болашақ» атты бағдарламасы да дәл осындай ерекше балаларға жағдай жасауды көздейді. Егер бала әдеттегі балалардың ортасына түсер болса, оның оңалуы тез жүреді. Біз сізді ата-ана ретінде жақсы түсінеміз. Қаладағы инклюзивті білім беретін мектептердің картасы жасалуы керек. Қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ХОЖАБЕРГЕНОВА нақты жауап береді.
– Әуезов ауданы бойынша 32 мектептің жиырма үшінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Қалған тоғыз мектепке алдағы жаңа оқу жылында жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. 12 шағынаудан бойынша №9 жалпы білім беретін мектеп бар, осы мектеп базасында келесі жылы инклюзивті білім беру ісін қолға аламыз.
«КОЛХОЗШЫДА» 600 ОРЫНДЫ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ
Ақмарал АХМЕТОВА, Түрксіб ауданының тұрғыны:
– Бүгінгі кездесуге «Колхозшы» ықшамауданынан арнайы келіп тұрмын. Екі балам бар. Ауылымызда әлі күнге мектеп жоқ. Балаларымызды басқа аудандарға тасып оқытып жүрміз. Балаларымызды күнделікті ары-бері тасып, уақытымыз ғана емес, қаржымыз да кетуде. Өзіміз де шаршадық.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ, қала әкімінің орынбасары:
– «Колхозшы» ықшамауданы бойынша өткен жылы тұрғындардың хаты келіп түскен болатын. Жобалық-сметалық құжаттар жасалып, қазір онда құрылыс жұмыстары басталып кетті. 600 орынды болатын мектептің құрылысын тамыз айында толықтай өткіземіз.
Николай ПОЛЯНСКИЙ, Әуезов ауданының тұрғыны:
– Өзім спортшымын, шаңғыны сондай жақсы көремін. Отбасымызбен Шымбұлаққа жиі барамыз. Бірақ соңғы кездері онда демалатын халық көп. Баламызды басып кете ме деп алаңдайтын болдық. Ал Науаи көшесінің жоғары жағында қаңырап бос тұрған ЦСКА тау шаңғысы базасын неге қолданбаймыз?
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Жақсы сұрақ. Бүгін осы залда «Көкжайлауды қорғаймыз» ұйымының белсенділері отырғанын білем. Солардың талап етуінің арқасында көптеген жұмыстар атқарылды. Жобаны бастан-аяқ қайта қарап шығып, отбасылық шаңғы курорты емес, жыл бойы жұмыс істейтін курорт болатын болды. Біздің міндетіміз – Бутаковка, ЦСКА және Көкжайлауда тұрғындардың еркін демалуына жағдай жасауымыз керек. Бізде курорт деген баршылық. Бұл сұрақтарды қоғаммен келісе отырып шешуіміз қажет.
ЖОЛДАҒЫ КІСІ ӨЛІМІНІҢ ДЕҢГЕЙІН НӨЛГЕ ЖЕТКІЗУІМІЗ КЕРЕК
ЕВГЕНИЯ, Алатау ауданы, «Құрылысшы» шағынауданы, Ботақара көшесінің тұрғыны:
– Біздің көшенің тұрғындарының басында ортақ бір проблемамыз бар. Ауызсу жетпейді, нақтысын айтқанда мүлде су жоқ. Суды флягпен тасып ішеміз, оның өзін кейбіреулердің қайдан әкеліп жүргені белгісіз. Адам сияқты таза су қашан келер екен? Жиырма жылдан бері су көрмей келеміз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Алатау ауданының қалаға қосылғанына он жыл болды. Осы уақыт ішінде 400 млрд. теңге қаржы құйылды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жетіп-артылады. Осы сұрақ бойынша нақты жауапты менің орынбасарым Марат СЕМБЕКОВ береді.
– Бұл мәселелерді біз білеміз. Қаладағы Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының кей елді-мекендерінде орталықтандырылған су құбыры жоқ. Бұл мәселені кезең-кезеңмен шешудеміз. Ақша бөлінді, жұмыс көктемде басталады, жылыту маусымы басталғанша сіздің ауданға су береміз, – деді қала әкімінің орынбасары М.Сембеков.
Дегенмен, шаһар басшысы бұл мәселені жүйелі түрде шешуді тапсырды, өйткені, ауызсу күтіп отырған тек «Құрылысшы» шағынауданы ғана емес.
– Қай жақта адам көп шоғырланған әрі ауызсуға зәру, сол аумаққа тезірек су жеткізу қажет. Барлығыңызға бірден ақша тауып бере алмаймыз. Біртіндеп, мүмкіндігімізге қарай сусыз отырған ауылдардың бәрін қамтимыз. Су – алдыңғы қатардағы мәселе, – деді мегаполис басшысы.
ДМИТРИЙ, Наурызбай ауданының тұрғыны:
– Шамамен бір ай бұрын әл-Фараби даңғылындағы жүру жылдамдық азайтылған болатын. Шыны керек, мұндай шешімді көп жүргізушілер түсінбей далмыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Сіз жоғары жылдамдықпен жүретін адамға ұқсамайсыз, – деп залды ду күлдірген әкім неліктен жылдамдықтың сағатына 60 шақырымға түсірілгенін байыпты түрде түсіндіріп өтті.
– Күн сайын біреудің отбасы, ата-анасы не балалары жол-көлік апатынан қайтыс болады. Біз мұндайға бұдан былай жол бермеуіміз керек. Екі жыл бұрын екі көшені біржақты қозғалысқа ауыстырғанбыз. Ол өз нәтижесін көрсетті. Құрманғазы көшесі бойындағы жол-көлік оқиғасы 41 пайызға азайса, Шевченко көшесінде ол 4 пайызға қысқарған. Өткен жылы 8 көшені біржақты қозғалысқа көшірдік. Қарап отырсаңыздар, біз бұған кезең-кезеңмен келдік. Әл-Фараби даңғылы да бұл өзгерістен тыс қала алмайды. Ол жүрдек трасса емес, ол қала ішіндегі жол. Жолдың бойындағы үйлерде әрі-бері жүретін адамдар бар. Осы даңғылдағы жылдамдықты сағатына 60 шақырымға түсірген едік, ондағы жол-көлік апаты 2,7 есеге азайған. Осындай нақты нәтижелер біздің таңдауымыздың дұрыстығын дәлелдеуде. Бұрын бәзбіреулер құстай ұшып, тіпті, жарыс ұйымдастыратын. Анализ жасаған кезде, олардың 2-3 минут қана үнемдейтінін білдік. Қазір адамдар бірқалыпты жылдамдықпен, тәртіпке бағынатын болды. Бұл кімдерге ыңғайсыз? Кешке және демалыс күндері бар жылдамдықпен жүретіндерге, әрине. Егер жоғары жылдамдықпен жүргілеріңіз келсе, Қапшағай және басқа да трассалар бар. Біз үшін әрбір адамның өмірі маңызды. Жолда қайтыс болатын адамдардың артында жақындары мен туыстары, балалары тұр. Жылдамдықты түсірудегі басты мақсат – кісі өлімінің деңгейін нөлге жеткізу, – деді қала басшысы.
ЖҰМЫСТЫҢ САПАСЫН ТАЛАП ЕТЕМІЗ
Алатау ауданының тұрғыны:
– ТЭЦ-2 төңірегінде тұрамын. Біз жақта ауа өте лас. Қыста тыныс алу мүлде мүмкін емес. Бүгінгі баяндамаңызда ТЭЦ-2 туралы айтып өттіңіз. Қалада жыл сайын көліктер көбейіп келеді. Қала тұрғындары таза ауамен тыныс алу үшін тиісті іс-шаралар қашан қолға алынады?
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Барлық адамдар сияқты мен де осы ауамен тыныс аламын. Алматы қаласының тұрғыны ретінде таза ауа мәселесіне мен де уайымдаймын. Егер қаладағы ауа бассейнінің 70 пайызын көліктер ластайтын болса, соған сәйкес тиісті он шараның жетеуі осы өзекті мәселені шешуге бағытталады. 30 жолайрығын жасадық. Қалада көліктер азайды ма? Жоқ, көбейді. Себебі, неғұрлым автокөліктердің жағдайын жасаған сайын, соғұрлым адамдар көлікті көбірек сатып алатын болды. Енді біз адамдарға жағдай жасаймыз. Бай қала кедей адам көлікте жүретін қала емес, бай қала бай адам қоғамдық көлікте жүретін қала. Біз қала тұрғындарының қоғамдық көлікке көшуін көздейміз. Ол үшін автобустар уақытында жүруі керек. Автобустар таза, қауіпсіз, ыңғайлы болуы тиіс. Еуропалық көліктер жүргенін қалаймыз. Ел еуропалық автобустарға көшеді. Біз бұл мәселені шешіп жатырмыз. «Көліктерге емес, адамдарға арналған қала» дегенде, қала аумағының барлығын айтып отырған жоқпыз. Біз қала орталығын ғана айтып отырмыз. Ал шаһарға жақын орналасқан аймақтардан қалаға көліктермен келуге болады. Олар көлігін қалдырып, көздеген жеріне кейде велосипедпен, метромен немесе жаяу жүріп жетуіне болады. Кейде көлікпен емес, жаяу жүріп тезірек жетуге болады. Бұл мәселемен әлі айналысатын боламыз. Ертең барлығын жасайтындай, біз сиқыршы емеспіз. Көпшіліктің ойымен санасып, қолымыздан келгенше жұмыс жасаймыз. Қазір бізді көп адам қолдап, түсіністік танытады. Жақында бір белгілі блогер Амстердамға барыпты. Ол Амстердам жолдарының барлығына БРТ желісі жүргізілгеніне анық көз жеткізіпті. Ол жақта автотұрақтың 1 сағаттық құны 5 еуро тұратын көрінеді. Біз қаладағы бір ғана көшеге БРТ желісін жүргізген едік, қаншама сөз болды. Шет елдегі барлық игі істерді атқарған адамдар ақымақ емес қой. Сондықтан да олар жақсы өмір сүреді. Біз өзіміздің ерекшеліктерімізді ескеріп, шет елдердегідей жасайтын боламыз. Адамдарға үйрену үшін уақыт керек. Біз қаладағы қоғамдық көлік мәселесін дамытатын боламыз.
АЙГҮЛ, Алатау ауданының тұрғыны:
– Жол зардабын шеккенімізге бірнеше жыл болды. Бізге жол мәселесін шешіп берсеңіз. Біз әкімдікке де бардық. Ол мәселе туралы жазатын жерлердің бәріне жаздық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Жауын-шашын болған кезде біздің жолдарда жүру мүлде мүмкін емес. Есбаев, Қарсақбаев көшелерінде қашан жол салынады? Қашан жол болады?
Сағындық ТЕЛІБАЕВ, қалалық Мобилділік басқармасының басшысы:
– Алатау ауданы, «Ақбұлақ» шағынауданынан көптеген шағымдар келіп түскен. 2018 жылы инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін басқармамен жол салу үшін дайындық жұмыстары басталған болатын. Биыл «Ақбұлақ» шағынауданында ұзындығы 11,7 шақырымды құрайтын көшеге жаңа жолдар салынады. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы салынып, сыртқы жарықтандыру жүйесі мен арық жүйесі қолға алынады. Бұл жұмыстарды биылғы жылдың тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Құрметті Алатау ауданының тұрғындары! Атқарылатын жұмыс көп. 430 млрд. теңге бөлеміз. Тұратын пәтерімізде жөндеу жұмыстарын жасағанда шаң, шу мазалайтын болады, ыңғайсыздық туындайды ғой. Бірақ кішкене күтуге тура келеді. Кейде көшелерге жолды неге салмай жатамыз? Мұның себебі, желілерге қаржы-қаражаттың жоқтығына байланысты болады. Қазір жолды салсақ, бір жылдан кейін қайтадан қазып, желілер салсақ, «Не болып жатыр? Не сұмдық?» деп ренжисіздер. Сондықтан кейбір кезде қаражат мәселесіне қатысты күтеміз, жолды салмаймыз. Сондықтан алдымен желілерді жасау керек. Астында су құбыры бар, оларды да тексеріп, үстінен жолды дұрыстап жасау керек. Жасаған соң, жұмысты сапалы жасау керек. Біз соны талап етеміз. Сіздің бұл мәселеңіз шешімін табады. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай басқа іс-шараларды біртіндеп-біртіндеп қолға аламыз.
ИРИНА, Медеу ауданының тұрғыны:
– Бұзырбаев көшесінде тұрамын. Біздің үй 1985 жылы салынған. Үнемі лифт бұзылып қала береді. Біздің үйде тұратын жасы үлкен қарияларға бұл үлкен проблема. Ал жас аналар қолдарына балаларын, олардың коляскасын ұстап, жоғары қабаттарға көтерілуге мәжбүр болады. Лифттің жиі бұзылатынын ПИК біле тұра, ешқандай шара қолданбайды. Біз коммуналдық қызметке, лифт қызметіне өз уақытында ақша төлеп тұрамыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Бұл ПИК-ке қатысты мәселе. Құрметті қала тұрғындары! Егер әр адам мәселенің мәнісін өздерінің ПИК-терінен сұрамаса, мен әрбір ПИК-ке бара алмаймын ғой. Адамдар өздері де бақылауы қажет.
Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ, Медеу ауданының әкімі:
– Бұл тұрғын үйдің тұрғындарын мазалаған мәселеден хабардармыз. Биыл үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша 50 үйге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Соның ішінде сіздердің де үйлеріңізді тізімге енгіздік. 3 кіреберісті, 6 қабатты ескі үйдегі 3 лифтті жаңа лифтілерге ауыстырамыз. Кейіннен төбелері мен кіреберістерін жөндеуге кірісеміз. Тұрғындар хаттама толтырды. Биыл жөндеу жұмыстарын бастаймыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Негізі, мұндай жағдайда аудан әкімі жөндеу жұмыстарымен айналысатын компанияның тұрғындардан артық ақша алмағанын бақылағаны абзал. Жөндеу жұмыстарының сапалы жасалғанын қадағалау қажет.
АЛМАТЫДА 40 ЖАТАҚХАНА САЛЫНАДЫ
Салтанат МҰСАЕВА, көпбалалы ана:
– Бес баланың анасымын. Қазір балам бір жасқа толғандықтан, жұмыс істемей үйде отырмын. Жолдасым күзетші болып жұмыс істейді. Алатын айлығы 50 мың теңге. Көпбалалы ана ретінде 10 500 теңге жәрдемақы аламын. Мен бұл ақшаға бала-шағама киім аламын ба, әлде тамақтандырамын ба? Бұл менің ғана жанайқайым емес, бұл еліміздегі әрбір көпбалалы ананың жанайқайы. Құрметті қала әкімі, бізге берілетін жәрдемақының көбеюіне көмектесіңізші. Жоғары жаққа біздің жанайқайымызды жеткізіңізші. Көпбалалы аналардың атынан үлкен өтініш.
Ерболат ДОСАЕВ, Премьер-Министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:
– Үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылғандықтан, біз қазір жұмыс жүргізіп жатырмыз. 1 наурызға дейін жұмысымызды бітіріп, үкіметке ойларыңызды жеткіземіз. Еліміздегі көпбалалы аналардың мәселелерін, баспана, жәрдемақы мәселелерін топтастырып жатырмыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– 10 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде жартысы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар болып табылады. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, жәрдем алмаған отбасыларға заң шеңберінде көмектесеміз.
ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА СЕПТІГІ МОЛ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті:
– Осы кездесуді пайдаланып, студенттердің проблемасын айтып, әрі толығырақ мәлімет алуға келдім. Өзіңіз білетіндей, жалпы жатақханаларда орын аз. Ал үлкен қалаға үйренбеген біздерге – ауыл аймақтардан келген студенттерге бұл қиын жағдай болып тұр. Пәтердің бағасы біздерге өте қымбатқа түседі. Осы мәселенің шешімі жақын арада табыла ма? Осы жағдайға байланысты студенттерге көмек көрсетсеңіз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Арнайы біздің қаламыз үшін Универсиададан кейін Елбасының жеке тапсырмасы болған. Жастардың жол картасын жасадық. Жүйелі түрде бес бағыт бойынша жұмыстар атқара бастадық. Сол кезде ректорлармен бірлесе отырып, жатақханалардың сапасын арттыруға жұмыс істедік. Өзіңіз айтқандай, арманын арқалаған жастардың көбі Алматы қаласына оқып, білім алуға басқа өңірлерден келеді. Оқу бітіргеннен кейін олардың 70 пайызы Алматыда қалады. Еліміз бойынша әрбір үшінші студент Алматы қаласында оқиды. Қазіргі таңда 4 жатақхана салынды.
Арман ҚЫРЫҚБАЕВ, қала әкімінің орынбасары:
– Елбасының тапсырмасымен 15 жер телімі әкімдік тарапынан барлық жоғары оқу орнына берілді. Қазір жоғары оқу орындары жатақхана құрылысын салу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жөнінде айтсақ, 1600-ден астам орынды жатақхананың жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Қазіргі таңда сараптамадан өтіп жатыр. Сараптамадан өткеннен кейін, жоғары оқу орны жатақхананың құрылысына кіріседі. Негізі, қалада жатақханаға зәру студенттердің саны 30 мыңға жетеді. Елбасының тапсырмасымен, 2020 жылды қоса алғанда, Алматы қаласында 40 жатақхана салынады деген жоспарымыз бар. Өзіңіз айтып өткендей, былтырғы жылы 4 жатақхана салынды, биылғы жылы 5 жатақхананың құрылысы басталады. Жатақхана құрылысы келешекте де жалғаса беретін болады.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Бізде коворкинг орталықтары бар ғой, жастарға көбірек түсіндіру қажет. Қашан, кімге, қандай жатақханалар салынады? Сосын берілетін жатақханаларды ашық түрде бөлу керек. Кейбір кезде басқа біреулерге беріліп жататын жағдайлар да кездесуі мүмкін. Біз қала тарапынан осыны тексеріп жатырмыз.
Наурызбай ауданы, «Қалқаман» ықшамауданының тұрғыны:
– Осыдан 2 жыл бұрын аудан әкімдігінің ғимараты ашылды. Міне, содан бері Абай даңғылының қалған бөлігі ұзартылады деп естідік. Сонда біздің жерімізді, үйімізді алатын болғаны ма? Осы сұрақтың жауабын білгіміз келген еді.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Жалпы, біз осындай жолдарды ашып, ұзартып жатырмыз. Үлкен Алматы айналма жолы бар. Ол нақты жұмыс істеу үшін оған басқа жолдарды тарту керек. Оны қаламен қосу керек. Әйтпесе, айналма жол жасап, қосатын жол болмаса, онда оған тұрғындар қалай барады?
Алтынбек АХМЕТОВ, Жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Көлік инфрақұрылымының даму бағдарламасы бойынша Абай даңғылы Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартылатын болады. Ол жерде сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 281 жер учаскесі мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алынатын болады. Қазіргі таңда 40 учаске сатып алуға қаражат бөлінді. Ол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сіздің жеріңіз нақты осы мұқтаждық үшін сатылатындығы әлде сатылмайтындығы жөнінде мекен-жайыңызды біліп, анықтап береміз.
Наурызбай ауданының тұрғыны:
– Қазір менің балам екі жастан асты, балабақшаға тоқсаныншы болып кезекке қойған едім. Қалай болғаны белгісіз, 903-орынға түстім. Кезегім алға қарай жылжудың орнына, кері қарай жылжып бара жатыр. Қазіргі уақытта баламды балабақшаға беріп, күнкөріс үшін жұмысқа шығуым керек. Мен осы сұрағымның жауабын аудандық білім бөлімінен толық ала алмадым. Ендігі бар үмітім сізде, осы сұрағыма жауап берсеңіз деймін.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Бұл мәселені бірінші естігенде «бұл қалай болып қалды екен» деп өзім де біраз таңғалып қалдым. Бізде электрондық жүйе. Бәрін шешетін автомат. Бұрын сіз тек қана өзіңіз тұратын ауданда кезекке тұратын едіңіз. Ал қазір біз бір жүйе жасадық. Сіз балаңызды кез-келген балабақшаға бере аласыз. Адамдар тезірек балабақшадағы орынға ие болуға мүмкіндік алды. Бұрын ауданындағы бір балабақшадағы орынды көп күтетін. Қазір қала бойынша бірыңғай жүйеге келтірілген. Электронды түрде барлық ақпарат бірден көрінеді. Бәрі кезегімен, рет-ретімен заң бойынша келеді. Бізде электрондық жүйе, ештеңе жасай алмаймыз. Өзімен-өзі автоматты түрде жүргізілетін электрондық жүйе арқылы заңды түрде сыбайлас жемқорлықты жоямыз. «Цифрлы Қазақстан» деген – осы.
Гүлнәр ХОЖАБЕРГЕНОВА, қалалық Білім басқармасының басшысы:
– Екі жасар балаларды біз биыл мамыр айынан бастап қабылдауды бастаймыз. Жалпы, 2500 баланы қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Егер бүгінгі таңда сіздің кезегіңіз 903-ші болса, балаңыздың балабақшаға баруға мүмкіндігі бар. Қазір бізде қала бойынша бірыңғай кезекте тұрады. Ата-ана өзі балабақшаны таңдап, өзі электрондық цифрлы қолтаңба арқылы жолдаманы шығарып алуына болады. Егер мүмкіндігі болса, кез-келген мемлекеттік балабақшаға барып, соны көрсетуіне болады. Біз мамыр айының екінші жартысында жолдама беруді бастаймыз.
БИЫЛ ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА ДА АШЫЛАДЫ
Валентина ИВАНОВНА, зейнеткер, Әуезов ауданының тұрғыны:
– Зейнеткерлерге көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Өткен жылы Алматыда зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Дәл осындай орталық Әуезов ауданында қашан ашылар екен? Рахмет.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Мұндай орталықтардың барлық ауданда болғаны дұрыс. Алдағы уақытта сұранысқа қарай барлық ауданда ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы аналарға арналып ашылатын орталық ең әуелі қаланың орталығында бой көтереді. Кейін бұл орталыққа деген сұраныс артып жатса, қалған аудандарда да біртіндеп ашуға тырысамыз.
Зейнет жасындағы азаматтарға арналған орталыққа қатысты сұраққа менің орынбасарым Ерлан Әукенов жауап береді.
Ерлан ӘУКЕНОВ, қала әкімінің орынбасары:
– Әуезов ауданындағы зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы биыл наурыз айында ашылады.
ДАСТАН, қала тұрғыны:
– Қайырлы күн, әкім мырза! Қаладағы автотұрақтарды кеңейтіп берсеңіз! Әсіресе, Медеуге, Шымбұлаққа барғанда көлік қоятын жер таппай қиналамыз.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Алматыда 20 жылдың ішінде автокөліктердің саны 10 есе өсті. Бұл – халықтың әл-ауқатының жақсарғанының көрсеткіші. Қазір қаланың орталық бөлігінде адамға керек нәрсенің барлығы бар. Дүкен де, емхана да алыс емес. Ал Наурызбай, Алатау сияқты шеткі аудандарда ондай жайлылық жоқ. Яғни мұндағы халықтың дүкенге, емханаға баруы үшін көлік керек.
Қазір қала халқы Медеу, Шымбұлаққа көлікпен барады. Ол жерге қаланың бүкіл автокөлігін сыйғызу мүмкін емес. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін Орталық стадионнан, Балуан Шолақтан Медеуге, Шымбұлаққа қатынайтын арнайы автобустар қойылды. Солай ма? Бұған кім жауапты?
Сағындық ТЕЛІБАЕВ, қалалық Мобилділік басқармасының басшысы:
«Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені мен «Медеу» мұз айдыны аралығында экологиялық таза автобустар қатынай бастады. Бүгінде жолаушылардың көбеюіне байланысты микроавтобустар саны да артты. Олардың жүру уақыты да 6 минуттан 2 минутқа дейін қысқартылды.
ТОЛЫБАЕВ, Алатау ауданының тұрғыны:
– Құрметті әкім! 2015 жылы жеке қабылдауыңызға жазылған едік. Арада 4 жыл уақыт өтті. Жерге қатысты қала әкімдігі комиссиясының қорытындысы шыққан болатын. Сол мәселе туралы білейін деп едім.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Алатау ауданының тұрғыны сұрақ қойып тұр. Кім жауапты, кім жауап береді?
Шахмарден РЫСПАЕВ, Алатау ауданының әкімі:
– Бұл азаматтың мәселесімен таныспын. Жер мәселесі бойынша келіп тұр. 2006 жылы бұл кісі үй салады. Алайда, сол уақытта қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовтың қаулысымен бұл жылжымайтын мүлік Қырғызбаева деген басқа адамның атына шығып кетеді. Ертең аудандық сот төрағасымен, прокурормен кездесіп, бұл мәселенің шешілу жолын заң аясында қарастыратын боламыз. Барлығы заң аясында шешіледі.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Заң аясында шешілетін болса, бұрын шешілу керек еді. Арада 5 жыл өтіп кеткен. Мәселесіне уақытылы жауап ала алмаған жұрт қала әкімінің қабылдауына жазылады. Мәселені дер кезінде әрі заң аясында шеше алмаған шенеунік жұмыс орындарын босатсын. Әрине, мәселені білгеніңіз дұрыс. Бірақ тезірек шешу керек қой, адамды күттірмей. Шешілмейтін болса, нақты жауабын айту керек. Артынан бұл туралы маған жеке баяндап бересіз.
«АҚСАЙ» ӨЗЕНІНІҢ АРНАСЫ МЕН БӨГЕТТЕРІ БЕКІТІЛСЕ
Эльвира ӘБДІЛДАЕВА, Алатау ауданының тұрғыны:
– Құрметті әкім мырза! Қоғамдық көліктегі ұрлық мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын!
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Қызық сұрақ екен. Рахмет. Меніңше, әр адам өз затына өзі ие болғаны дұрыс. Қазір қаладағы барлық қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын орнаттық. Соның арқасында 1,5 мың қылмыстың беті ашылды. Қаланың полиция қызметі үлкен жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, бір-екі ұрының фотосын әлеуметтік желілер арқылы тараттық. Әлі де болса осы жұмысты күшейте түсеміз.
Елена ОРАЛБАЕВА, «Ақсай» саяжайының тұрғыны:
– Құрметті әкім мырза! Бұл кездесуге арнайы келіп отырмыз. Біз Ақсай өзеніне алаңдаулымыз. Естеріңізде болса, өткен жылдың мамыр айында Ақсай өзенінің қатты ағысы жарды құлатып, тұрғындардың үйлеріне жетіп қалған еді. Жыл сайын көктемде қар ерісімен арнасына сыймай аққан судан қорқамыз. Сізден өзеннің арнасы мен бөгеттерін мықтап бекітіп беруіңізді сұраймыз!
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– 2015 жылы Қарғалыда қатты сел жүрген еді. Сол жылы Алматы қаласына әкім болып тағайындалып келгенімде Қарғалы өзенінің арнасын қайта қалпына келтіру мен қайта жөндеу жұмыстарын қолға алған едім.
Бұл сұраққа толығырақ Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі жауап берсін.
– Жалпы, Алматы қаласының аумағы сел-тасқынға қауіпті. Қала әкімдігі шаһардың қауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осылайша сел қаупін мүлдем азайту мақсатында бөгеттерді жаңғырту жұмыстары бар. Соның ішінде «Ақсай» шатқалындағы селден қорғау бөгеттерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
ЕЛІМІЗДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫ РЕТТЕЛЕДІ
Медеу ауданының тұрғыны, зейнеткер:
– Құрметті әкім! Қалада көрсетілетін медицина саласының қызметі мен сапасына көңілім толмайды. Өз ауданымыздағы емхананың салалық дәрігеріне бару үшін немесе УЗИ, МРТ-дан өту үшін бір ай бұрын кезекке тұруымыз керек. Ақылы емханадан да өтуге болады. Бірақ ол жақтың бағасы қымбат. Науқастарды дәрімен қамтамасыз ету жағы да ақсап тұр.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Денсаулық сақтау саласына үлкен қаражат бөлінеді. Дәріханалардағы бағаны ретке келтіру жұмыстарын күшейтуіміз керек. Жасыратыны жоқ, науқастарға керек емес дәріні жазып беріп, оны күштеп алдыртатын дәрігерлер бар. Науқастардан мейлінше көп ақша алу үшін түрлі ауруды ойлап табуды жою керек.
Ерболат ДОСАЕВ, Премьер-Министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:
– Ел дәріханаларындағы дәрі-дәрмек бағасының әркелкілігі, медициналық препарат саудасының кімдер үшін табыс көзіне айналуы қоғам назарын аударған өзекті жәйттердің бірі болып отыр. Енді сәуір айынан бастап елімізде дәрі-дәрмектің бағасы реттеледі. Бұл жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын жүзеге асыру бойынша орындалмақ. Дәрі-дәрмек жеткізу және сатумен айналысатын ұйымдар үшін уайымдайтын еш негіз жоқ. Олардың табыстары сол күйінше қалады. Алғаш рет электронды құжат алмасу жүйесін енгізіп отырмыз. Енді әр науқаспен жеке-жеке жұмыс істейміз. Бұдан былай ешбір дәрігер науқасқа дәрі жазып бере алмайды. Сонымен қатар, әр адам дәріні уақытылы алып отырады.
Медеу ауданының тұрғыны:
– «Каменское платода» тұрамын. Жыл сайын еріген қардың суы Оспанов көшесін басып қалады. Бұл біздің күнделікті жүріп жүрген негізгі көшеміз. Осы мәселе қашан шешіледі?
Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ, Медеу ауданының әкімі:
– Бұл мәселенің шешімі бар. Бүгінде қаланың бюджетінен 70 млн. теңге бөлінді. Жамақаев көшесінен Есентайға дейін Оспанов көшесінің бойымен арық жүйесі салынады. Құрылысты жүргізетін мердігерлік ұйым да белгілі. Жұмыстар наурыз айында басталады. Бақылауға аламыз.
МАРИНА, «Тастақ» ықшамауданының тұрғыны:
– «Сайран» автобекетінің маңайы жаңа кейіпке енді. Айналамыз жаңарып қалды. Сізге рахмет айтамыз. Ендігі бір мәселе, мұндағы автобус және такси жүргізушілері заңсыз автотұрақ жасап алған. Маңайды ластап, газонды таптап, тазалықты мүлдем сақтамайды. Көмектесіңізші.
Бауыржан БАЙБЕК, қала әкімі:
– Бұл қалаға күн сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп-кетіп жатады. Сол жолаушыларды қарсы алатын да, шығарып салатын да – қаладағы автобекеттер мен теміржол вокзалдары. Шаһарға келген қонақтар ең бірінші аялдайтын бұл орындар толық жөндеуден өтіп, ретке келтірілмек. Бұл ретте «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдары да қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды. Жергілікті бюджет есебінен биылғы жылдың өзінде екі вокзал алдындағы алаңдар толығымен жаңарды. Жасыл желек отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселді. Вокзал алдындағы қоғамдық көліктің нөпірі ескеріліп, жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз өтпелі жолдар жасалып, бейнебақылау камералары орнатылды.
Заңсыз тұрақтар мәселесін де қолға аламыз.
Наурызбай ауданының тұрғыны:
– Бізді ауданымыздағы таза ауызсу мәселесі алаңдатады.
Мақсұт ИСАХОВ, Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы:
– Наурызбай ауданында 9 ықшамаудан бар. Таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген 45 мың адам бар. Ауызсу мәселесін шешу үшін «Ақсай» және «Қарғалы» водозабор салуымыз керек. Олардың сметалық құжаттары дайын. Оның құрылысына қаражат керек. Тиісті министрлікке арнайы құжаттарды да жібердік. Құрылысқа барлығы 20 млрд. теңге қаржы керек.
Ерболат ДОСАЕВ, Премьер-Министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:
– Бүгінгі кездесуде сұрақтардың көбі Алатау мен Наурызбай аудандарының тұрғындарынан келіп түсті. Барлығы жол, ауызсу мәселесін шешіп беруді сұрап жатыр. Барлық мәселені шешіп береміз деп уәде ете алмаймыз. Бірақ барынша көмектесуге тырысамыз.
Керек дерек
2018 жылы қала бюджетінің 30 пайызы білім, денсаулық сақтау және спортқа бағытталды.
Қала тұрғындарының 96 мың азаматына әлеуметтік көмектің 43 түрі бойынша жалпы сомасы 10,7 млрд. теңге жұмсалды. Олардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен жұмыссыздар бар.
Қоғамдық көліктің бағасы 7 жыл бойы өзгермей келеді. Тегін жол жүру құқығына ҰОС ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар, 1 және 2-топ мүгедектері, 75 жастан асқан зейнеткерлер, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар ие болды. Ал 50 пайыздық жеңілдікті көпбалалы аналар, зейнеткерлер, студенттер және оқушылар пайдаланады.
Алматыда шоғырланған 39 жоғары оқу орнында 145 мың студент, ал 81 колледжде 66 мың оқушы білім алады.
Алматыдағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасына 13 мың зейнеткер қатысады.
Алматыдағы медициналық мекемелердің 80 пайызы заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған.
Алматыда 9 метро бекеті бар. Қоғамдық көліктің бұл түрімен күніне 50 мың жолаушы қатынайды.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша 951 пәтерге өтініш қабылданды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 4725 пәтер салынды. «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2,2 млрд. теңгеге 238 пәтер берілді.
Қаладағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернет және WІ-FІ-мен қамтылды.
Алматының оқушылары 7 жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша көш бастап тұр.
Қаладағы 7403 кабинет мультимедиялық үштікпен (проектор, экран, ноутбук) жабдықталған.