Бағаны қайта қарамасақ, онда жақында мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз - Үкімет басшысы

Бағаны қайта қарамасақ, онда жақында мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз - Үкімет басшысы
Сурет: Aikyn.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасына қатысты мәлімдеме жасады.

Кеше Энергетика министрлігі жанар-жағармай бағасының көтерілетінін айтқан болатын. Осы шешімге қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Яғни, бағаны қайта қарамасақ, онда жақында мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз. Бізде дизель отынын қолдану жылына бір адамға 300 литрден келеді. Ал Ресейде бұл көрсеткіш - 225 литр, Қырғызстанда - 90 және Өзбекстанда - 44 литр. Мемлекет жанар-жағармай өндірісін ұлғайту бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Соңғы бес жылда бензин өндірісі 70 пайызға, ал дизель отыны 33 пайызға өсті», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасай тұрып.

Оның айтуынша, мұнай компаниялары жоғары қарқынмен жұмыс істеп жатыр.

«Дегенмен жанар-жағармай нарығында тапшылық мәселесі азаяр емес. Қазақстандық арзан жанар-жағармай әртүрлі жолмен көрші елдерге кетіп жатыр. Осылайша отандық арзан жанар-жағармай өзіміздің мүддесіне емес, көрші мемлекеттердің экономикасына жұмыс істеп отыр», - дейді Премьер-Министр.