Бақытжан САҒЫНТАЕВ:  Біздің күшіміз – бірлікте

ҚАЛА  ЖЕТІСТІКТЕРІНЕ  ТҰРҒЫНДАРЫМЫЗДЫҢ  ҚОСҚАН  ҮЛЕСІ  ӨЛШЕУСІЗ

 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың коронавирус пандемиясына байланысты онлайн-режимде өткен есеп беру кездесуі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың заңды жалғасы.

      Кездесу барысында шаһар басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы тарқатып, қала тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

 ТӨЗІМ ЖӘНЕ СЕНІМ

Осыдан бір жыл бұрын шаһар басшысының «Халық аренада» өткен алғашқы есеп беру кездесуіне, яғни қала билігі мен халық арасындағы ашық диалогке 4 мыңға жуық қала тұрғыны жиналған еді. Қала маңын және агломерацияны дамыту, инфрақұрылымды ауқымды деңгейде ілгерілету және қаланы көгалдандыру, алматылықтарды көбірек толғандыратын өткір де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша жоспарлар белгіленген болатын. Алайда, тосыннан келген мүлдем жаңа вирус бізді ғана емес, ғаламшарды күнделікті өмір сүру ырғағынан өте қысқа мерзімде жаңылдырып жіберді. Індеттің алдын алу үшін Алматы қаласы да бүкіл ел сияқты төтенше жағдай режимін енгізді. Басты басымдық халықтың бұл қауіпті дертті жаппай жұқтырып алмауына, өлім-жітімге жол бермеуге, пандемия жағдайында қаланың тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталды.

Қала билігі індетке байланысты бұған дейін межеленген жоспарларды шұғыл түрде түзетуге және жедел шешімдер қабылдап, қауіптің алдын алу бағдарында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Блок-бекеттер қойылды, халықаралық әуежай жабылды, теміржол және автомобиль қатынасы тоқтатылды. Ал дәрігерлер, полиция және әскери күштер осы бір көзге көрінбейтін, бірақ әлемді жойып жіберуге қауқарлы  «жаумен» күресудің алдыңғы шебіне шықты. Алматылықтар өздерінің ынтымақ-бірлігі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында пандемиядан туындаған қатаң талаптарды нақты орындай білді.

Қала тұрғындары қашықтан өмір сүруді, қашықтан жұмыс істеуді және мегаполисті дамыту үшін қажетті маңызды жобаларды жаңа, төтенше жағдайларда іске асыруды үйренді. Адамдардың өмірі мен денсаулығын қауіпті  вирустан қорғау, жақыныңа  жанашыр болу, шыдам мен төзім және жаңа жағдайға бейімделу  – дәл осы бір сәттегі негізгі құндылыққа айналды.

COVID-19:  «МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН»

Алматы қаласы да тосыннан тиген пандемия соққысына қасқая қарсы тұрып, шаһардың бүкіл жұмыс-жоспары, басқару жүйесі төтенше жағдайға байланысты түбегейлі қайта құрылды.

Ең алдымен, бюджет саясаты қайта жасақталды. Барлық мәдени, ойын-сауық, бұқаралық және өнім бермейтін шығындар қысқартылды. 108,4 млрд. теңге көлеміндегі босатылған қаражат мақсатты түрде пандемиямен күреске бағытталды. Осы қаржы көздерінің арқасында жаңа ауруханалар салынды, дәрі-дәрмектер мен азық-түліктің стратегиялық қорлары құрылды. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді.

«Жедел жәрдем» қызметінің жұмысы күшейтіліп, заманауи аппараттармен жабдықталған 135 жаңа автокөлік сатып алынды. Осылайша қаланың жедел жәрдем автобекеті 100% жаңартылды. Нәтижесінде бригадалардың шақыртуларға жету жылдамдығы қала бойынша орташа есеппен 13 минутқа дейін қысқарды.

Инфекциялық ауруға арналған төсек-орындар жасақтауға ерекше көңіл бөлінді. Егер 2020 жылдың басында бізде барлығы 400 төсек-орынды 2 инфекциялық стационар болса, бүгінде 7011 төсек-орны бар 23 инфекциялық стационар құрылды.

Өте қысқа мерзім ішінде 2 модульді клиника салынды, РВ-90 инфекциялық стационардың, патологоанатомиялық бюроның құрылысы аяқталды. Жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды.

Барлық жұқпалы аурулар ауруханалары 3 эшелонға бөлінген. Бұл вирус жұқтырып түсіп жатқан пациенттерді жүйелі түрде бақылап отыру және науқастарды емдеу сапасын арттырды. Бірінші эшелон бойынша 9 аурухана бар, олар жоғары деңгейде жабдықталған және өте ауыр науқастарды емдеуде кез келген күрделі мәселелерді жедел шешуге қауқарлы. Екінші эшелон шеңберінде ауыр және орташа дәрежелі пациенттерді емдеу үшін қажетті материалдық-техникалық және кадрлық базасы бар 15 стационар жұмыс істейді. Ал үшінші эшелонға аурудың жеңіл және симптомсыз түрімен ауыратын науқастарды емдеуге арналған 8 карантиндік және провизорлық орталық кіреді.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысы күшейтілді. Тұрғындарды медициналық қызметтермен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету мақсатында жасалған үш жылдық қалалық жоспар аясында, пандемияға қарамастан, 16 амбулатория іске қосылды.

Барлық емханада пациенттерді көшпелі мониторингілеу үшін 298 мобильді бригада құрылды.

Үй карантиніндегі адамдарға уақытылы медициналық көмек көрсету және оларды жіті бақылап отыру үшін Телемедицина орталығы және науқастарға психологиялық қолдау көрсету қызметі құрылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Аудит негізінде медициналық жабдықтарды жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасы әзірленді. 2020 жылы 41,8 млрд. теңгеге 11 мың заманауи медициналық техника сатып алынды. Ең алдымен КТ, МРТ, ӨЖЖ, рентген, стационарлық және тасымалданатын УДЗ аппараттарына, жаңа туған нәрестелерге арналған кувездерге қол жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Қалада ауруханаларды медициналық газдардың, оның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 1-ші эшелонның барлық стационарында ең заманауи жабдықтар орнатылған. Қаланың барлық инфекциялық стационарларының биологиялық қауіпсіздігін бақылау және кәріз ағындарын залалсыздандыру жүйесі құрылды. Жалпықалалық бақылау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуды бақылау күшейтілді. Әрбір жұқпалы аурулар ауруханасында заманауи медициналық қалдықтарды кәдеге жарату станциялары салынды.

Қаланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша Тұрақтандыру қоры құрылды. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде: 5 млрд. теңге – дәріханаларды дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін, ал 5 млрд.-ы – ауруханалар мен емханаларды тоқтаусыз қамтып отыру үшін. Бүгінгі таңда ең төменгі қордың өзі 68 атау бойынша 8 млн.-нан астам дәрілік препаратты құрайды.

Сондай-ақ, жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры бар. Күнделікті 1 млн. дана медициналық бетперде шығаратын өндіріс ісі жолға қойылған. Жалпықалалық зертханалық желі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Былтыр төтенше жағдай енгізілген алғашқы күндері қалада бір ғана ПТР-зертхана жұмыс істеген болса, бүгінде жұмыс істейтін 25 ПТР  мен  12 ИФА зертханаларының қазіргі  жалпы тәуліктік қуаты –14,5 мыңнан астам ПТР-зерттеуді құрайды, ал жалпы перспективалық қуаты 25 мыңға дейін. Қала бойынша КТ саны 21-ге дейін ұлғайтылды. Қалалық стационарлар үшін онлайн-режимде қолжетімді КТ, МРТ, рентген-түсірілімдердің бірыңғай банкі құрылды.

Ауыр науқастардың жағдайын бақылау және СOVID-19-дың салдарынан болатын өлім-жітімді азайту үшін қаланың барлық 16 реанимациясының жұмысы орталықтандырылған. Әрбір науқастың жағдайы жеке есепке алынады. Жедел әрекет ету тобы клиникалық және кеңес беру арқылы қолдау көрсетеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде былтыр жаз айында ие бермей бара жатқан індеттің беті қайтарылып, өлім-жітім 5 есеге азайды.

Инфекциялық стационарларда жұмыс істеу үшін 2500-ден астам медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Ақ халатты абзал жандардың жалақысы 30%-ға артты. 50 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысына 16,7 млрд. теңге мөлшерінде үстемақы төленді.

Иә, көзге көрінбейтін вируспен күрестегі «мылтықсыз майдан» барлық алматылықтарды бір  бағдарға тоғыстырды. Осынау сын сәттерде халықтың әлсіз топтары назардан тыс қалған жоқ. Оларға қалалық әлеуметтік жобалар арқылы жүйелі түрде көмектер көрсетілді. 232 мыңнан астам аз қамтылған азаматтарға, көпбалалы аналарға, мүгедек жандарға материалдық және сервистік қолдау  шаралары қарастырылды.

Аудандық «Бақытты отбасы» орталықтары базасындағы «Іскер ана» бағдарламасы аясында көпбалалы аналар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42,5 мың теңгеден 33,5 млрд. теңге көлемінде 674 мыңнан астам төлем жасалды. Аз қамтылған отбасылардың коммуналдық қызметтері үшін қордаланып қалған 80 млн. теңге қарыздары есептен шығарылды.

Волонтерлік ұйымдар, кәсіпкерлер және қаланың қарапайым үлкен жүректі тұрғындары да ниет, тілек біріктіріп, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға белсенді қатысты. 20-дан астам волонтерлік ұйымды біріктіретін жедел штаб құрылды. «Bizbirgemiz» акциясы аясында 60 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден көмек алды.

Міне, КВИ-ге қарсы жедел әрекет ету үшін қабылданған осындай негізгі іс-қадамдар қауіпті  індеттің өршуіне тосқауыл қойды  және өлім-жітімнің өсуіне жол бермеді.

Бүгінгі таңда қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жіті назарда. ЖРВИ, тұмау, пневмония аурулары ерекше бақылауда. Бүгінгі күні жалпы саны 1866 инфекциялық төсек жабдықталған, олардың 73%-ы бос тұрғаны көңілге демеу.

Індетті жаппай жұқтыруға, оның қайта  өршуіне жол бермеу үшін қалада санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен шектеу шараларының сақталуын бақылайтын жүйе құрылған.

Біріншіден, бизнес-қауымдастықтармен бірлесіп , 133 ірі кәсіпорын мен 30 мың ШОБ нысанында санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау бойынша аудит және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Екіншіден, адамдар көп жиналатын орындарды, қоғамдық тамақтану нысандарын, базарларды, қоғамдық көліктердегі тәртіп-ережелерді бақылау үшін қалада 32 мобильді мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар жүргізген рейдтердің нәтижесінде өткен жылдың жазынан бері 21 590 нысан қамтылып, карантин талаптарын бұзған 4279 нысан анықталды.

Үшіншіден, пандемиямен күресте және қала өмірін бұрынғы қалпына келтіруде маңызды іс-шара – вакциналау.

2020 жылдың 25 желтоқсанынан бастап қалада QAZCOVID-IN қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің 3-ші фазасы өтуде. Осы жылдың 1 ақпанынан бастап Алматыда коронавирусқа қарсы ауқымды вакциналау  басталды. Бірінші кезеңде «Спутник V» вакцинасын дәрігерлер және пандемиямен күресте алдыңғы сапта жұмыс істейтіндердің бәрі алады.

Карантиндік шараларды сақтай отырып, тамырына қан жүріп тұрған экономикалық стратегияны орта жолдан тоқтатпай, пандемияға төтеп бере отырып жүзеге асыру кірістердің күрт төмендеуіне және жұмыс орындарының жаппай қысқаруына жол бермеді. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қол жеткізген табыстарымыз осының дәлелі.

 

 

СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ ЕҢСЕРГЕН ЖЫЛ

Экономикалық өсім базалық салаларда, атап айтсақ, өнеркәсіпте, байланыс, құрылыс және ең алдымен тұрғын үй саласында сақталды. Өнеркәсіптегі өсім 4,6%-ға қамтамасыз етілді, құрылыс жұмыстарының көлемі 10,6%-ға ұлғайды, тұрғын үйді пайдалануға беру 14,2%-ға, ал байланыс қызметтерінің көлемі 8,2%-ға өсті.

Төтенше жағдай мен локдаун режиміне қарамастан бөлшек сауда көлемін 3,5 трлн. теңге деңгейінде ұстап тұруға қол жеткізілді. Ал көтерме сауда айналымы 10 трлн. теңге деңгейінде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі нақты көлемнің 17,2%-ға өсуімен 971,2 млрд. теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджетке 2,9% өсіммен 2 трлн. 290 млрд. теңге салық түсті. Оның ішінде жергілікті бюджетке 636,6 млрд. теңге, өсім – 39%. Тұтыну бағаларының индексі 107,2%-ды құрады.

Бұл – қала әкімдігінің әлеуметтік маңызы бар 18 азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тұрғысында атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесі.

Дағдарысқа қарсы іс-шаралар пакеті халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздықпен күресуге бағытталған. Өткен жылы 76,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылғаны – 46,3 мың. Барлық жұмыс орындары 52 инвестициялық жобаны іске қосу және «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде құрылды.

 

«ЖАҢА АЛМАТЫ» БАҒДАРЫ

Барлық күш пен ресурс көздерінің ауқымды бөлігі коронавируспен күреске жұмылдырылғанына қарамастан, Алматы қаласын үздіксіз дамыту мақсатындағы басым бағыттар бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғаса берді. Қала шетіндегі көптеген өзекті мәселелерді шешу үшін «Жаңа Алматы» жобасын дамытудың бес жылдық кешенді жоспары қабылданды. Бүгінгі таңда құны 200 млрд. теңге болатын 504 жобаны іске асыру басталып та кетті.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 50 мыңнан астам адамды қамти отырып, 300 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды. 16,1 шақырым жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды. Алматының 4 ауданын 100% қамти отырып, қала шетіндегі көшелер жарықтандырылды. Жол инфрақұрылымын дамыту аясында 42,8 шақырым жол салынды және 219,1 шақырым жол жөнделді. Ұзындығы 86 шақырым  тротуарларды жөндеу аяқталды. Енді 4 саябақ және 4 жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылуда.

 

АЛМАТЫ АГЛОМЕРАЦИЯСЫ

Ел Үкіметі Алматы қаласының агломерациясын дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл бүкіл қала экономикасы үшін даму драйверіне айналады. Бүгінде Алматы агломерациясы халқының саны 3 млн. адамнан асып жығылады.

Алматы қаласының әкімдігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, қазір 7 негізгі стратегиялық бағыт бойынша жұмыстар жүргізуде.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ

Коронадағдарыс ШОБ-қа қатты әсер етті. Елбасы мен Президенттің тапсырмаларының нәтижесінде  салықтық ынталандыру, несиелеуді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, өндірісті қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша теңдессіз шаралар қабылданды.

Пандемияға қарамастан, Алматыда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 3,6 пайызға өсті. Шағын бизнесті несиелеу  2020 жылы 1,7 есе өсті және 1,4 трлн.-нан астам теңгені құрады. «Бизнестің жол картасы–2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 7,9 млрд. теңге бөлінді.

«Алматы Бизнес–2025» өңірлік бағдарламасы аясында 148 жобаға 12,9 млрд. теңге көлемінде  қолдау көрсетілді, сондай-ақ ШОБ үшін жеңілдіктері бар 3 шағын өнеркәсіптік парк ашылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 69 жоба 125,1 млрд. теңге көлемінде қаржыландырылды және мақұлданды. «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы бизнеске 91 мыңнан астам кеңес және басқа да сервистік қолдау көрсетті.

    Infoalmaty кәсіпкерлерді қолдау порталы іске қосылды. 1422 жұмыс орнын құрумен 39,7 млрд. теңгеге 11 өнеркәсіптік жоба ашылды. Оның ішінде Индустриялық аймақта  29,9 млрд. теңгенің 4 жобасы бар, 848 жұмыс орны ашылған.

Медициналық кластер құрылды. Фармацевтикалық препараттар, медициналық бұйымдар мен техника өндірісі іске қосылды. Кластердің алғашқы қатысушыларының бірі «Viva Pharm» ЖШС және «Dolce Pharm» ЖШС өз жобаларын іске асыруға кірісті.

 

ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы 2,4 млн. шаршы метр коммерциялық және мемлекеттік тұрғын үй пайдалануға берілді. 2948 пәтер бөлінді, бірінші кезекте тұрғын үйге мұқтаж отбасылар қамтамасыз етілді.

Алғаш рет қала әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жас мамандар «Алматы жастары» бағдарламасына қалада тіркеусіз қатыса алды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 294,4 мың шаршы метр 3902 пәтер пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 2,5 есе артық.

 

 

БЮДЖЕТКЕ ҚАТЫСУ

Алматыдағы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы шын мәнінде халықтық жобаға айналды және алматылықтарға өз аудандарын абаттандыруға мүмкіндік берді. Жобаның арқасында жайлы қала өмірі үшін ондаған жаңа нысандар салынып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда.

 

ЭКОЛОГИЯ

Ұзақ мерзімді міндеттер аясында  экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-2 жаңартумен байланысты көпжылдық мәселе шешілді. Оны табиғи газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жеке меншік секторды толық газдандыру аяқталуда.

Жасыл қорды ұлғайту шеңберінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Миллион ағаш отырғызу бойынша 3 жылдық қалалық «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы 282 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. 5 жаңа саябақ аймағы құрылуда. Қоғамдық көлік газ бен электр энергиясына ауысады. Дизель техникасын сатып алуға тыйым салынды.

ТУРИЗМ

Туристік кластерді дамыту – инвестиция тартудың және туристерге өркениетті жағдай жасаудың маңызды стратегиялық бағыты болып табылады. 41,8 миллиард теңгені құрайтын бірқатар жобаларды жүзеге асыру басталды. Горельник және Аюсай шатқалдары, Медеу базалық станциясы және Шымбұлақ тау курортында туристік визит-орталықтар ашылды. Тау бағыттары абаттандырылып, цифрландырылды.

 

БІЛІМ

Пандемия нағыз сынақ болды. Қала толығымен қашықтан оқытуға көшті. Компьютерлік техникаға мұқтаж барлық оқушылар 100%-ға қамтамасыз етілген.

«Сфера» бірыңғай қалалық платформасы әзірленді және енгізілді. Кезекші сыныптарда 19,1 мыңнан астам бала оқиды.

Білім беру нысандарын Үдемелі салу бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыру жалғасуда. Әуезов және Түрксіб аудандарында 1800 орынды 2 мемлекеттік мектептің құрылысы аяқталды. Қолданыстағы мектептерге жапсарластыра 1817 орынды бес қосымша құрылыс жүргізілді. Мектептерде 8263 орынды тағы он жеті қосалқы ғимараттың құрылысы жалғасуда. 1 390 орынды  2 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді.

2020 жылдың басынан бастап 520 орынды 3 мемлекеттік балабақша салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде жеке инвесторды тарта отырып, 150 орынды 1 балабақша салынды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 640 орынды тағы 4 балабақшаның құрылысы басталды. Балаларды мектептен тыс біліммен жаппай қамту үшін жағдай жасау бойынша жол картасы қабылданды.

Қалалық кітапханалар базасында 156 тегін үйірме жұмыс істей бастады. Балаларға арналған шығармашылық үйірмелер саны 5400-ге дейін артты. Балалар мен жасөспірімдерді дамыту үшін 5 ауданда «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубтары құрылды.

Қосымша білім беру ретінде зейнеткерлер мен мүгедектігі бар тұлғалар қатарындағы 72 кәсіби педагогтар аз қамтылған отбасылардан шыққан 900 балаға бос уақыт бойынша авторлық сабақтар берді.

 

МӘДЕНИЕТ

Креативті индустрияларды дамыту стратегиясы қабылданды және оны іске асыру бойынша жұмыс басталды. Жаңа буынның алғашқы орталығы – Alatau creative hub құрылды. 10 қалалық кітапхана жаңғыртылды. Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимараты реставрацияланды. Мұражай ғимараттарына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Әлеуметтік сала шығындары шамамен 370 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылы бюджет шығыстарының жартысына жуығы осы мақсаттарға бағытталған.

 

ЦИФРЛАНДЫРУ

Коронавируспен күресу үшін сандық басқару мүмкіндіктері кеңінен қолданыла бастады.

Адамдар көп жиналатын орындарды анықтау, жедел жәрдем жұмысын оңтайлы басқару, Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қадамдық қолжетімділігін анықтау және қаланың стационарлары мен дәріханаларында дәрілік препараттардың қойма-қорларын басқару бойынша цифрлық платформалар әзірленіп, пайдаланылады.

Қала тіршілігінің 11 саласын қамтитын 49 цифрлық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Алматы Қазақстанның ақылды қалаларының тізімінде 1-ші орынға ие болды. Интеллектуалды көлік жүйесі мен сел қаупін бақылау жобалары ақылды қалалар бойынша IDC халықаралық рейтингісінде үздіктер тізіміне енді.

Ақылды бақылау камераларының көмегімен бірнеше қылмысты ашуға мүмкіндік туды. Қалада «қадамдық қолжетімділік полициясы» қағидаты енгізілді.

ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ

Ірі мегаполисте Президент Жолдауында айтылған саяси реформалар белсенді жүзеге асырылуда. Қала тұрғындарының өзін-өзі көрсету үшін кең мүмкіндіктері бар. Алматы әкімдігі  ашық диалогты қолдайды. Жергілікті жерлерде азаматтарды қабылдау тұрғындардың көз алдында, шыны кабинеттерде жүзеге асырылады. Қала билігі митингілер өткізетін бірнеше орынды анықтады. Диалогтың арқасында Алматыда жаңа саяси мәдениеттің негізі қалануда. Халықпен өзара іс-қимыл арналары күшейтілді. Азаматтарды онлайн қабылдау үнемі жүргізіледі.

 

НЕГІЗГІ БАҒДАР  – «АЛМАТЫ–2050»  СТРАТЕГИЯСЫ

2020 жылдың қорытындысы бойынша басты әлеуметтік-экономикалық міндет орындалды – өсу нүктелері сақталды. Ағымдағы жылы мегаполис экономикасын толық көлемде қалпына келтіру жалғасатын болады.

Қала үшін негізгі бағдар «Алматы–2050» стратегиясы болып қала береді. «Жаңа Алматы» кешенді жоспары және Алматы агломерациясы шеңберінде инфрақұрылымды дамыту жалғасады.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Жаңа жолдардың құрылысы, жолдарды орташа жөндеу аяқталуда. Көлік жолайрықтарының құрылысы, оның ішінде Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесіндегі жолайрықтың аяқталуы жақын. Наурызбай ауданындағы Абай даңғылы мен Нұрлы көшесін ұзартуды аяқтау керек. «Сарыарқа» және «Достық» метро станцияларының құрылысы бітуге таяу, «Қалқаман» станциясының құрылысы жалғасуда.

Жылу-электр кешенін дамыту бойынша жылу және электр желілерін қайта жаңарту және жөндеу, қолданыстағы қазандықтарды газға ауыстыру жоспарлануда.

Су құбыры және кәріз желілері бойынша бірқатар проблемаларды жүйелі шешу үшін: «Ақсай» су жинау станциясы, Наурызбай ауданында коллектор, сондай-ақ су құбыры және кәріз желілері салынатын болады.

       2021 жылы 1950 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда. Мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 8292 пәтер бөлінеді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚҰРЫЛЫСЫ

2021 жылы қосымша 20 700 оқушы орны құрылады. 640 мектепке дейінгі орын даярланады. Ата-аналар төлемін субсидиялау аясында қосымша 5000 мектепке дейінгі балалар орындарын құру үшін қалалық бюджеттен 1 млрд.     теңге бөлінді.

Қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Жетісу және Түрксіб аудандарында 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынды. №7 қалалық клиникалық аурухананың жаңа қосымша ғимараты, сондай-ақ балаларға шұғыл көмек көрсету орталығына арналған операциялық блогы бар жаңа корпус пайдалануға берілді.

Әлеуметтік қызметтер үйі Open space форматында жұмыс істейді. 14 кортқа арналған теннис орталығы пайдалануға беріледі және 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін 50 мыңға жуық жұмыс орнын, оның ішінде 30 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 28 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам оңалтумен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Халық үшін тарифтер төмендетіледі.

Қала экологиясын жақсарту аясында биыл 350 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, шеткері жерлерге 5 жаңа саябақ салу, қалаға кіреберісте 19 экопост орнату, 39 электр автобусын іске қосу жоспарланған.

Қауіпсіздік, оның ішінде жол проблемалары бұрынғысынша басымдыққа ие. Апатты төмендету мақсатында 2021 жылы 60 реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелін, сондай-ақ 30 бағдаршам нысандарын  салу белгіленген. 3 мың жол белгісін ауыстыру жоспарлануда.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес «Полицияның сервистік моделі» бағдарына көшу белгіленді. Пилоттық жоба ретінде бұл модель Алматының Алатау және Бостандық аудандарында енгізілетін болады.

АЛМАТЫ СІЗБЕН БІРГЕ!

Алматылық ынтымақтастық бізге карантиннің қиын кезеңінен аман өтуге көмектесті. Біз қауіпті вируспен жалпы күресте біріккенбіз. Бұл жылы сынақтан өткен алматылықтар үміттерін жоғалтпады және бүгін болашаққа нық сеніммен қарайды.

Біздің күшіміз – ауызбіршілікте, өзара көмек пен қолдауда! Алматы сізбен бірге!

Әзірлегендер Нұржамал ӘЛІШЕВА,

Серік ЖҰМАБАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *