Бақытжан  САҒЫНТАЕВ:   БИЫЛ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУҒА 39,9 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

VII шақырылымдағы қалалық мәслихаттың бірінші сессиясында сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа мәслихаттың алдында тұрған бірқатар өзекті мәселелерді  айқындап берді. Оларды шешуге мәслихат депутаттары мегаполис әкімдігімен бірге кірісетін болады.

Жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті  қолдау, өмір сүру сапасын арттыру және экология мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту. Міне, осындай міндеттерді таяудағы 5 жыл ішінде қала VII шақырылымдағы жаңарған мәслихат депутаттарымен бірге шешпек.

Басты бағыттардың бірі – жұмыс орындарын құру. Алматы әкімінің тапсыруы  бойынша қалада жұмыссыздықты азайту жөнінде Жол картасы әзірленуде. Негізгі мақсат – жұмыссыздық деңгейін алдағы бес жылда 5,1%-ға дейін төмендету. Сонымен қатар, орташа жалақыны 320 мың теңгеге дейін арттыру және 240 мыңнан астам жұмыс орнын құру.

«Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында қала шетін дамыту және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ағымдағы жылы бюджеттен 85 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жалпы, жыл ішінде барлық қаржы көздерінен шамамен 200 млрд теңгеге  жуық қаражат бөлу жоспарлануда.

Қаланы толық жарықтандыру бойынша жұмыстар жүруде, мұнда жарық мүлдем болмаған орындарға ерекше назар аударылуда. Тек 2020 жылы 1,4 мыңнан астам көше жарықтандырылды, ағымдағы жылы бұл жұмыс аяқталады, тағы 600-ден астам көшені жарықтандыру қажет. 2023 жылға қарай біз қала тұрғындарының 99,3%-ын сапалы ауыз сумен, 100% газ және көшені жарықтандырумен қамтамасыз етуіміз қажет.

ШОБ-ты қолдау мақсатында жүйелі шаралар қабылданды. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жыл сайын шағын және орта бизнеске кемінде 30 миллиард теңге несие бөлінеді. 5 жыл ішінде қаланың ЖӨӨ-де ШОБ үлесін 40%-дан 45%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Бес жыл ішінде NEET санатындағы 3 мыңнан астам жастар өкілі кәсіби оқудан өтеді. «Жасыл ел» аясында 5 мың жас уақытша жұмыс орындарымен қамтылады. 25 ЖОО 16 мың орынды 38 жатақхана, колледждерде 600 орынды 2 жатақхана салынады. Жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмысшы жастарға 5 мыңнан астам пәтер беріледі.

Биыл халықты әлеуметтік қорғауға 39,9 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында ағымдағы жылы 12600 орынды 8 мектептің, 8388 орынды 17 жаңа корпустың (қосалқы нысан), 640 орынды 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысын аяқтау қажет. Денсаулық сақтау саласында 5 нысан салынатын болады.

Экология саласында ЖЭО-2 модернизациялау бес жыл ішінде аяқталады, қатқыл тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен утилизациялаудың үлесі 11%-дан 24%-ға дейін артты, қаладағы жасыл алқаптар аумағы 14 млн шаршы метрден 16,8 млн шаршы метрге дейін ұлғайды.

Сессия соңында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңарған мәслихат депутаттарын алматылықтардың өмірін жақсарту жөніндегі алда тұрған міндеттерді шешу үшін күш-жігерлерін жұмылдыруға  шақырды. Сонымен қатар, мегаполис әкімі мәслихаттың жаңа саяси рөліне маңыз беріп, оның қала тұрғындарымен байланыстағы маңызды коммуникациялық буын екенін ерекше  атап өтті. «Сіздердің қалалықтармен белсенді жұмыс жасайтындарыңызға сенімдімін», — деді Б. Сағынтаев.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *