Бөтелкеден түйреуіш пен түйме жасап шығарған бүлдіршін

Нұржамал ӘЛІШЕВА
Жас отырғызылған теректі қалай қарай исең, солай қарай қисаяды. Бала да сол сияқты, оған қандай бағыт-бағдар берсең, солай қарай икемделе түседі. «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының осындай балғындарға арналған тың жобасы жуырда алтыншы мәрте шымылдығын ашты.
Бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстарына арналған жоба «Мен әлемді танимын» деп аталады. Аталмыш институт директоры, педагогика ғылымының докторы Раиса Садвакасова:
– Бұл байқау мектептегі оқу үдерісін ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді игеріп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда бастауыш сынып мұғалімдерімен жұмыс істеу нысаны болып табылады. Сондай-ақ, арамызда жүрген дарынды да талантты кішкентай зерттеушілерді анықтауға мүмкіндік береді, – деді бізбен сұхбатында.
Мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасының аясында бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік қабілетін дамытып, жобамен жұмыс істей білу, өз бетінше жасайтын іс-әрекеттерін дұрыс қалыптастырып, бағыт беру мақсатында өткізілген байқауға аудандық байқаудан өткен 40-тан астам зерттеу жобасы ұсынылыпты.
Байқау өтіп жатқан кабинеттердің бірнешеуіне біз де бас сұқтық. Жұдырықтай жүректері лүпіл қаққан, көздерінен үміт оты жарқылдаған, жүздерінде жақсылыққа, жаңашылдыққа құштарлық байқалатын кішкентай зерттеушілер үлкен кісілердей бойларын тіп-тік ұстап, дауыс ырғақтарын түзеп, мәнерлей сөйлеп, әділқазылардың алдында үлкен толғаныспен сынақ тапсыруда. Еріксіз сүйсінесің. Өз беттерінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оны талдап, таразылап, түсінік беріп, жып-жинақы сөйлеп тұрған сергек те пып-пысық бүлдіршіндермен мақтанып кеткің келеді.
Маған тұрмыстық қалдықтардың, нақтырақ айтсақ, сусындардан босаған пластик бөтелкелердің қоршаған ортаға, денсаулығымызға зияны туралы тәп-тәуір баяндай келе, әлгі қалдықтардан өзі жасаған түрлі алқа, түйреуіш, түймелер, сыпыртқы, тіпті, қабырға сағатын да жасап шығарған қыз баланың жұмысы қатты ұнады. Ал бір оқушы пайдасынан зияны көп чипсы өніміне зерттеу, талдау, тіпті тұрғындар арасында сауалнама жүргізіпті. Міне, бізде осындай балғын зерттеушілер өсіп келеді.
Әділқазылар шешімімен «Тірі табиғат» номинациясы бойынша І орынды №196 жалпы білім беретін мектептің 3-сынып оқушысы Ханаева Лияна және №89 жалпы білім беретін мектептің 2-сынып оқушысы Шиянова Софья иеленді. Ал «Мен және менің әлемім» номинациясы бойынша І орынды №120 гимназияның 4-сынып оқушысы Ізбасар Жанел мен І.Жансүгіров атындағы №130 гимназияның 3-сынып оқушысы Голоскоков Максим бөлісті. Сондай-ақ, «Математика, ғылым, техника» номинациясы бойынша І орынға №76 жалпы білім беретін мектептің 3-сынып оқушысы Омарбай Рамазан мен №177 жалпы білім беретін мектептің 1-сынып оқушысы Рустамұлы Әлихан лайық деп танылды.
Конкурсқа қатысқан оқушыларды дайындаған педагогтардың да еңбегі ескеріліп, жеңімпаз бүлдіршіндердің мұғалімдерін «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найля Ордабаева Құрмет грамотасымен және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Байқауға демеушілік жасаған «Алтын кітап» редакциясының бас редакторы Вячеслав Титенев те кішкентай жеңімпаздарға дайындаған сыйлығын тарту етті.