Бәрінікі жөн, бәрінікі дұрыс

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ
Өзім секілді жұмыстан қайтқан елдің көптігін троллейбусқа мінгенде білдім. Іште ине шаншар жер жоқ. Бәрінің қабағы қатулы, бәрі де шаршаған. Жолақы төлеу үшін «Оңай» картасын жаныңдағылардан жалғап жібермесең, қиын-ақ. Ал ақшалай төлейтіндердің жағдайы одан бетер: ығы-жығы халықтың арасымен қыстырылып-қымтырылып келіп, тиын-тебенін жүргізушіге өз қолымен береді. Онысы басқаларға деген сенімнің аздығынан болар бәлкім. Сондай бір сәтте орта тұстан:
– Маған билет беріңіз, – деген дауыс саңқ етті. Отыздың үстіндегі орыс әйел екен. Кондуктор іле жауап қатып:
– Билетсіз жүре беріңіз, – деді.
Оған көнетін жолаушы көрінбейді, дызақтап тұрып алды. Жүргізуші келіншек терминалдағы қағаздың таусылғанын түсіндіріп болғанша орыс әйел кеше ғана билетсіз баланың автобустан қалай қуылғанын мысал ретінде айтып үлгерді.
– Аялдамаға жетіп алайық, сосын беремін! Шыдаңыз!
Негізі, жеке кондукторы болмаса, қоғамдық көлік тізгініндегі адамдардың бір уақытта бәріне үлгермеуін түсінуге болады. Біреу келіп аялдамасын анықтап, екіншісі жолақы ұсынып, үшінші жолаушы қайдағы-жайдағыны әңгімелейді. Ал бұның бәрі санаға салмақ түсіргеннен басқа ештеңе әпермейді.
…Билеті қолына тиген жолаушының аузы жабылған тұста екінші біреу келіп, жүргізушіге жүз елу теңгесін ұсынды. Ауылдың қазағы екені байқалып тұр.
– Ақша керек емес маған! Тегін жүре беріңдер. Тек қана мені деп мазаламасаңдар болды! – деп көліктегі «капитанның» талағы тарс айырылды.
Осыдан кейін тынышталған троллейбус ішінен «Жүргізушінікі жөн ғой. Алаңдатқанымыздың кесірінен апатқа ұрынсақ, қайтер едік?» деген күңкіл естіліп жатты. Ал ақша ұсынған әлгі бауырым «Билет бермей-ақ қойыңыз, бірақ тегін жүргенім ұят болады» деді де, үнсіз келіп, жүргізушінің алдына дөңгеленген тиындарды тастай салды.
Былай қарасаң, бәрінікі дұрыс. Бірақ «Оңайдың» жолында әлі де қиындықтар жатқанға ұқсайды.