Kazakh Tourism компаниясының өкілдері Ақтауда болды

Kazakh Tourism компаниясының өкілдері Ақтауда болды
Сурет:Gov.kz.

Бүгін Ақтауда Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдері жергілікті туристік қауымдастық пен қонақ үй иелерімен кездесті.

Кездесуде қарқынды дамып келе жатқан курорттық аймақта ұлттық компанияның жыл соңына дейін 1000-ға жуық салалық маманды оқытуға ниетті екендігі айтылды. Оған өңірде аспазшылар, швейцарлар, даяшылар мен бөлме қызметкерлері, жағажайдағы құтқарушы мамандар және өзге де сала мамандарының  тапшылығы түрткі болған, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сайтындағы хабарға сілтеме жасап.

«Өткен жылы аймақтағы барлық қонақ үй кешендері демалушылар санының артқандығын ерекше сезінді. Сәйкесінше, саладағы сапалы қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалды. Егер 2025 жылға дейін Маңғыстау 1,7 млн туристі қабылдауды жоспарлап отырғанын ескерсек, онда білікті кадрларға деген қажеттілік тек арта түседі», - деді Ұлттық компания төрағасы Ержан Еркінбаев.

Ақтау қаласының халықаралық әуежайының қызметкерлері де оқытудан өтеді, онда күрделі жағдайларда, тексеру желісінде туристермен өзара іс-қимыл жасау және т.б. маңызды мәселелерге ерекше назар аударылатын болады.

Оқытудан өткен барлық қатысушылар жергілікті курорттық нысандарда жұмысқа орналасады.

Сонымен қатар, кездесуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков жақында қабылданған туризм саласындағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары туралы айтты.

Сондай-ақ кездесу аясында туристерді есепке алу, туристік ағымды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған бірыңғай ақпараттық жүйе – eQonaq жұмысы таныстырылды.

Бүгінде бұл жүйе еліміздің 383 орналастыру орындарында (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс үйлері және т.б.) енгізілген. Ал жыл соңына дейін жүйеге еліміз бойынша 600-ден астам орналастыру орындары тіркеліп, оның ішінде Маңғыстау облысының барлық объектілері қосылады.