Ақтауда тұрғын үйлердің бірінде лифт шахтаға құлады

Ақтауда тұрғын үйлердің бірінде  лифт шахтаға құлады
Сурет: Inform.kz

Оқиғаға қатысты жауапты мекеме пікір білдірді 

Ақтаудың  17-шағын ауданының «Aktau Plaza» тұрғын үй кешенінде ішінде адамдары бар лифт шахтаға құлап кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

Тұрғындардың айтуынша, 25 қыркүйек күні кешкі сағат 19:30 шамасында ішінде адамдары бар лифт шахтаға құлаған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғындар бір-біріне көмектесіп, шахтадан шыққан.

Аталмыш оқиға кезінде лифтіде кішкентай балалар, жас аналар болған. Олар лифтінің істен шығуы бірінші рет емес деп шағымданды. «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев мәліметінше,  тұрғын үйдің лифті тұрғындардың өтініші бойынша барлық ережелерге қайшы қосылған. Ол қажетті сынақтардан өтпеген және пайдалануға берілмеген. Түрік өндірісіндегі лифтіні жеткізуге және монтаждауға арналған шарт 2019 жылы жасалған. Лифтіні монтаждау жұмысы 2020 жылы аяқталған.

«Барлық құжаттарды құрылыс салушыға тапсырдық. Олар өз атынан пайдалануға беруге өтініш беруі керек еді. Бірақ бұл құжаттар үйді салушыларда болды. Олар үйді толық аяқтамай жатып, адамдарды қоныстандырды. Тұрғындар лифт қосуды сұрай бастады. Өйткені алтыншы, жетінші қабаттарда қарт адамдар тұрады. Біз заңға қайшы келдік. Үйді толық пайдалануға рұқсат берілгенге дейін лифтіні іске қоспау керек еді. Біз тұрғындарға жеңілдік жасағанымызға кінәліміз», - деді «Ақтау қалалық лифтілері» ЖШС құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.

Пайдалануға тапсырар алдында мамандар лифтінің қауіпсіздігін тексеруі керек еді. Бірақ бұл жұмыстар жасалған жоқ. Өйткені құрылыс салушы әлі тіркеуге өтініш бермеген еді. Мамандар төтенше жағдайдың себебі шамадан тыс жүктеме болуы мүмкін деп болжайды.