Ақша философиясы неде?

Ақша философиясы неде?
Сурет: Nationalbank.kz

Ақша ұғымын қалай түсінеміз?!

Атақты сәнгер әрі өз заманының ауқатты адамы Коко Шанель: «Мен адамдарды ақшаны ұстауларына қарап бағалаймын. Ақша - мақсат емес, ол адамның қателескен, қателеспегенін білдіретін дәлел», - депті. Иә, мұны екі мағынада да ұғынуға болады. Астары терең, айтар ойы тым ауқымды.

Әріден қозғайық. Ақша, сөз жоқ, магиялық қасиетке ие. Тіпті, адам баласын танымастай өзгерте алатын тылсымдығы бар. Оны жоққа да шығару мүмкін емес-ті. Дәлірек, жақсы жағынан немесе осыған қарама-қарсы бағытқа бұруы да ықтимал. Біздер өмір сүріп отырған заманауи қоғамды ақшасыз елестету қиын. Бұның дәлелі ретінде экономикалық ахуалды алға тарта аламыз.

Егер де ақша болмаса, көптеген мамандық жойылар еді. Сонымен қоса, орта ғасыр, одан әргі есте жоқ ескі заманға тап болғандай болар едік. Қазір осы терминді жоғалту электр жарығын шамға алмастырғанмен тең болғандай болар еді.

Тұңғыш монета. Бұны даңқты қолбасшы Александр Македонский есімімен байланыстырады. Ол өзінің атынан монета соқтырған. Оған және өз есімін ойып жаздырған көрінеді. Түркіше атағанда, Ескендір патшаға бұл жайында ақыл-кеңес берген данышпан-ойшыл Аристотель болған деседі. Сол уақыттың өзінде мына шеті Африка, арғысы Грекия аймағы қолданыпты.

Ал монеталардың ерекшелігі шыдамдылығы мен ұзақ мерзімділігінде болып табылады. Ондағы символдар қай дәуірде пайдаланылғандығынан сыр шетеді.

Әлемде жер-жаһанды жаулауға тырысқан патшалар аз болмады. Соның бірі - Римді билеген Юлий Цезарь патша. Ол да өзінің бейнесімен монета шығарған. Нақ сол ежелгі дәуірде осылай жасау ұлылықтың белгісі саналған.

Қағаз ақшаның бастауы. Алғашқы қағаз ақша Ежелгі Қытайда пайда болған. Тарихи деректерге қарағанда, оны қытайлықтар жасаған.  Бұл өнім монеталарға қарағанда ыңғайлырақ болған деседі. Құнды қағаздар 812 жылы пайда бола бастады. Аталған жаңалық көпестердің ісін жеңілдетті. Банкноттарды шығарған «Сун» патшалығы болатын. Олар үшін тиімдісі осы болды. Өйткені, монета шығарып, оған біршама күш жұмсаудан гөрі, жеңіл әрі ыңғайлы түрін пайдалану оңайға соқты. Осылайша дами берді.

Заманауи ақша. Ашық дереккөздерде 1934-39 жылдар арасында шыққан көрінеді. Осы күнгі қолданыстағы банкноттарды Америка басып шығарды. Сөйтіп, оны барлық жерде қолданысқа енгізді. Бұл ғажайып уақыт 1939 жыл еді.

Төл валюта тарихы. Бәрімізге аян, біздің ұлы даламызда небір тарихи оқиғалар өткен. Сонау Сақ, Ғұн, Түркі, берісі Алтын Орда, Қазақ хандығы тұсында теңге соқтырған. Айырбаспен қатар ақша да қолданылған. Әрине, өз дәуірне қатысты әртүрлі сипатта аталған. Кешегі кеңес заманында рубль аймағында болдық. Оның бәрі тарих қойнауына кетті.

Қазақ елі Тәуелсіздігін алған тұста өзінің төл валютасын шығаруды қолға алды. 1993 жылы «Теңге» деген тарихи атаумен өз ақшамызды жасадық. Мұның тарихы көпке мәлім. Дәп сол шақта ұлы даладан шыққан ұлы тұлғалар купюраларға бейнеленді. Содан бері бірнеше мәрте өзгерді. Әрленді. Әлем бойынша «ең әдемі ақша» деген номинацияны да иеленді.

Ақшаға қатысты ырым-тыйымдар. Ең қызығы мынада. Біздің тіршілігімізге ақша осыншалықты сіңіп кеткені соншалық – ырым-тиымдар пайда болғанына куәміз.  Мәселен, «Түнде ақша беруге болмайды» деп жатады. Бұл ақшамен бірге оның қасиеті яки байлығы сол адамға көшіп кетеді дегенді ұғындырады. Сауда-саттық саласында ақшамен тауарлар мен заттарды сипап (ырымдап ұрып) қояды. Мұның сыры қаражат көбейіп, табыс артсын дегенді білдіреді. Қысқасы, осылай жалғаса береді.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұлттық нақышта безндірілген монеталардың айналымға енетіні көңіл қуантады.

Тобықтай сөздің түйіні. Роберт Кийосаки «Ақшаның құлы болуға да, биі болуға да болады» дейді. Дүние жүзіне танымал бизнесменнің ойымен толықтай келісуге негіз бар. Жоғарыдағы пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, даралап, саралағанда, осыған саяды. Ақшаның философиясын түсіну әркімнің өзіне ғана аян. Бастысы, еңбек ақ, табыс адал болғай! Сонда діттеген мақсатқа маңдайы жарқырап жетері анық.