Азық-түлiк бағамын тұрақандыруға 1 млрд. 325 млн теңге бөлiндi

Берiк СӘДУАҚАС

Бұрнағы күнi қалалық Мәслихаттың кезектi XXXVIII сессиясы болып өттi. Кеңейтiлген басқосуға қала Әкiмi Ахметжан Есiмов, барлық жетi аудан әкiмдерi және шаһар шаруашылығына жауапты қалалық басқарма басшылары бiр кiсiдей қатысты.

Шығыс айналма жолы қашан аяқталады?

Халық қалаулылары алдында аудан әкiмдерi 2010 жылы атқарылған әлеуметтiк-экономикалық iс-шаралар туралы қорытынды есеп бердi. Сонымен қатар, аудан басшылары депутаттарды алдағы 2011 жылы қолға алынатын жұмыс жоспарларымен таныстырды. Мәслихат отырысында депутаттар қала тұрғындарының күнделiктi өмiрде толғандырып жүрген өзектi сұрақтарын да қойды. Мәселен, депутат А. Маралов өткен жылы бiрiншi кезеңi пайдалануға берiлген Шығыс айналма жолы құрылысының қашан толық аяқталатыны жөнiнде сұрау салды. Бұл сауалға Қалалық жол көлiгi және жолаушылар тасымалы басқармасының бастығы Владимир Меренков жауап берiп, жол құрылысына қажеттi қаржы мөлшерi бөлiнгендiгiн, бүгiнгi күнi жұмыс барысы кестеге сәйкес жүрiп жатқандығын, ал Халиуллин көшесi мен Құлжа тас жолындағы алып жол айрығы келесi 2012 жылдың соңында ел игiлiгiне берiлетiндiгiн айтты. Оның айтуынша, тек жол құрылысы бойындағы тұрғын үйлердi бұзғаны үшiн өтемақы мөлшерi 8 млрд. теңгенi құрайды. Сондай-ақ, депутаттар Исмагил Шәрiпов, Амантай Бiртанов, Александр Моргуновтар қала Әкiмi Ахметжан Есiмовке Көк базар төңiрегiнде салтанат құрған тазалық тәртiбi үшiн қала халқының алғысын жеткiздi.

Қаланың 2011 жылғы нақтыланған бюджетi 246 млрд. 229 млн. 835 мың теңге

Мәслихат отырысында қалалық Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов баяндама жасап, 2010 жылы 13-желтоқсанда қабылданған №374 «Алматы қаласының 2011-2013 жылдарға арналған бюджетiн бекiту туралы» қалалық Мәслихаттың XXXIV сессиясының  шешiмiне өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсынысын депутаттар талқысына салды. Халық қалаулылары әрбiр тармақты жеке-жеке екшеуден өткiзген соң, ұсынысты бiрауыздан мақұлдады. Сонымен қатар, Сардар Серiкұлы республикалық трансферт арқылы қала қазынасына қарастырылған жалпы сомасы 17 млрд. 978 млн. 349 мың теңгенiң қай бағытта игерiлетiндiгiн жан-жақты талдап айтып бердi. Бұл қаржыға қаладағы көптеген әлеуметтiк нысандарға күрделi жөндеу жүргiзiлетiн болады. Сондай-ақ, бiрқатар инженерлiк коммуникация құрылымдарының инфрақұрылымдары жаңартылады. Ал Шығыс айналма жолын аяқтауға 1,5 млрд. теңге бөлiнiп отыр.

«Алматы» әлеуметтiк азық-түлiк корпорациясы 30 әлеуметтiк дүкен ашатын болды

Жергiлiктi бюджеттен 2 млрд. 272 млн. 128 мың теңге қарастырылып, шаһар шаруашылығында бiрiншi кезекте маңызы бар бiрқатар бағдарламалар нақты iске асатын болады. Негiзгi жобаны айтар болсақ, қаладағы азық-түлiк бағамын тұрақтандыру мақсатында «Алматы» әлеуметтiк азық-түлiк корпорациясына 1 млрд. 325 млн. теңге бөлiндi. Осы құрылымның Бас директоры Керiмжан Бижановтың айтуынша, бұл қомақты қаржыға алыс-жақын шет елдермен бiрiккен кәсiпорындар құрылып, Алматының маңайында көкөнiс өнiмдерiн өндiрумен айналысатын болады. Оның үстiне, жақын аймақтардағы ауылшаруашылық тауарларын өндiрушiлерден ең бiрiншi кезектегi, атап айтқанда, картоп, жуа, сәбiз сияқты дақылдарды көтерме бағамен сатып алып, қала тұрғындарына нарық бағамынан 20-30 пайыз төмен бағамен ұсынатын болады. Бұл бағытта қала шеңберiнде 30 әлеуметтiк сауда дүкендерi жұмыс iстейдi. Қазiргi таңда тұтынушыларға 7 автокөлiк сауда керуендерi қызметтерiн бастап та кеткен. «Алматы облысының диқандары қаланы көкөнiспен толық қамтамасыз етуге дәрменi жетпей отыр. Сондықтан, жақын уақытта көршi Шымкент, Жамбыл облыстарына барып, егiс даласындағы диқандармен тiкелей келiсiм-шартқа отырмақ ниеттемiз. Одан басқа, көршi Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мемлекеттерiмен де азық-түлiк жеткiзу жөнiнде келiссөздер жүргiзудемiз. Қазiргi таңда, қалада 36 мың тонна көкөнiс және азық-түлiк сақтай алатын логистикалық қоймалар жұмыс iстейдi. Сондықтан, алдағы уақытта тiзгiнсiз кеткен баға деңгейiн ретке келтiруге барлық алғышарттарды қолданамыз», – дейдi бiзбен тiлдескен Керiмжан Бижанов мырза.

«Көгалдандыру» АҚ жұмысшылар жалақысына 66 млн. берешек

Мәслихат жанындағы Тұрақты тексеру комиссиясының төрағасы, депутат Виктор Бөлекбаев бiрқатар коммуналдық мекемелерге жүргiзiлген тексеру жұмыстарының нәтижесiн жариялады. Оның мәлiм еткенiндей, бүгiнгi таңда кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен «Көгалдандыру» АҚ, «ДЭУ — автобаза» мекемелерiнiң қаржылық қауқары әлсiреген. Осы екi кәсiпорын да қазiргi күнi банкроттық жағдайдың алдында тұр. «Көгалдандыру» АҚ дебиторлық қарызды айтпағанда, өз еңбеккерлерiне 66 млн. теңге көлемiнде берешек. Жұмысшылардың жалақы алмағанына 3-4 айдың жүзi болған. Кәсiпорын иелiгiндегi 200 га.-ға жуық жер телiмдерi мақсатты бағытта игерiлмей отыр. Олардың саудаға шығарған жас өскiн көшеттерi нарық бағасынан 2-3 есе жоғары. Осы жерде қала Әкiмi Ахметжан Есiмов аталмыш мекеме басшысына жұмысшылардың жалақы мәселесiн жедел оң шешудi тапсырды.

– Бiз қала тұрғындарының күрмелген мәселесiне бей-жай қарай алмаймыз. Ал көтерiлген мәселенi жақын уақытта асықпай зерттейтiн боламыз, – дедi қала басшысы.

Мәслихатта қаралған барлық мәселелер бойынша тиiстi қаулы қабылданды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *