Азия додасын алдыңғы орында қорытындылады

Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті. Бұл сын Токио олимпиадасына іріктеу турнирінен кейін іле-шала өткізілді.

Құрама бапкерлері бірінші нөмірлі балуандар мен олардың ізбасарларын толық сынай алды деуге де болады. Құрлық додасының қорытындысы бойынша Қазақстан және Иран құрамалары 17 жүлдеден (7 алтын, 5 күміс, 5 қола) жинады. Дегенмен, жалпы есепте еркін және грек-рим күресінен алда болғанын ескерсек, парсы балуандарын құрлық көшбасшысы деуге әбден болады.

Әйелдер арасында Валентина Исламова-Брик (50 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) құрлық чемпионы атанды. Екі спортшы үшін де аса қуаныштымыз. Өйткені, Валя да, Эльмира да бұған дейін үлкен сындардың алтын жүлдесіне жетпей жүретін еді. Исламова- Брик әлем чемпионатының қоласынан
бөлек, Азия чемпионатының екі қола жүлдесін иеленген-ді. Ал Сыздықова 2014 жылдан бастап құрлық додасының алтыннан басқа жүлделерін екі-екіден жеңіп алды. Алматыдағы финалда ол қырғыз балуаны Айпері Медетқызына аяғын беріп қойғанмен, басынан асыра лақтырып, таза жеңіске жетті. Сыздықованың еншісінде Токио жолдамасы бар.

Алдағы үлкен сынға оның зор үмітпен қатысатыны күмәнсіз. Жәмила Бақбергенова (72 келі) Азияның күміс жүлдегері атанды. Бұл салмақта біздің спортшыларда әлі олимпиада жолдамасы жоқ.
Жәмиланың аяқ алысы әлі нақты емес. Сондықтан бапкерлер мамырдағы соңғы
іріктеу турнирі қарсаңында мықтап ойланары сөзсіз. Асылзат Сағымбай (53 келі), Айша Уәлихан (55 келі) және Алтынай Сатылған (57 келі) бұл жолы Азия чемпионатының қола жүлдесін қанжығалады. Грек-рим күресінен де еншімізге екі алтын бұйырды. 60 келіде күрескен Айдос Сұлтанғали да, 63 келіде кілемге
шыққан Сұлтан Әсетұлы да финалда ирандық қарсыластарынан басым түсті.
Әсіресе, ересектер қатарына енді ауысқан Әсетұлының қадамы қуантады. Ол алтын үшін таласта Мейсам Далханиды таза жеңді. Алдағы ірі сындарда Сұлтан бұл қарқынынан танбаса, талай биікті
бағындыратыны сөзсіз. Тәжірибелі Алмат Кебісбаев финалда жапон балуаны Тсучика Шимоямададан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Әлімхан Сыздықов та (130 келі) күміске ие болды.
Ол финалда Әли Әкбар Юсефиге (Иран) есе жіберді. Демеу Жадыраев (77 келі) және Ерұлан Ысқақов (97 келі) жарысты қола жүлдемен қорытындылады.

Еркін күрес шеберлері үш алтын, екі күміс еншіледі. Сырбаз Талғат (70 келі) тұңғыш рет ірі жарыстың алтынына ие болса, олимпиялық салмаққа ауысқан Нұрқожа Қайпанов (77 келі) екінші рет
Азия чемпионы атанды. Ол финалда ирандық Мұстафа Хоссейнханиден басым түсті. Олег Болтин (125 келі) финалда қырғыз балуаны Айял Лазаревтен жеңіліп жатып, соңғы минутта 4:3 есебімен жеңісті жұлып алды. Адлан Асқаров (61 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) финалда қарсыластарынан жеңіліп, күміс
жүлде иеленді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *