Азық-түлік неге қымбаттауда?

Азық-түлік неге қымбаттауда?
Сурет: Championat.com

Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдай әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетика және қаржы саласына айтарлықтай кері әcер етіп отыр. Бұған дейін мамандар көрші елдердегі жайттарға байланысты әлемде аштық болуы мүмкін екенін айтқан еді. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz хабарлайды Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының бағалауынша, зардап шегетін адамдар саны пандемияға дейінгі 135 миллионнан соңғы екі жыл ішінде 276 миллионға дейін жетіп, екі есеге өскен. Бірақ өкінішке қарай, Украинадағы жағдайдың салдарынан бұл сан 2022 жылы 323 миллионға дейін артуы мүмкін екені болжанып отыр. Осыдан-ақ жағдайдың әлемдік деңгейде ушығып кеткенін көруге болады. Осыған байланысты БҰҰ өкілдері қазір украиндық және ресейлік азық-түлік өнімдерін әлемдік нарыққа қайтару өте маңызды екенін айтып, дабыл қағып отыр. Жалпы әлемдегі және Қазақстандағы инфляция мен азық-түлік бағасының өсімі, оның салдары, сонымен қоса мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар жөнінде келесі материалда.

«Әлем бұрын-соңды болмаған дағдарыстың алдында тұр»

БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Украинадағы жағдайдың азық-түлік, энергетика және қаржы жүйелеріне жаһандық әсері» атты баяндамасында бұл жайт дүниежүзіндегі көптеген басқа дағдарыстың салдарын күшейтетінін айтып отыр. Мәселен, климат, COVID-19 және пандемиядан кейінгі қалпына келтіруге болатын ресурстарға қол жеткізудегі жаһандық теңсіздік мәселелері ушығып жатыр.

«Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдай басталғалы бері біз жаңа жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Украинада қалғандардың жай-күйі нашарлап, күн өткен сайын жағдай қиындап бара жатыр. Ал дүниежүзіндегі адамдар үшін бұл геосаяси жағдай басқа проблемалармен бірге аштық пен кедейліктің, әлеуметтік және экономикалық хаостың және бұрын-соңды болмаған дағдарыстың болу қаупін төндіріп тұр», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Әлемдегі азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге жақындады БҰҰ-ның мәліметінше, әлемдегі азық-түлік бағасы қазірдің өзінде рекордтық деңгейге жақындаған, ал тыңайтқыш құны екі еседен астамға артып отыр. Тыңайтқыштар бағасының өсімі жүгері мен бидай тапшылығына әкеледі, бұл өз кезегінде Азия мен Оңтүстік Америкадағы миллиардтаған адамның өміріне қауіп төндіреді және барлық негізгі дақылдың тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде азық-түлік инфляциясы бір жыл ішінде 1,68%-дан 11,51%-ға дейін, ЕО-да 0,1%-дан 8,6%-ға дейін артқан. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының индексі 2021 жылғы сәуірдегі 122,1%-дан 2022 жылғы сәуірде 158,5%-ға дейін өсті. Ет бағасының индексі ұқсас кезеңде 104,3%-дан 121,9%-ға дейін, сүт өнімдеріне баға индексі – 119,1%-дан 147,1%-ға дейін, дәнді дақылдарға – 126,2%-дан 169,5%-ға дейін, өсімдік майларына – 162,2%-дан 237,5%-ға дейін, қантқа – 100%-дан 121,8%-ға дейін артқан. Ал ЭЫДҰ елдеріндегі энергетика сегменті тауарларына инфляция деңгейі бір жылда 16,47%-дан 32,53%-ға дейін өсті. Азық-түлік пен энергетика сегментінен басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы да айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.

«Биылғы дағдарыс салдырынан азық-түлік өнімдері нарыққа жетпей жатыр. Бірақ келесі жылы азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін»,-деген еді БҰҰ Бас хатшысы.

БҰҰ-ның мәліметінше, 94 елде тұратын шамамен 1,6 миллиард адам кем дегенде дағдарысқа әкеліп соқтырған себептердің біріне ұшыраған және онымен күресуге қауқарсыз. Антониу Гутерриш халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес саяси шешім қабылдауға шақырған болатын. БҰҰ-ның мәліметінше, бұл дағдарыс барлық аймақ пен субөңірлерге әсер етпейді. Бірақ бұл төтенше жағдай мен кедейлік Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы 2,8 миллион адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қазір аптап ыстықтан қиналып отырған Оңтүстік Азияда 500 миллион адам азық-түлік пен қаржы дағдарысынан қатты зардап шегуде. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне Ресейден аударылатын қаржы мен энергия экспортының маңызды екенін ескерсек, олардың энергетикалық және қаржылық аспектілерге тәуелді екенін көреміз.

Қазақстанда азық-түлік 19% қымбаттады

Қазақстан үкіметі де әлемдік дағдарыспен күресу, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шараны қолға алып жатыр. Мәселен, наурыз айында өткен үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов бағаны тұрақтандыру құралдарын жетілдіру мақсатында жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын атап өткен болатын. Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатып алу көлемін ұлғайтумен үш бағыт бойынша тауарлар бөлінісінде азық-түлік сатып алу ұсынылған. Бірінші – ұзақмерзімді сақтау тауарларын (күріш, қант, тұз және қарақұмық жармасы) тұрақтандыру қорларына жергілікті атқарушы органдардың тікелей және форвардтық сатып алуы арқылы сатып алу ұсынылады. Екінші – «Айналым схемасы» шеңберінде көкөністерді, етті, сүт өнімдерін және күнбағыс майын сатып алу. Үшінші – ұн, нан және рожки өндірісін арзандату үшін бидайды «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы сатып алу ұсынылады. Сондай-ақ аталған институтты астық және күнбағыс тұқымдарын сатып алу үшін тарту ұсынылған.

«Жоғарыда аталған тәсілдер халықты өніммен жеткілікті көлемде және қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді Ерлан Баттақов.

Бұдан бөлек биылғы қаңтар айының басында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының бағаны тұрақтандыру туралы тапсырмасын орындау аясында Үкімет мынадай шараларды қолға алғанын мәлімдеген еді.

- коммуналдық қызметтерге тарифтер тоқтатылды;

- жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салынды;

- жанар-жағармай материалдарына шекті баға белгіленді және автомобиль көлігімен бензинді, дизельдік отын мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға 6 айға тыйым салынды;

Дегенмен, осы жылдың ақпан айының соңында орын алған жайтқа дейін жасалған барлық іс-шара тиімді болуы мүмкін еді, алайда геосаяси жағдайдың салдарынан қабылданған іс-шаралар әлемдік дағдарысқа төтеп бере алмауы мүмкін деді мамандар. Мәселен, еліміздегі азық-түлік тауарлары бір жылдың ішінде 19%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,9%-ға, ақылы қызметтер – 9,1%-ға қымбаттап отыр. Мұның өзі сарапшылардың көрші елдердегі жағдайдың салдары тұтас елдің экономикасына, азық-түлік қауіпсіздігіне міндетті түрде әсер етеді дегеніне дәлел бола алады.