Азық-түлік не себепті қымбаттады?

Азық-түлік не себепті қымбаттады?
Сурет: Kapital.kz

Сауда министрлігі бұл жағдайға түсініктеме берді.

Азық-түлік бағасын көтерме сатушылар алыпсатарлық жолмен арттырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан өзін азық-түлік тауарларымен толықтай дерлік қамтамасыз етеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, соның ішінде импортқа тәуелді позициялардың (қант, тауық еті, сүзбе) айтарлықтай қоры бар.

«Тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақтаулы тұр. Оның ішінде ұн, қант, макарон, күріш және тағы басқа көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалды», - делінген хабарламада.

24 ақпандағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 11,5 мың тонна ұн, 3,8 мың тонна қант, 1,5 мың тонна макарон, 0,8 мың тонна күріш сақталған. Шамамен 124,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде 45,7 мың тонна картоп, 12,5 мың тонна пияз, 13,2 мың тонна сәбізді жеткізуге форвардтық шарттар жасалды.

Сауда желілері одағының деректері бойынша, ритейлерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорымен кем дегенде 30 күнге қамтамасыз етілген. Бұл қорлар қол қойылған келісімшарттар есебінен, оның ішінде айналым схемасы шеңберінде қалыптасады. Яғни, тауарлар ең төменгі сауда үстемесімен белгіленген бағамен сатылады.

«Үй жанындағы дүкендерде бағаны көтеру фактілері байқалады. Ол көтерме сатушылардың азық-түлік бағасын алып-сатарлық жолмен арттыру жағдайларымен байланысты. Алып-сатарлықтың алдын алу үшін әкімдіктер қазір сауда-саттыққа қатысушылармен жұмыс жүргізіп жатыр», - деп атап өтті министрлік қызметкерлері.

Сауда үстемелері мен ретро-бонустарды әкімшілендіруді және мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ шекті бағаларды уақтылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Әкімдіктер тарапынан 15%-тен аспайтын мөлшерде сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алуына жол бермеуге күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізіледі.

Осы бағыт бойынша әрбір сауда нүктесін бақылау үшін жұртшылық тартылады.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2024 жылға дейінгі жоспар әзірленді.

Осы жоспарды іске асыру аясында өз өндірісі есебінен ішкі тұтынуды 100% қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.