Ажырасу идеясының 80 пайызы әйелдерге тиесілі

Бұл мамандық иесінің қызметі сіз бен біз білетін мамандықтардан өзгерек. Бұл маманның алдына келіп кеңес алған адам ойын ғана емес, шешімін де, өмірге деген көзқарасын да 360 градусқа өзгертіп шығады. Әрі бұл маманның алдына көбіне отбасылы қыз-келіншектер барады. Барғанда да, «ажырасқым келеді» деген ауыр жүкті қол сөмкелерімен «көтеріп» келіп, қайтарында сол жүкті сондағы қоқыс жәшігіне тастап шығады.
Біз 15 жылдық тәжірибесі бар психолог, отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, тұлғалық даму саласы бойынша сарапшы-маман Құралай Калиевамен ажырасу мәселесі, әйел мен отбасы бақыты жайын қозғаған едік.
– Құралай ханым, 2016 жылы ажырасу бойынша Алматы қаласы бірінші орынға бір-ақ шыққан. Бұл мәселенің астарында не жатыр?
– Ажырасу дерегі бойынша біздің ел әлем бойынша алдыңғы қатардағы он елдің көшінде тұр, өйткені, қазақтың әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Алматы сияқты алып мегаполистегі тіршілік қарқыны жоғары болғандықтан, мұнда күнкөріс қамы үшін жанталас жоғары. Сондықтан отбасындағы береке мен үйлесімділік екінші орынға ысырылып қалды. Үйленетін жастар көбіне құмарлық пен ғашықтықты ажырата алмай жатады. Құмарлық – адамның биологиялық қажеттілігі. Қолжетпестей болған нәрсеге қолжеткізген кезде оған деген қызығушылығы төмендейді. Құмарлықпен қосылған жастардың бойындағы гормондар өз сабасына түскен сәттен бастап «бұл адамды қалай жақсы көрдім» деген ойлар келеді. Оның үстіне айналамызда ажырасу да көп болғандықтан, жастарымыз оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауда. Мұның бәрі олардың психологиясына өз әсерін тигізуде. Ұят екінші орынға ысырылып кетті. Дегенмен, бұл бүгінгі мәселе емес. Кеңес үкіметі кезіндегі елу де елу саясаты отбасы мүшелерінің үйлесімділігін бұзып кетті. Сол кездегі саясат еркек пен әйел теңқұқықты, еркек істеген жұмысты әйел де істейді, «сен мықтысың» деп әйелдерге шалбар кигізіп, темір тұлпарларға отырғызып, қолына қару да ұстатты. Механизатор, тың игеруші Кәмшат Дөненбаева, тракторшы Жадыра Таспамбетовалар кезінде қаншама қыздарға «үлгі» болды. Соның салдарынан қазақтың әйелдері «мен де еркек сияқты өмір сүре аламын, мен одан кем емеспін» деп ер-азаматтың алдына түсіп, еркектермен тең басып шыға келгенде, Жаратушының әу баста берген нәзіктігі мен әлсіздігін ұмытып кетті. «Алдымен өз басымның қамын ойлаймын, менің бақытым бірінші орында» деген еуропалық көзқарасты ұстанатын да жастарымыз бар. Халық не естісе, соны бойына сіңіріп алып жатыр. Оның үстіне еуропалық үлгідегі кітаптарды дәл солай қазақшаға аударып, ұсынуда. Қазағым психологиялық тұрғыдағы білімге шөлдеп жүр. Бірақ қазақтың қазанында қайнамаған дүние жақсылық әкеле ме, бойымызға қона ма? Сүзгіден өткізе алған адамдар өткізеді. Ал жастарымыз ше? Олар сол бойы қабылдап, өзім-өзім деп өмір сүріп жатыр. Отбасылық өмірде де олар өзімшілдікке салынып, әңгімелері жараспай қалса, бірден екі жаққа кетуге дайын тұр. Отбасында бақытты боламын деген адам ондағы адамдардың бақытын ұйымдастырып алу керек. Жеке бастың бақыты одан кейін келеді. Өкінішті жағдай, ажырасу жылдан-жылға азаймаса, көбейіп келеді. Ащы да болса шындық, ажырасу идеясының 80 пайызы – әйелдерге тиесілі. Ер адамның ақылына көбінде ондай ой келмейді. Оны кезінде Мұхтар Әуезов «әйелдің басындағы сасық тұман айықпайынша, қазаққа жақсылықтың күні күліп қарамайды» деген. Әйелді дамытып, әйелді тәрбиелеу керек. Жүрек қалауымен немесе қажеттілікпен құрылған отбасы болса да, оны ойрандап, ажырасып, шешуге тиіс мәселені екі жаққа кету арқылы шешем деген пікір қате. Қандай қиын жағдай болса да, ажырасамын деген отбасының шаңырағын шайқалтпай, аман алып қалуға болады.
– Бүгінге дейін қазақта қалыптасқан отбасылық институт қандай еді?
– Кез-келген қазақ әйелі ер адамды хан санайтын. Отбасында оның шығарған шешімі дұрыс па, бұрыс па оны талқыға салмай, орындайтын. Ер адам қателессе, «сенікі дұрыс болмады» демеген, қабылдаған, келесі жолы дұрыс шешім қабылдауына жәрдемдесіп, сенім білдірген. Әйелдер бастан алып, төске шаппаған. Қазақтың тәрбиесінде дастархан басына әкесі отырып бата жасамайынша, ешкім ас ішпейтін. Үйде анасы мен балалары әкесінің қас-қабағына қарайтын. Шешелеріміз кез-келген жағдайда «әкең не дейді екен, әкеңнен сұрайық» деп соңғы сөз бен шешімді отағасынан сұрайтын. Ол кезде еркектің алдына түсіп, ақша жасаудан әйелдер дәл бүгінгідей жарыспайтын.
– Дегенмен, бүгінгі заманның өмір сүру деңгейі мен адамдардың өмірге көзқарасы белгілі бір трансформациядан өтуде. Отбасы мүшелерінің екі жаққа кетуінен қалай сақтануға болады?
– Қазақта «тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар. Отбасылық өмірге сауатты түрде тәрбиелейтін мектептер, мамандар қажет. Ондай мектептер көрші Ресей мен Еуропа елдерінде жүйелі түрде жұмыс істейді. 200-300 адам жиналатын семинарлар өткіземін. Соңында әр адамға анкета толтыртамыз, сонда кем дегенде 20-30 адам «ажырасуға арыз беріп қойғам, сіз менің отбасымды аман алып қалдыңыз. Райымнан қайттым, түсіндім» деген пікірлер оқимын. Маған келетін қыз-келіншектердің көбі орта жастағылар. Немерелі болғандар да ажырасамын деп келеді. Оған орыстар айтпақшы, орта жастағы дағдарыс себеп. Олар жүрекпен емес, ақылмен, есеппен өмір сүргендер. Жүрек тыңдалмағандықтан «ұйқыға» кетеді, ал ақыл күндердің күнінде шаршайды, ал адам есепке құрылған өмірден жалығады. Соңы сосын ажырасумен аяқталып жатады. Психологиядағы он бес жылдық тәжірибемде қазақтардан басқа, өзге ұлт өкілдері де «ажырасамын» деп келіп, шешімдерін өзгертіп қайтқандары көп болды. Кейбіреулер менің әлеуметтік желідегі парақшамды оқыса, кейбіреулері видеомды көріп, «ажырасамын деген ойымыз өзгерді» деп жазып жатады. Жеке қабылдауыма отбасымызды асыраймыз, күйеуіміздің бір жағына шығысамыз деп ақша қуып жүрген әйелдер де келеді. Күйеуіңізге әйел, сізге күйеу табылады, балаға өз әкесіндей әке табылмайды. Мейлі, әкесі уақытша жұмыс істемей үйде отырса да, ол ұлына әкелік энергиясын беріп отырады. Туған әкесімен өскен бала психологиялық тұрғыда сау болады. Физиологиялық тұрғыда аман-есен қылып, материалдық жағынан таршылық көрсетпей анасы жалғыз өсіруі мүмкін, бірақ әкесіз өскен балалар рухани кемтар болады. Өмірде де байқап қарасаңыз, әкесі бар бала көшеде бір жағдайға тап болса, қорықпай батыл сөйлеп, алдыға атып шығады, ал әкесіз өскен бала тартыншақтап, артқа кетіп тұрады. Бала, ұрпақ үшін өмір сүретін халықпыз ғой. Кез-келген қиын жағдай болса да, отбасыны ажырасудан сауатты түрде аман алып қалуға болады. «Мен шешім қабылдап қойдым, ажырасамын, сіз не дейсіз» деп алдыма келеді. «Ажыраспайсың деймін. Шынымен ажырасқың келсе, менің алдыма келмей-ақ шешім қабылдайтын едің. Сен ажыраспа деп айтатын адам іздеп жүрсің, жауап іздеп жүрсің. Отбасыңды қимай жүрсің, менің алдыма келген екенсің, ажыраспайсың» деймін.
– Бизнесте ер-азаматтармен қатар жүрген отбасылы әйелдер өте көп. Оларға қандай кеңес бересіз?
– Бизнес жасап жүрген қыздар нағыз әйел бақытын, нәзік жан бақытын сезіне бермейді. Бизнес – еркектің жұмысы. Балаларының басынан сипап, күйеуінің тамағын пісіріп, үйде отырған әйелдің бақытын бизнесте жүрген әйелдер білмейді. Үйдің берекесін кіргізіп, сыртта жүрген күйеуінің тілеуін тілеп, үйдегі жағдайды жасап отырған әйелдер – нағыз әйелдер. Олар балаларының тәрбиесіне көңіл бөліп, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отыр. Егер бизнес жасап жүрген әйел болса, нәзіктігін жоғалтып алмауы керек. Өйткені, ер адам нәзіктікті көрген кезде ғана қамқор болады. Әйелге өзінің керек екенін сезінгенде ғана жағдайын жасайды. Егер ер адам әйелінің жағдайын жасамай жатса, ол әйелге нәзіктік нүктелерін іске қосу керек. Жұмыстан шығып үйге келгеніңізде «Бақытты әйел көйлегін» киіп алыңыз. Яғни жұмыста киіп жүрген бастық көйлегімен үйге кірмеңіз, балаларыңның алдында анасы, күйеуіңнің алдында оның жары, енеңнің алдында келіні екеніңізді ұмытпаңыз. Бизнеске қатысты айтсам, меніңше қазақтың әйелдеріне бизнесті балаларын аяқтандырып, істерге іс таппаған кезде ғана жасау керек шығар. Бірақ олар келін түсіріп, немере тәрбиелеймін деп жүріп-ақ соған бар уақыты мен күшін сарп етеді.
–«Ақшамның» оқырмандарына бақыт рецептісін айтып өтсеңіз. Бақытты отбасы деген қандай отбасы?
– Өзі бақытты әйелдің отбасы бақытсыз болуы мүмкін емес. Бала кезіңізді еске түсіріп көріңізші, егер үйде анаңыз көңілсіз болса, сіз жадырап жүре алатын ба едіңіз? Әкеңіздің көңіл күйі болатын ба еді? Отбасындағы береке мен шырайдың ұйытқысы – әйел адам. Сондықтан бақыттың кілті – әйелде.
Ер адам өзін әйелге керек екенін сезінген кезде еркек сезінеді. «Қалай ойлайсыз» деп оның ойын, пікірін тыңдап, «сізден артық ешкім оның шешімін білмейді» деп жігер беру арқылы үнемі күйеуіңізді төбеңізге хан көтеріңіз. Әдетте енелер 100 пайыз жақсы келін күтеді, келіндер енесінің 100 пайыз жақсы болғанын қалайды. Соны армандап отырған адам өзі сондай 100 пайызға жақсы адам ба? Бірақ ондай идеалды адам жоқ өмірде. Кез-келген адамды оның кемшілігі мен артықшылығын қоса қабылдау қажет. Өйткені, сіз де, мен де, олар да кемшіліксіз емес. Адамдар бір-бірінің бойынан жақсы қабілетті көре білген кезде ғана бір-бірін ұнатып, сыйласып өмір сүреді. Психологияда энергия деген ұғым бар. Егер бір адамның бойынан жақсы қасиетті көрген адам болса, ол оған жақсы энергия жіберіп тұрады. Энергия көзге көрінбейді, бірақ ол бар дүние. Жақсы энергияны сезінген адам ол адам туралы да жақсы ойлап, жақсы энергия шашып тұрады. Сен жек көретін адамды жақсы көретін адам бар ғой, неге? Өйткені, ол адам оның бойынан жақсы қасиетті көре білді.
Қыз-келіншектер өзімізге көйлек алғанда әдетте жоспарды керемет жасаймыз ғой. Көйлектің түсі, ұзындығы, матасы, бағасы дегенді жоспарлаймыз. Оған мынадай әшекей тағып, мынадай макияж, шаш үлгісін жасаймыз деп үтір-нүктесіне дейін жоспарлаймыз. Ал енді отбасылық өмір қымбат па, көйлек қымбат па? Егер әрбір айға отбасыңызға қатысты жоспар жазып, қағазға түсіретін болсаңыз, оның жүзеге асу жылдамдығы екі еселенеді. Ниеттің баптауы дұрыс жаққа қарай болуы керек. Мұсылман халқында ниет дегеніміз – намаз оқу, тілек тілеу, дұға жасау, садақа берумен әдемі жүзеге асады. Жақында «Бақыттың кілті – әйелде» деген кітабым жарыққа шыққан. Оны Францияда жүрген қазақтар инстаграмнан көріп, тапсырыс берді. Мұның өзі отбасындағы бақыттың қаншалықты өзекті әрі сұраныста екенін көрсетсе керек. Қазақтың әрбір қыз-келіншегі оқысын деп біз ол кітаптың электронды нұсқасын www. kuralay.kz сайтына да салып қойдық. Бүгінге дейін оны 5000 адам жүктеп алған.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.