Қазақ тілін жетілдірудің инновациялық әлеуеті

Қазір біздің қоғамда қазақ тілін латын графикасына көшіру – жан-жақты талқылауға түскен ең өзекті мәселе. Жалпы, кез-келген әлеуметтік жаңғыру, соның ішінде тіл де бар, инновациялық әлеуеттің даму қарқынына байланысты. Ол реформаның болашағын айқындайды. Ендігі жерде латын графикасына көшкен қазақ тілін жетілдірудің тиімді жолдарын қалыптастыруға орай реформаның қай бағытта өрбуін анықтау қажет. Қазір оны реформатор, инноватор және адаптант деп негізгі топтарға бөліп, қазақ тілінің жаңашылдыққа беталыс мүмкіндігін анықтауға болады.
Реформа – яғни бұл тұрғыда мемлекеттік тілді жетілдірудің мақсатты түрде жүзеге асуын қадағалау, қазақ тілінің дамуына атсалысу. Латын графикасына көшудің маңызын насихаттап, қолдау көрсету, қоғамдық пікір қалыптастыру. Ал адаптация дегеніміз, қоғамды осы шараға белгілі деңгейде бейімдеп, қарапайым азаматтардың түсінігін қалыптастыру. Мұндағы мақсат, әлеуметтік-тілдік тәжірибені қайта жүйелеп, қарапайым жұртшылықтың күнделікті әлеуметтік жағдайына ыңғайлы ахуал қалыптастыру.
Әрине, латын әліпбиіне өту ең бірінші кезекте қазақ тілінің қолданылу ауқымын кеңейтеді, оның қоғамдағы мәртебе деңгейін көтереді. Ол, сондай-ақ, еліміздің демографиялық ахуалының дамуына да оң ықпалын тигізіп, игі әсер етеді. Қазақ ұлтының саны үздіксіз өсу үстінде. Тиісінше, қазақ тілінің қолданылу аясы да арта береді. Әрине, алфавитті ауыстыру мемлекет пен қоғам үшін психологиялық, этномәдени трансформация саласына айтарлықтай әсері болады. Осындай қиындықтарды артқа тастап, латын графикасына көшкен қазақ тілінің мәртебесі уақыт өте келе биіктей түсеріне күмән жоқ.
Д.Ешпанова,
Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері.
Өркениетке бет алды
Сонымен, Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақ тілі әліпбиі латын графикасына көшірілетін болды. Бұл енді басы ашық мәселе. Ендігі жерде қазақ тілінің көкжиегі кеңейіп, өркениетке жол ашылады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріліп, Қазақстан жаһандану үрдісінде өзінің орнын ойып тұрып алатын болады. Зымыран уақытта ғаламдық процестерден Қазақ елі де қалыс қалмайды. Латын графикасын таңбалаған әлем халқының 80 пайызын қамтыған жазу үлгісі ендігі жерде Тәуелсіз Қазақстан үшін де жарқын болашаққа жол ашады.
Егемен еліміз өзінің тәуелсіз ел, дербес мемлекет атанған тарихында өзінің мемлекеттік тілін жеке-дара дамытып, шешетін дәрежеге енді жетті. Латын әліпбиіне көшудің маңызы сол, Қазақстан осы бастамасы арқылы өзінің егемендігін нығайта түседі. Президент Жарлығы күшіне енді. Енді оны талқылаудың, түрлі нұсқаларды тықпалап кері тартудың ешқандай реті жоқ. Рас, кей тұстарда кем-кетігі кездессе, оны тіл мамандары көш барысында түзетіп, ретке келтіре жатар.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – бұл Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында айтылған ауқымды реформа. Ал 2025 жылға қарай латын алфавиті мемлекеттік тілде толыққанды жұмыс істейтін құптарлық шара. Демек, ендігі бес жылда, яғни 2022 жылға дейін латын әліпбиіне көшу үшін мұғалімдер дайындап, тиісті оқулықтар шығару мәселесі қарқынды жүргізілуі тиіс. Сөйтсе де, Мемлекет басшысының игі бастамасын қызу қолдаған жұртшылық қазірден-ақ латын әліпбиіне біртіндеп көшуді бастап кетті.
Бұдан былайғы жерде тіл мамандары мен лингвистер, ғалымдар бірлесе отырып, бекітілген осы нұсқаның кейбір кемшін тұстарын түзету, ретке келтіру, жазуға оңай, оқуға ыңғайлы етіп жасау ғана қалды. Лингвистер қазақ тіліндегі латын әліпбиінің емле, ережелерін жасап, фонетика, грамматика, синтаксис саласын да ретке келтіріп, ана тіліміздің үндестік заңын, яғни сингармонизмді лайықтап қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Бұл тұрғыда мамандар әлемдік тәжірибеге үңіліп, қазақ тілінің дамуы мен латын әліпбиінің жазылуы мәселелерін зерттеуі қажет.
Әрине, ұзақ жылдарғы қалыптасқан қағиданы бұзып, жаңа әліпбиге көшу оңай шаруа емес. Әсіресе, жасы ұлғайған азаматтарға үйренген дағдыдан арылу оңайға соқпайды. Алайда, бұл еліміздің болашағы үшін аса қажетті реформа. Билік пен басшылық мұндай реформаға тегіннен барып отырған жоқ. Ең бастысы, қазақ елінің дамуына, өркениетке қадам басу үшін қажет.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі оңай шаруа емес, оған қарсы шығушылар да кездесіп қалуда, мұны бүкіл қоғам да қадағалап, қалыс қалмай, өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін білдіруде.
Сонымен, латын әліпбиі Тәуелсіз еліміздің табалдырығынан аттады. Ендігі жерде өркениетке бет алған қазақ тілінің қадамы құтты болсын деп тілейік.
Рүстем Қадыржанов,
философия ғылымының докторы, профессор.
Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі кезең-кезеңмен енгізіледі
Орталық коммуникациялар қызметінде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін кезең-кезеңмен енгізуге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев қатысты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілінің латын графикасына көшу қажеттілігі нақты айтылған. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», – деді.
Үкіметке жаңа графикаға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Латын графикасына қатысты 300-ге жуық ұсыныс қаралды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы жанынан құрылған жұмысшы тобындағы ғалымдар тағы да бірнеше үлгідегі графиканы тиянақты талқыдан өткізді. Соның нәтижесінде көптеген ұсыныстар ескеріліп, таңбаға жатпайтын орфографиялық белгі апострофтар арқылы жасалынған графикалық нұсқа тиімді деп табылды. Сөйтіп, Елбасы Н.Назарбаев 27 қазан күні латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекітті. Сонымен бірге, жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетіндігі атап көрсетілді.
Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойылуына байланысты төмендегі жобалар жүзеге асырыла бастайтынын атап өтті.
– Біріншіден, Үкімет жанынан латын графикасын қазақ тіліне ендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Екіншіден, сол графиканың емле-ережелерін жасайтын орфографиялық-лингвистикалық комиссияны құру. Латын әліпбиінің негізінде жаңа орфографиялық ережелерді және қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздіктері әзірленеді. Латын әліпбиінің негізінде «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі» әзірленіп, шығарылады. Үшіншіден, барлық нормативтік-құқықтық база ретке келтірілуі қажет. Содан соң оқу-әдістемелік, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді дайындау және оларды халыққа тарату, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, әліпбиді қоғамдық орындарда және өңірлерде насихаттау жұмыстары қолға алынып, БАҚ саласында бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс. Жарнамалық жұмыстарды жандандыру керек. Арнайы портал және мәтіндерді латын графикасына автоматты түрде көшіретін конвертер әзірлеп іске қосылады, – деді А.Мұхамедиұлы.
«АҚШАМ-АҚПАРАТ».
Алдағы жұмыстарға белсене кірісу керек
Латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жан-жақтылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті де, қанша уақыт бойы халықтың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл мамандары бұл жұмысқа жұмылдырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқаны ұсынды. Осыған орай Елбасымызды, елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын! Ендігі мәселе халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр.
Шәмша БЕРКІМБАЕВА,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Кейінгі ұрпаққа өте қажет дүние
Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы біз үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Біз бұған дейін-ақ латын қарпіне көшуіміз керек еді, әлі де болса кеш емес. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қабылданған шешім. Себебі, бізге болмаса да, балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын қарпі өте қажет дүние.
Сондай-ақ, бізге тән латын әліпбиінің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ,
ҚР Халық әртісі, композитор.
Бүкіл ұжымымыз қолдау білдірді
Біз Елбасының қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру нұсқасына қол қойғанынан кейін, бір күннің ішінде митинг өткізіп, қолдау білдірдік. Мен бұған дейін де, 20 қазан күні «Ұлт әліпбиі» деген тақырыпта «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялаған болатынмын.
Біз, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Елбасының бұл бастамасын ұжым болып қолдаймыз.
Уәлихан ҚАЛИЖАНҰЛЫ,
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры.
Амантай қажы бата берді
Елімізде болып жатқан оң өзгерістерге, қоғамда орын алып жатқан әрқилы оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын, сергек те белсенді ақсақалымыздың бірі, «Аттан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек көпшілікке кеңінен танымал. Әлемнің 40 елінде Қазақстанның туын көтерумен көзге түскен, 25 жылдан бері сынақ аймағынан зардап шеккен зағиптарға қамқоршы болып келе жатқан бұл кісіні де тәуелсіздігіміз тудырған бір тұлға деуге болады.
Киім киісі мен жүріс-тұрысы бөлек, алыстан менмұндалап көзге ұратын асатаяғын жанынан тастамай жүретін ағамызбен көшеде кездескен жастардың бәрі естелік суретке түсуге құмар. Бұл жолы да бес-алты студенттің қажы ағамызды айналшықтап, сөйлесіп тұрған жерінде кездесе кеттім.
– Болашақ осы жастардыкі. Елбасы латын қарпіне көшуге Жарлық шығарды, оның игілігін осы жастар көретін болады, – деді нығарлай сөйлеп.
Қаламыздағы барлық мекемелерде, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында латын графикасына көшу мәселесі кеңінен қолдау тауып жатқанын жақсы білеміз ғой, алайда көшеде тура осы мәселе жайында жақсы пікір білдіріп, жастарға ақыл-кеңесін айтып, бата беріп жатқан ешкімді көрмеп ем. Амантай қажы осынысымен де дара болып тұр.
И.ХАН