Қазақстан – жүрегінде

Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желілерді Франкфурттың (Германия) үлкен концерт залында өткен қазақстандықтардың коцертіне барған өзге ұлт өкілінің кейуанасы қазақша таза сөйлеп, «Айналайын, Қазақстан халқынан!» деп елжіреп отырған бейнежазбасы шарлап кеткен болатын. Бейнежазба астына мыңдаған лебіз-пікір жазылды. Арасында «Айналайын, аппақ әжем-ау, қазақ елі деген жүрегіңізден! Еркек басыммен көзіме жас келді ғой», «Неткен ғажап апа, аузын ашқан сайын жүрегі көрініп тұр», «Апам қазақша сайрап тұр, мақалдатып қояды, тамаша! Жүз жасаңыз!» деген риясыз жазбалар да болды.
Біз сол апаны таптық. Және ватсап арқылы өзімен тілдестік. Бейнежазбадағы Нина апа мен журналистің арасын жалғаған – Нұрбақыт Әлдибекова. Ол кісі кезінде қызмет бабымен Германия мемлекетінде болғанда кейіпкерімізбен танысып, жақын араласқан екен.

 

***
Сонымен, сонау алыста, басқа елде жүріп бізден айналып отырған апаның аты-жөні – Миних Нина Даниловна. Жасы 84-те. Украина жерінде туған неміс қызы. Қазақстанға 1941 жылы 4 жасында жер аударылып келген. Жақындарынан шешесі және бауыры болған. Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ақбауырында өсіп-өнген.
– Ақбауыр мектебінің 4 класын бітірдім. Бірге оқыған оқушылардан осы күні көбісі о дүниелік болып кетті. Көзі тірілерден Секербаева Қайша, Оспанова Бәтен, Шәріпов Амангелді, Молдабекова Үміт деген қатарластарым қазір Қарағандыда тұрып жатыр. Біз еңбекпен ерте есейген, маңдай терді тамшылатып тұрып жұмыс істеген, бар мен жоқтың парқын біліп өскен ұрпақпыз, балам. Үлкен де, кіші де колхозда теңдей жұмыс істедік. 15-16 жасымнан бастап сауыншы да болдым, қой да қырықтым. 1954 жылғы Тың игеру науқанында аспаз да болдым. Кейін тәрбиеші мамандығын алып, колхоз балабақшасының тәрбиешісі болып істедім. Әнші қыз деген атағым да болды. Өйткені, өнер фестивальдарына жиі қатысушы едім. Әнді жақсы айттым. Алматы сахнасында да өлең айтқаным бар. 1957 жылы Қарағандыда Жданов атындағы клуб ашылғанда онда да қатысып, «Жылқышы қыз» әнін орындап, көптің ықыласына бөленгенмін. Зейнеткерлікке шыққанша ауыл моншасында істедім. Колхоз кейін совхозға ауысқанда да еңбек етуден қашқаным жоқ, қара жұмыс демедім, нанымды адал тауып жедім. Балаларымызды да адалдыққа тәрбиелеп өсірдік, – дейді Нина әжей.

 

***
Нина әжейдің 4 ұл, 2 қызы да Қазақстанда туып, біздің елде білім алған, осында аяқтанған. Ауылда кезінде қазақ мектебі болмағасын бәрі де орысша оқыған. Бірақ қалың орыстың ортасында отырып мемлекеттік тілді толық меңгерген, ұмытпаған, барлық салт-дәстүрімізді әлі күнге қадірлейтін осынау отбасына қалайша риза болмассыз.
Қазақстанда 56 жыл тұрған Нина әжей кейін балаларымен бірге тарихи Отаны – Германияға көшіп кеткен. Бір ғана баласы Ресейде тұрады, қалғандары маңайында. Өзі үш ұлымен Германияның Оффенбах қаласында, бір қызы отбасымен Ханауда, бір қызы Дармштадта тұрып жатыр.
Бүгінде мәуелі бәйтеректей, қазақтың үлкен бір әулетіндей қырық шақты жан болды. 13 немересі, 12 шөбересі бар. Немересінің үлкені 40-та, кішісі 13-те, шөбересінің үлкені 20-да, кішісі – 7 айлық. Осының бәрін жаңылмай тізбелеп айтып отырған Нина әжейдің үнінен мейірім төгіліп тұрғандай сезілді бізге. Немере-шөберелерін айналайын, құлыным деп еркелетіп отыратын көрінеді. Қазақтан сіңген қасиет болар бәлкім.
*
Айтпақшы, Нина апаның екі қызы да бір үйге, қазақ отбасына келін боп түскен.
– Ақбауырдағы Ермек Өскенбай деген кісінің келіндері. Үлкен қызым Клараның жолдасы Жұмабай 39 жасында қайтыс болып кетті. Екінші қызым Валентинаның жұбайы Кенжебай бала-шағасымен осында. Германияда тұрып жатсақ та, Қазақстандағыдай жылда соғымға жылқы соямыз. Кенжебай мен үлкен немере күйеу балам Құрал саяжайымызға алып келеді жылқыны. Сойып, ішек-қарнын аршимыз, қазы, шұжық жасаймыз. Сол күні ет асып, самаурынға шай қойып, дастарқан жайып, соғымның құрметіне басымызды құраймыз. Қымыз сапыратын тостағанымыз да, ет салатын арнайы табағымыз да бар. Жұма күндері шелпек пісіреміз. Дастарқанымыздан бауырсақ үзілмейді. Құрт та жасаймыз, ірімшік қайтамыз, – дейді қазақжанды кейіпкеріміз.

***
Нина апайдың көпшілдігі, меймандостығы соншалық, оны Германиядағы қазақтың бәрі таниды. Баб Нина деп кеткен. Франкфурттағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығында беделі өте жоғары көрінеді.
– Консулдықта қазақы түрлі мәдение-рухани іс-шаралар өткізгенде апамызды міндетті түрде қонаққа шақыратынбыз. Тізімнің ең басында тұрады. Қазақшылықты ұмытпасын дейтін болуы керек, жалғыз емес, ылғи бала-шағасымен келеді. Онымен қоймай, «баб Нина, дастарқанға қоюға дәмді бауырсағыңызды пісіріп әкеліңізші» дейміз еркелеп. Ешқашан жоқ деген емес. О кісінің бауырсағының дәмі деген керемет болатын. Шаңырағына барсаңыз да дастарқаны ұлттық тағамдарға толып тұрады, қолы ашық, жүрегі кең адам. Елді, жерді сағынатын болар, Қазақстаннан барып өнер көрсететін өнерпаздардың концертін жібермей көретін, – дейді біздің ватсап-сұхбатымызға дәнекер болған отандасымыз Нұрбақыт Әлдибекова.

***
Ел, жер демекші, Нина әжей Геманияға қоныс аударып кеткен соң, араға уақыт салып Қазақстанға ең алғаш сапарлатып қонақ болып келгенде, түсе қалып тізерлеп жерді сүйген екен. Қиын-қыстау шақта панасына алған, бір тілім нанын бөліп берген, өсіп-өнген, бар жақсылығын бөліскен мейірбан қазақ жұртын, арада ширек ғасыр өтсе де, әлі күнге ұмытпай жүргені-ай әзиз-ананың!
Арасында ауырыңқырап қалғаны бар, одан мынау пандемия шықты, содан елге жете алмай отырған көрінеді әзірге. Бірақ бесігінде тербеткен екінші Отанын әсте есінен шығарған емес. Немересі Маринаның айтуынша, жылда сыйлығын арқалап елге келгенде, құда-жегжатын, барлық ағайын-туысын, дос-жаранын, көрші-қолаңын түгел аралап, жата-жастана әңгіме-дүкен құрып, қайтарында үстіне іліп барған бар жақсысын жақындарына, тіпті, мұқтаж жандарға шешіп беріп кетеді екен. Германияда отырып, поштадан елге сәлемдеме салып жіберу де әдетіне айналған.

***
Нина әжейдің үйін де көрдік. Төрінде қос жылқы және қазақы дастарқан бейнеленген екі картина ілулі тұрды. Диванының үстінде қазақтың құрақ көрпесі төсеулі жатты. Осыдан соң Қазақстан жүрегінде демей көріңіз!
– Айналайындар, бәрің туысқаным сияқтысыңдар. Германияда, тарихи Отанымда, бала-шағамның ортасында отырсам да, барлық жылы-жұмсақ алдымда тұрса да, өздеріңмен бір болғандай болмайды бәрібір. Сағынып тұрамын Қазақстанымды. Бала күнімде үлкендерден естіген батамды берейін сендерге.
Пайғамбардың бағын берсін, Сүлейменнің тағын берсін,
Бақ бағып жүрсін, Қыдыр дарып жүрсін.
Құдай бар пәледен қағып жүрсін,
Өліге иман, тірігі береке берсін.
Бала-шағаға, халыққа ғұмыр берсін,
Үлкендерге екі дүниенің абыройын берсін! Әумин!
– Жүздескенше, Нина әжей!

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *