ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КЕМЕЛІН ЕСКЕ ТҮСІРДІ

594Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» қазақтың көрнекті жазушысы, детектив жанрының қас шебері Кемел Тоқаевтың 90 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті. Кешті Қазақ­стан Жазушылар одағы төралқасының төрағасы, сенатор, Мемлекеттік сый­лықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин «Қаламының желі бар қарапайым қара бала қараша қазағына тосын — детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шығарды. Және сол биіктен ешбір аласармай, жазушылық ісіне көлеңке түсірмей, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсетті», — деген ой түйіндеп, ашты.  Жазушының көзін көрген замандас жолдастары, әдебиеттегі тетелес інілері мен зиялы қауым қатысқан кеште Н.Мыр­қасымұлы жазушының ұлы, Қазақстан Републикасы Сенатының төрағасы Қасым — Жомарт Тоқаевтың жүрекжарды лебізін жеткізді. Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Төлеубек Мұқашев жазушының тоқсан жылдығына орай құттықтап, лебіз білдірді.  Белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев жазушы шығар­машылығы мен адами болмысы туралы баяндама жасады.

Кемел Тоқаев 1923 жылдың қазан айының 2-жұлдызында бүгінгі Алматы облысының Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында дүниеге келген. Жиырмаға толар-толмас шағында Ұлы Отан соғысына аттанып, 226-атқыштар дивизиясында, кейінірек 7- гвардиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысқан. Отан қорғауда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Ұлы Отан соғы­сының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамота­ларымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Кемел Тоқаев 1948 жылы жоғары оқу орнына түсіп, бітірген соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» пьесаларының, «Қыс қарлығаштары», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ» повестері мен «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті» іспетті басқа да романдары қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты.

Кеш барысында белгілі қаламгерлер — Бексұлтан Нұржекеұлы мен Ахметжан Ашири жазушы туралы естеліктерін айтты. Сондай-ақ, ақындар Сейфолла Оспан, Рафаэль Ниязбеков, Шөмішбай Сариев арнау өлеңдерін оқыды.

– Озғандарға жүгірдің

жүлде беріп,

Сен бар жерде қалатын

ірге кеңіп.

Азаматтың бірі едің,

Кемел аға,

Арыстандар қасына

жүрген еріп.

Кеудесінде көк бөрі

ұлып жатқан,

Ерге ғана қазақтың

мұңы батқан.

Жетісудың сен едің ойлы өзені,

Қанша дауыл соқса да тұнып аққан, – деген Р.Ниязбековтің жүрек­жарды жыры жазушы бей­несін жұрт санасында жаңғыртты.

Оқырманға Кемел Тоқаев жазу­шылығымен қатар, Қазақ­станның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым — Жомарт Тоқаевтың әкесі ретінде таныс. Өз сөзінде жазушы Қоғабай Сәрсекеев сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында Мәскеуге оқуға аттанып бара жатқан ұлына жазушының Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қолына ұстатып, айтқан әкелік тәлімін еске салды. «Жақсы әке балаға сыншы» деген сөз бар. Қасым — Жомарт Тоқаев мырза әкесі туралы жазған «Әке туралы толғау» кітабында өзінің бар болмысына әкесінің зор ықпал еткенін жаза келіп, Отан деген ұғымның қасиетін, азамат үшін оған қызмет етудің айнымас борыш екенін айтқан тұсы оқырманын қатты тебірентеді.

Жазушының мерейтой кешіне орай Қазақстан жазушылары кітапхана­сының директоры Елена Ағайса ханымның ұйымдастыр­уымен жазу­шының бұған дейін жарық көрген кітаптарының көрмесі өтті. Жазу­шының алғашқы кітаптары өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында жарық көрген. Соңғы жылдары 5 томдық шығармалар жинағы оқырман қолына тиді. Майдандас достары, әдебиеттегі жолдастары Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев, Өтеген Күмісбаев, Қабдеш Жұмаділов, т.б. белгілі тұлғалар жазушы туралы эссе-естеліктер жазған.

Кешті Құрманғазы атындағы Ұлт аспаптар оркестрі күймен көмкеріп, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Талғат Күзембаев, Рамазан Стамғазиев, Бағдат Сәмединова әуелеген әнімен әрледі.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close