ҚазҰУ қызметкерлері екпе салдыра бастады

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  оқытушы-профессорлық құрамы  мен  қызметкерлері  «Спутник V»  екпе­сін қабылдай бастады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық азаматтарды ковидке қарсы екпе салдыруға шақырып, бұл біздің азаматтық парызымыз екенін атап өткен болатын. ҚазҰУ бірауыздан Мемлекет басшысының үндеуін қызу қолдап, екпе салдыруға оң көзқарас танытты. Ең алғаш болып екпе қабылдаған әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Балта­баева: «Екпе салдыру туралы хабарламаны оқыдым да, еш ойланбастан мені тізімге қосуын сұрадым. Өйткені, бұл дерттің алдын алу үшін өте қажетті қадам. Соңғы рет тұмауға қарсы екпе қабылдадым және бүгінге дейін бұл ауруға шалдықпадым. Қазір де екпеге деген сенімім мол. Өзім үшін ғана емес, жақындарым үшін де бұл өте маңызды шешім» дейді.

Медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ҚазҰУ-дың бірінші проректоры міндетін атқарушы Қанатбек Мұқанов барша қазақстан­дықтарды екпе салдырудан бас тартпауға шақырды. «Бүгінгі күні қоғамның пікірі екіге бөлініп, вакцина бізге керек пе, жоқ па деген екіұдай сауал туындап тұр. Екпені сөзсіз ектіру керек! Бұған басқа балама жоқ.  Мен медицина тарихындағы небір кеселдің емін тапқан  екпелердің тиімділігі туралы зерттеу жұмыстарын жасадым. Екпе – медицина саласындағы озық идея­лардың жемісі. Қазір әлеуметтік желілерде чиптер туралы және басқа да алыпқашпа жалған ақпарат өріп жүр. Оған сенудің қажеті жоқ.  Өйткені, вакциналық екпе адамзатты шешек, оба және басқа да ауыр пандемия­лардан құтқарып қалды және ондай дерт вакцинациядан кейін қайта­ланбады. Сондықтан мен барлық азамат­тар­ды екпе жасатуға шақырамын! Бұл мәселеде екі ой туындамағаны абзал. Мүм­кін болса, екпе салдырған дұрыс. Алдымен, өзіңізден бұрын жақындарыңыз бен туыстарыңыздың денсаулығын ой­лауыңыз керек. Бүгінде осындай сауалдар қоғамда аса өзекті болып тұр», – деп Қанат­бек Мұқа­нов барлық әріптес­теріне қолдау білдірді.

ҚазҰУ проректоры м.а. Мехмет Арслан екпе салдырудың қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтады. «Мен про­ректор ретінде қызмет бабымен жиі іссапарларға барамын. Әртүрлі іс-шаралар барысында көптеген жандармен кездесе­мін. Қызмет бабына байланысты өзімді өзгелер үшін де жауапты сезінемін. Сондық­тан бірден екпе қабылдауға шешім қабылдадым. Студенттердің де, оқыту­шылардың да амандығы үшін барлығымыз екпе алуымыз қажет. Әсіресе, білім орда­сында барынша жауапкершілікті сезініп, мемлекет тарапы­нан берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланған жөн» деген ойымен бөлісті.  ҚазҰУ меди­циналық орталығына әзірге 50 екпе беріл­ген. Келесі лекке 600 екпе берілетін болады. Еріктілерді екпемен толық қамту жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, «Спутник V» – әлемдегі алғаш тіркелген, тиімділігі 90%-дан  аса­тын үш екпенің бірі. Оның тиімділігі 91,6%-ды көрсеткен, бұл мәлімет 19866 еріктіге сынақ жүргізілгеннен кейін алынған. Қазақстан – бұл екпені тіркеген әлемдегі 27-ші мемлекет. Елімізде 1 ақпан­нан бастап азаматтарға коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салу басталған болатын.

Николай Гамалей атындағы эпидемио­логия және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған Гам-КОВИД-Вак немесе «Спутник V» вакцинасы им­мун­дық реак­циясын күшейту үшін 3 апта аралығымен екі рет салынады. Бірінші вакцинамен 26 аденовирус серотипіне негізделген вакцина, ал екіншісімен 5 серотип енгізіледі. Екпе салу ерікті түрде жүргізіледі. Әрбір азамат таңдау құқығына ие. Ерікті түрде шешім қабылдап, алдын алу үшін әрекет жасау қазіргі таңда аурудан құтылудың жалғыз жолы болып табылады.

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *