Айжан-Сара ЖАНСЕЙІТОВА: Ұлттық құндылықтар – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі

Айжан-Сара ЖАНСЕЙІТОВА: Ұлттық құндылықтар – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі
almaty-akshamy.kz
  • Еңбек адамы

Қазақтың бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан  қыздарымыздың қатары көп емес. Сол үркердей топтың арасында өнерімен ерекшеленетін қылқалам шебері – Қазақстан Суретшілер одағының, «Таңшолпан» халықаралық әйелдер қорының мүшесі, ҚР Өнер академиясының корреспондент-мүшесі Айжан-Сара Жансейітова. «Алматы ақшамының» бүгінгі қонақжай шаңырағының мейманы - нағыз кемеліне келген кәсіби суретші. Соңғы уақытта тағылымды еңбек жолынан өткен қылқалам шебері өзінің тәжірибесін жас суретшілерге үйретіп, осы саланың қыр-сырына баулып жүр.

 

«Ата-ана – балаға сыншы»

 – Кезінде сіздің замандастарыңыздың дені заңгер, есепші болғысы келетін еді ғой. Сіз қалай осы жолды таңдадыңыз?

 – Қазақ өнерінің қара шаңырағы Т.Жүргенов атындағы өнер институтының қолданбалы өнер факультетін бітіргенмін. Ол кезде бұл оқу ордасы солай аталатын еді. Менің суретші болсам-ау деген арманыма ата-анамның да ықпалы болған сияқты. Отбасындағы 4 баланың ең үлкенімін. Әкем Бекжігіт әскери қызметте болған кісі, қазір жасы 86-да, анам Тараз өңіріне белгілі ақын Айша Көпжасарова. Кезінде мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, кейін облыстық театрда режиссердің көмекшісі болып ұзақ жыл еңбек етті. Қазір ата-анам құрметті зейнетте.

«Ата-ана – балаға сыншы» демекші, менің бойымдағы өнерге деген қызығушылықты әкем сол кезде-ақ байқаса керек, үнемі «түбі осы қызымнан суретші шығады, әлі-ақ, дүниежүзіне халқымызды танытатын болады» деп қолпаштап отыратын. Бала емеспін бе, ондай кезде шабыттанып, дереу әкемді, анамды, тіпті мысығыма дейін бейнелеп, сурет салатынмын.

   Ең алғаш рет сыныптастарымды әжуалап шарждар салғанымда, әркім өзін танып жатты. Бұл мені шабыттандыра түсті. Тіпті, сыныптастарым «ананың суретін салшы, мынаны салып берші» деген өтініш те айта бастады. Осыдан соң «суретші қыз» атанып, қолым қалт етсе, отыра қалып, сурет салатынмын. Бірде менің бір ұстазым «сен, химияны оқымай-ақ қой. Бәрібір суретші боласың деп, сабақ үстінде сурет салғызып қойғаны бар. Мектептегі жиын, түрлі диспуттар, қабырға газетін безендіру сияқты жұмыстар менің мойнымда болды. Ол кезде қазіргідей емес, сурет салуға қажетті кеңсе тауарларының қат кезі. Қайдан табатынын қайдам, әкем түрлі-түсті қарындаш, сурет салатын қалың дәптер, құтыдағы акварельді бояуларды көп қып әкеліп беретін. Әкеме сол үшін әлі күнге ризамын. Мүмкін, өнердегі тұсауым осылай кесілді ме кім білсін, 7-сыныптан бастап, суретпен біржола айналыса бастадым. Анам да менің суретші болғаныма қарсы болмады. Үнемі мұқабасында Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Ысмайылованың суреттері бар журналдар әкеліп беретін. Ақынның жаны, түсінігі мүлдем бөлек қой. Бар айтатыны «кім болсаң да, аман болшы» дейтін. Әлі есімде, мектепте оқып жүргенімде қатысқан алғашқы байқауым бүкіл өміріме өзгеріс әкелді. Полигон туралы «Невада–Семей» деген суретім үздік деп танылып, 1-орын алдым. Көп ұзамай көркем сурет мектебіне қабылданып, үш жыл сонда оқыдым. Дарынды балаларға арналған мектептен сертификат алып, жоғары оқу орнына түстім.


«Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы»

Сізді осы өнерге баулыған ұстаздарыңыз кімдер еді?

– Ең алғашқы ұстазым деп Еркеш әжемді айтар едім. Ол кісі мені бес жасымнан ауылға әкетіп, көп нәрсеге үйретті. Әжем өте ісмер кісі болатын, қолынан келмейтіні жоқ. Құрақ көрпеше, мойын жастық, түскиізден бастап, алаша, кілем, шиге дейін өзі тоқитын. Жаз болса, тулағын жайып тастап, жүн сабап, киіз басатын. Үйіміздегі ескі «Зингер» деген іс машинасымен шапан, ішік, қысқы тонға дейін тігетін. Жайлаудағы қойшыларға қажетті көрпе-жастықтың бәрі әжемнің қолынан өтетін. Кішкентай болсам да, сол кезде-ақ әжемнен жүн бояуды, түтуді, сабауды үйреніп алдым. Әжем үнемі «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп отыратын. Сол айтқаны рас екен, институтқа түскенімде тек теорияны ғана оқыдым, әжемнен алған тәжірибе маған жеткілікті болды. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін әжемнен үйренген  қолөнерді қолданып келемін. Қазір қандай табысқа қол жеткізсем, ең алдымен әжемнің арқасы деп отырамын.

Өнер институтында Сахи Романов, Мұхамедханафия Телжанов, Бексейіт Түлкиев, Мұрат Ахметов, Молдахмет Кенбаев, Еркін Мергенов, Ерболат Төлепбаев, Сәуле Бапанова, Сейітқали Шалабаев, Жұмақын Қайранбаев, Бәтима Зәуірбековалардан дәріс алдым. Институтқа Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Ысмайылова келіп, шеберлік сыныптарын өткізетін. Қазір ойлап отырсам, сол кез өмірімнің ең бір сәулелі кезеңдері екен ғой. Атақты корифейлерден дәріс алып, ақыл-кеңесін тыңдаудың өзі бір мектеп емес пе? Қазір осы кісілердің көбі арамызда жоқ.

 

Сұлулықтың сырын ұғындыра білу де өнер

– Сіз өз картиналарыңызда нені бейнелегенді, жалпы, қандай тақырыпты арқау еткенді ұнатасыз?

– Меніңше, кез келген адам суретші. Тек адамдарға сұлулықтың сырын ұғындыра білуіміз керек. Көбіне салған суреттерімде табиғат пен адамның тұтас бір ұғым екенін көрсетуге тырысамын. Сосын ұлттық құндылықтарды қалам арқылы дәріптегенді ұнатамын. Бір кездері қазақ әйелінің, келіндерінің образын салған картиналарым түгел сатылып кетті. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын екі картина салған едім. Бірақ бұл картиналар кеңселік жұмыстар. Біреуінде әйелдің көзін басты тақырып етіп алдым. Бір қарағанда кәдімгі көз моншақ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ менің «көздерімнің» бірі қуанышты, бірі мұңлы, бірі тұп-тұнық, енді бірі қара, бірі көк, бірі таңқалып тұрғандай әсер береді. Өйткені, осы көздер арқылы қоғамдағы әйелдің рөлін, иығындағы ауыр жүкті, отбасындағы орнын көрсеткім келді. Көз адамның айнасы емес пе? Осы көздерден-ақ әйелдің өмірін түсінесіз. Картинаны салмас бұрын, қоғамдағы әйелдерге қатысты бір мәліметті оқып, қатты  күйзелгенім бар. Содан ішкі жан-дүниемді гүлдің бейнесі арқылы білдіргім келді. Ал жалпы ашық түсті жақсы көремін. Картиналарыма көбіне ашық түсті пайдаланамын. Таңертең тұрғанда өз жұмыстарыма қараймын да, көңілім көтеріліп сала береді.

– Шығармашылық адамына жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңайға түспесі анық. Бұл жағынан қиналған кезіңіз болды ма?

– Иә, дұрыс айтасыз, бірақ менің жолым болды. Өйткені, жолдасым Естай Даубаев - мүсінші, өнерді түсінетін кісі. Дегенмен, кезінде 13 жылдай мейрамхана кәсібімен шұғылданып, біраз қол үзіп қалған да кездерім болды. Одан кейін балалы болып, отбасылық мәселелермен біршама отырдым. Сол кездерде өзімнің жақсы көретін ісімнің сурет салу екенін түсіндім. Кезінде қалада тұрсақ та, әжемнің арқасында ауылдың тіршілігімен таныс болдым. Бірақ қазіргі қала баласының танымы басқа. Сондықтан балаларымды қазақы қалыпта тәрбиелеп, ұлттық құндылыққа баулып жүрмін. Өйткені, ұлттық құндылықтар – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Атқа мінуді үйренсін деп, үйірмеге апарамын. Екеуі де домбыраға барады. Қымыз бен шұбатты сүйсініп ішеді. Ана тілінде таза сөйлейді. Сурет те салады, ән де айтады. Міне, менің біраз жылым текке кетпеген сияқты. Осындайда қыз-келіншектерге көмегі тиер деп, басымнан кешкен жағдайды бөлісе кеткенді жөн көріп отырмын.

Кітап оқыған адамның  жан-дүниесі де өзгереді

  Осыдан бес жыл бұрын қызым: «Мама, сіз мүлдем өзгеріп барасыз. Үйде көп отырып қалдыңыз. Психологиялық кітаптарды көбірек оқу керек. Өзіңізді қолға алсаңызшы», – деп кеңес берді. Алғашында мойындағым келмей, біраз қарсылық таныттым. Психологқа баруға кеңес бергенде, тіпті шошып кеттім. Сөйтсем, сөзінің жаны бар екен. Біраз психологиялық кітаптар әкеп берді. Не керек, үш жылда көп кітап оқыдым. Сол кезде өзгере бастағанымды байқадым. Сізге өтірік, маған шын, психологқа барған соң, мүлдем өзгердім. Мен өзімнің дұрыс өмір сүріп жатпағанымды байқадым. Шыны керек, менің өзгеруіме қызым Әселдің көп көмегі тиді. Шығармашылықтың адамы болған соң, көре де, жаза да білуің керек екен. Өзімнің балалық шағым, туған ауылым, ата-әжем туралы шағын әңгімелер жазып, картиналар сала бастадым. Сурет салып, сұлулық әлемімен тілдесу мені тіпті өзгертті. Мен өзгерген соң,  жолдасым да өзгерді. Жасым ұлғайғанда көтерген соң, балаларыма ерекше өбектеп отырушы едім. Оларды еркіндікке жіберуді үйрене бастадым. Косметологқа барып, спортпен шұғылдандым. Адам үйде отырса, басылып қалады екен. Үш жыл ішінде мүлдем өзгеріп шыға келдім. Осылайша сүйікті кәсібіммен қайта қауышып, сурет салып, сата бастадым. Кәдімгі қол сабынды қалай жасауды да үйреніп алдым. Әжемнен үйренген баяғы замандағы әдіспен жасаймын. Сабынға хош иістер, бояу қосып, түрлі бейнелер жасаймын. Сосын шоколад жасауды үйрендім. Одан да түрлі бейнелер жасаймын. Қазір түрлі шақыртулар алып, шеберлік сыныптарын қоса өткізіп жүрмін. Менің бір ұққаным, адам ең алдымен өзі жақсы көретін нәрсемен айналасуы керек екен. Әсіресе, әйелдер психологиялық кітап оқыса, көп өзгеретінін байқадым. Жалпы, кітап оқыған адамның жан-дүниесі де өзгереді.

Соңғы кездері бос уақыттарында сурет салуды әдетке айналдыратын кісілердің қатары көбейіп келеді. Суреттің сырын үйренгісі келеді. «Шеберлік сабағын өткізсеңіз» дейді. Қолымнан келгенше үйретуге тырысамын. Суретші болғысы келетін балаларды көрсем, тіпті қуанып қаламын.

– Картиналарыңыз көп екен. Бір жұмысты салғанда қанша уақыт кетеді? Көрме өткізу ойыңызда бар ма?

– Бір жұмысты екі-үш күнде саламын. Егер күрделі болса, онда біраз уақыт керек. Кезінде дипломдық жұмысым үшін тоқыған «Куда идет человечество» деген гобеленімді қаламыздағы ең үлкен дүкен сатып алған еді. Сол жұмысым әлі күнге дейін екінші қабатында ілулі тұр. Осы жылдар ішінде көптеген мемлекетте болып, көрмелерге қатыстым. Менің картиналарымды Франция, Германия, Жапония, Ресей, Америка, Түркия, Түркіменстан сияқты мемлекеттер сатып алды. Көбіне коллекционерлер алады. Жеке шеберханам бар. Жақында Германиядан шақырту алдым. Қазір сол сапарға әзірлік үстіндемін. Әрине, алдағы уақытта үлкен көрме өткізсем деген жоспарым бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен  Рая ЕСКЕНДІР.