«Айтұмар» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Айтұмар» байқауының жеңімпаздары анықталды
Сурет: Ruh.kz

Жүлде қоры 12 300 000 теңге.

Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Айтұмар» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қазақстан Жазушылар одағына сілтеме жасап.

Балалар әдебиетінің үздік туындылары үшін 12 300 000 теңге жүлде тағайындалды.

Байқауға поэзия, проза және драматургия бағыттары бойынша 200-ге тарта шығарма келіп түсті. Әр жанр бойынша 6 адам жеңімпаз атанды. Әр аталымнан бірінші орын иегеріне 1 млн теңге берілді. Екінші орын екі адамға бұйырып, әрқайсысы 800 мың теңгеден алса, үшінші орынға үш жеңімпаз анықталды. Олардың әрқайсысы 500 мың теңгеден алды.

Проза жанры бойынша І орын Арман Әділбек, поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, драматургия бойынша І орын Назерке Құмарғалиева жеңімпаз атанды.

Байқауға 14-35 жас аралығындағы Қазақстан аумағында тұратын кез келген қаламгер қатыса алды. Әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығармалар қабылданды. Байқауда жалпы 18 жеңімпаз марапатталды.

«Аталмыш байқау Балалар жылының ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоқтығына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте Қазақстан Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту үшін ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел», - деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Балаларға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына қолжетімді, әрі оңай оқылу үшін байқауға келіп түскен шығармалардың аудио, электронды нұсқалары әзірленеді. Сонымен қатар жеңімпаз атанған шығармалар жинақталып, кітап болып жарық көреді. Кітап еліміздегі 200-ге тарта кітапханаға, инклюзивті орталықтар мен балалар үйіне таратылады.