Айналайын, қоңыр қозым!

Айналайын, қоңыр қозым!

немесе балаңызды қалай еркелетесіз?



Бір дана ғалымнан «Баланы еркелету керек пе?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Әрине, еркелету керек. Өйткені, оны алдында қандай тағдыр күтіп тұрғаны белгісіз» деген екен. Рас, ата- анадан балаға керегі – ең алдымен жылы сөз, мейірімділік. Баласына деген бар махаббатын «айналайын» деген бір сөзге сыйдырған дана халқымызда балаға қатысты айтылатын небір әдемі сөздер бар. Бірақ жаһанданудың әсерінен болар, бүгінгі ата-ананың лексиконында құлаққа түрпідей тиетін өзге тілден енген «жаргондар» көп.



Балалардың ойын алаңында ұл-қызын ойнатып жүрген аналар баласын «доча», «сына», «боташ­ка», «балапашка» деп шақырып жатқанын жиі естиміз. Оның үстіне, қазіргі кезде қазақ балала­рына өзге ұлттың есімдерін қою да сәнге айналған. Тіпті, қазақы е сімдердің өзін қысқартып, «Жани», «Дони», «Даник», «Лика», «Айка», «Макс» деп ай­туды мақтан көретіндей. Тәп-тәуір төл сөзімізді түрлендіруден не ұтамыз? Кейбір адам өз ба­ламды қалай еркелетсем де өзім білемін дейтін болар, бірақ өз халқымызға тән әдемі, мағынасы терең сөздерімізді қолданса, та­маша емес пе...



Әжелеп етегіне оралған бала­ға ертегі айтатын әжелердің қата­ры сирегені де жиі айтылып жүр ғой. Бесік жырын айту былай тұрсын, бүгінде баланы қазақша еркелетудің өзі арманға айнал­ғандай.


Бұрындары қазыналы қартта­рымыз ұл балаларға батырлар жырын жаттатып, кішкентайы­нан намыстарын жанып, ұлттық құндылықтарды құлақтарына құйып өсірген. Сондай-ақ, дана әжелеріміз бен аналардың бала­ларын еркелетіп «айналайын» деген жылы сөзі кез келген адам­ның жан-жүрегін елжіретіп, тұла бойын тебірентеді. «Айналайын, құлыншағым», «қарашығым», «қоңыр қозым», «садағаң ке­тейін», «қылықтарынан айнала­йын», «Аллам бере салған, айна­лайыным» деген жылы сөздермен немерелерін еркелетіп, мәпе­лейтін ата-әжесі бар бала бақыт­ты. Өйткені, мәпелей айтылған сөздің астарында үлкен мән жа­тыр. Бұл жай ғана сөз емес, ға­сырлар бойы сөз түрінде сақта­лып келе жатқан ежелгі салтымыз, ұлттық болмысымыз.



Көненің көзіндей болған қа­риялар баланың азан шақырып қойған атын атамай, мағыналы сөздермен еркелететін болған. Мысалы, ұлы Абайдың азан ша­қырып қойған ныспысы Ибра­һим. Зередей дана әжесі сүйікті немересін Абай деп атады. Осы атпен ақынның есімі күллі әлемге танылды. Ал Шоқан Уәлиханов­тың шын есімі Мұхаммедқана­фия екенін көпшілік біледі. Оны да әжесі Айғаным Шоқан деп еркелеткен. Адамға тілге де жеңіл, құлаққа да жағымды, қыс­қа да нұсқа ат берудің өзі өнер.



Қазіргі заманда кешегі Зере, Айғаным әжелер секілді мән-ма­ғынасы терең есім бере алмасақ та, балаларымызды қазақша ерке­летіп, ұлттық рухтың дәнін ексек, тамаша болмас па еді...


Ата-бабаларымыздың кіш­кентай сәбиге деген сүйіс­пеншілігін, жылылығы мен мейірімін «ботам», «ботақаным», «қошақаным», «құлыншағым», «шөжем», «тайлағым», «кө­жегім» деген сөздер арқылы жеткізуі сонау ежелгі таным- түсінігімізден хабар береді. Сон­дай-ақ, адам есімдеріне қазақ тіліндегі – жан, -тай, деген жал­ғауларды немесе -ым, -ім деген меншіктік жалғауларды қосу да еркелету әсерін білдіреді.


Мысалы: Зережан, Маратжан, Арманжан, т.б. Егер адам есімі «жан» деп аяқталатын болса, Ай­жантай, Ержантай деп те айта­мыз. Бүгінде сирек кездесетін Айна – Айнаш, – Әсия – Әсияш, Әлия – Әлияш, Мәрия – Мәрияш деген есімдер де еркелетіп атау­дың бір нұсқасы. Маралым, Ажа­рым, Балым деп те еркелету қа­заққа тән.



Қазақ – ырымшыл халық. Кө­неден келе жатқан ғұрыптардың бірі – аластау. Бұрындары қазақ отбасында жас жеткіншек сыр­қатқа шалдығып ауырғанда әкесі, анасы немесе егде жастағы адам сол жастың сауығып, дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін аластайтын болған. Баласы ауырғанда әкесі киімін теріс ауда­рып киіп, мойнына белдік іліп, оның «төменгі әлемге түскенін» білдіріп, баласын айнала бастаса, екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте «айналайын» деп дауыстайды екен.



Бұл ырымнан кейін бала сауығып, сол ырым жасаған қарт ауруға шалдығып немесе жантәсілім етеді екен. Содан бері осы асыл сөз ұмытылмай, бабала­рымыз балаларына «айналайын» деп еміренеді екен. Бұл дегеніміз, «сенің жолыңда менің жаным құрбан», «сенің мұңыңды маған берсін», «садағаңа жанымды бе­рейін» деген мағынаны білдірсе керек. Қазақтың бір ауыз сөзінде қасиетті тылсым, жанашырлық, мейірімділік пен балаға деген шексіз махаббат жатыр.



«Айналайын» сөзінің қадірі туралы ақын Кәкімбек Салықов:


«Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде, «Айналайын» деген сөзді сақтармыз» деген өлең жолда­рында әдемі жеткізген. Шынын­да, «айналайын» сөзі ешбір тілге аударылмайды, өзгеге мағынасын түсіндіре де алмайсың.




ЖЫЛЫ СӨЗДЕР



  • Жарық жұлдызым.

  • Болашағымсың.

  • Аспандағы жұлдызым, жердегі құндызым.

  • Шамшырағым!

  • Шаңырағымның иесі!

  • Қолқанатым!

  • Алтыным!

  • Құлыншағым, құлыным!

  • Жаным!

  • Күлімдеген күнім!

  • Ақылдым!

  • Көзімнің ағы мен қарасы!

  • Тапқырым!

  • Данышпаным!

  • Үздігім!

  • Балапаным!

  • Тәттім!

  • Айбалталы батырым!

  • Күнім!

  • Айым!

  • Аяулым!

  • Патшам!

  • Қара қызым, дара қызым!

  • Томпайым!

  • Ханшайымым!

  • Мейірбаным!

  • Естиярым!

  • Қоңыр қозым!

  • Ізбасарым

  • Шынарым!

  • Мирасым!

  • Аппақ көгершінім!

  • Ақ пейілді періштем!

  • Жақұтым!

  • Асылым!

  • Моншақтым!

  • Үкілім!

  • Қырмызы түсті қызғалдағым!

  • Шаттығым менің!

  • Қуанышым!

  • Кербезім!

  • Еркетайым!

  • Үмітім!

  • Асқар тауым!

  • Бота көзім!

  • Ақтотым!

  • Бұлбұлым!

  • Сүйкімдім!

  • Гауһарым, жақұтым!


Ал сіз балаңызды қалай еркелетесіз, құрметті оқырман?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:41

17:06

16:15

14:56

14:43

13:15

13:13

12:41

12:16

11:37

11:11

11:04

10:45

10:37

10:30

10:19

10:11

10:07

23:14

17:19

16:27

15:44

15:35

14:52

13:55