Аялдама тазалығы сын көтермейді

Шаһардағы автобус аялдамаларының тазалығы мен жағдайы сын көтермейтіні айтылып келеді. Қала тұрғындарының айтуынша, бұған аялдамалардың бірқатарында қоқыс жәшігінің жоқтығы, орындықтарының дұрыс орналаспауы, жолдардың сапасыздығы, кейбір аумақтардағы құрылыс жұмыстарының жүргізілуі және т.б. факторлар себеп болып отыр.

Алматының бір ғана Түрксіб ауданында 230-дан астам қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама бар. Алайда олардың барлығының бірдей жағдайы мәз емес. Әсіресе, ауданның шетіне қарай орналасқан аялдамаларда тазалықтың жоқтығы былай тұрғанда, бұл жақта оның қаңқасын да таппай қалуға болады. Осы тұрғыда Түрксіб ауданының тұрғыны Серік Бекқали аялдамада көп аялдай алмайтынын айтып, ойымен бөліскен болатын.

«Халық қоғамдық көлік күткенде көбіне аялдамадан алыстау тұрады. Өйткені, лас. Қоқыс жәшігі жоқ болғандықтан, бөтелке, қағаз тағы да басқа қоқыс түрлері шашылып жатады. Отыратын орындықтары тым кішкентай, екі адамға арналған дерсің. Жаңбырлы күндері тіпті қиналып қаламыз. Аялдамаға жақын өткен көліктер тас жолдың бетіне жиналып қалған суды шашып өтеді, осылайша жауынның суына бір шомылып аламыз», – дейді тұрғын.

Ал Солтүстік айналмадан Рысқұлов көшесіне бағыт алған жол бойындағы автобус айналдамалары тым ескі. Әрі аялдайтын орындықтары да жоқ. Аялдаманың іші қоқысқа толып, тіпті, қаңғыбастардың тұрағына айналған. Сол аумақтың тұрғыны Асылым Байғабылқызы автобусты аялдамада күту мүмкін емес екенін айтады. Себебі, кешкісін «қаңғыбастар» келіп тойлатып, сол жерге түнейді дейді:

«Таңертеңгі уақытты автобус аялдамасына кіріп тұра алмаймыз. Ішімдіктің иісі мүңкіп тұрады. Бұл жан-жағы қоршалған ескі аялдама болғасын, «бомждар» осы жерді келіп паналайды. Қоқыстан теріп әкелгендерін де осы жерге қалдырады. Салдарынан аялдама қоқыс алаңына айналды», – дейді тұрғын.

Бұл Жетісу ауданына қарасты аялдамалардың жалғыз мәселесі емес. Райымбек көшесінен Күдеринге бұрылған жолдан Рысқұловқа дейін созылып жатқан көше бойындағы аялдамалар тіпті қауіпті деуге болады. Мысалы, Сахалинская көшесінің қиылысындағы аялдама тұсынан арғы бетке өтетін жаяу жүргінші жолы қойылған. Аялдамаға автобус тоқтаған уақытта арғы бетке өтетін жүргінші келесі сызықтағы көлікті көре алмайды. Сол себептен, бұл қиылыста жол апаты жиі орын алады екен. Бұған Күдерин көшесінің тарлығы себеп болып отыр.

Сондай-ақ, Жандосов көшесі бойындағы «Казмеханобр» аялдамасында автобустардың жұмыс графиктері бұлай тұрсын, қандай автобус келіп аялдайтыны туралы тақтайша да ілінбеген. Бұл тұрғындардың жиі адасып кетуіне әкеп соғады. Осы тұста Әуезов ауданының тұрғыны Еркебұлан Мұсаев қандай автобустың қалай жүретіндігін көлік жүргізушісінен автобусқа мініп барып сұраймыз. Кейде бармайтынын білгенде түсіп үлгермей де қаламыз дейді:

«Мен Талдықорған қаласынан Алматыға жұмыс бабымен келгенмін. Тадықорған – шағын қала. Адасу дегенді білмейтін едік. Алматыға келгенде таппай қалатын кезім көп. «2ГИС» мобильді қосымшасын жөнді қолдана алмаймын. Сондықтан автобус жүргізушісінен немесе жанымдағы жолаушылардан сұрап жүруге тура келеді. «Казмехнобр» тақтайша ілінбеген жалғыз аялдама емес. Қаланың тең жартысынан көбінде автобустардың жұмыс кестесі туралы жазба мүлдем жоқ. Байқағаным, Алматыда ірі, орталық көшелердегі аялдамалар ғана талапқа сай келеді. Қалғандары қоқыстан көз ашпайды, орындыққа отыру тіптен мүмкін емес. Автобусты осы күнге дейін аялдамада отырып күтіп көрмеппін», – дейді тұрғын.

Аялдаманың тазалығын былай қойғанда, автобус күтетін төрт бұрышты қалқаға зәру халық та жетерлік. Оған дәлел – былтыр аялдама сұраған «Алғабас» ықшамауданының тұрғындары. Олар автобусты жол ортасынан тоқтатып алып мінуге мәжбүр болған. Бұл жағдай жалғыз мұнда ғана емес, қаланың басқа аумақтарында да жиі кездеседі.

Қала тұрғындары «Алматыдай алып шаһардың аялдамасы да мұнтаздай таза әрі ыңғайлы болса» дейді. Соңғы үлгідегі аялдамаларда қоғамдық көліктердің жүру кестесі, жарық шамдары және түрлі жарнама тақтайшалары жасақталған болса, ол да қалаға өзінше сән берер еді. Ал қаланың шетіндегі сын көтермейтін ескі аялдамалар сәнді де ыңғайлы аялдамаларға алмастырылса, нұр үстіне нұр…

Айжан БҮРКІТБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *