Автонесиелеуге бюджеттен қосымша қаржы бөліне ме?

Автонесиелеуге бюджеттен қосымша қаржы бөліне ме?
Сурет: Avtovzglyad.ru

Аптаның басында Қазақстанда жаңа автокредит бағдарламасы іске қосылды.

Қазір бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен қаржы жұмсалып жатқан жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз қазір мына 100 миллиардтан басқа республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлеміз бе деп отырмыз. Біздің қаржылық-экономикалық негіздемеміз бойынша 150 миллиард болып тұр. Оны жыл сайын 30 миллиардтан бөлеміз деген ой бар. Бірақ ол ақшаны бере ме, бермей ме, әзірге белгісіз», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ондай өтінімнің әлі түспегенін айтты.

«Қазір республикалық бюджеттен осы бағдарламаға бір тиын да жұмсалып жатқан жоқ. Барлығы - бұрынғы Оператор РОП-та жиналған ақша. Соны бұрып жатырмыз. Ал республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу туралы өтінім түскен жоқ», - деді Жамаубаев.

Айта кетері, осы аптаның басында Қазақстанда жаңа автокредит бағдарламасы іске қосылды. Бірақ бұрынғы бағдарлама бойынша жеңілдетілген кредиттер де беріледі.