Автобуста да өмір бар

Автобуста да өмір бар
almaty-akshamy.kz

Не байқадыңыз?

 

Жұмысқа екі демалып келемін, екі автобусқа отырып келемін дегенім ғой. Негізі, жол бойында, автобустың ішінде де өмір, тіршілік, түрлі адам, түрлі мінез бар.

 

203-ші АВТОБУС.

Алдыңғы орындықта бері қарап бозбала отырған-ды телефонын шұқылап. Бір кезде телефонын жанына қойды да, өзі терезеге қарап қалды. «Қап, қазір ойланып отырғанда телефонын ұмытып кетпей ме екен» деп ойладым, ұлдар көбіне алаңғасарлау келеді ғой жалпы. Сөйтсем, автобус бейіттер маңынан өтіп бара жатқанда, әлгі бала бетін сипады. Ішінен дұға жасаған болды ғой. Иман керек.

Бір кезде автобусқа 60-қа таяп қалған ер адам мінді. Ары-бері қарап еді, бос орын болмады. Әдеп сақтағаны ма, шамалы жер тұрып барды. Бір кезде қарсы алдында отырған жігітке:

– Балам, екеуміз кезектесіп отырайық. Аяғымның ауыратыны бар еді. Сәлден соң сен отырасың, – деді. Бұл да дұрыс. Әйтпесе, кейде үлкендігімізді міндетсініп, «Әй, бала, тұр кәні! Орын беруді білмейсіңдер, тәрбие қайда?!» деп дікеңдеп ала жөнелетініміз өтірік емес қой.

 

120-шы АВТОБУС.

Автобусқа егделеу екі әйел дабырлай әңгімелесіп кірді. Жалғыз отырған мені үлкенсінді ме, әріректе отырған орыс келіншегіне: «Сіз анау бос орынға отырасыз ба, біз екеу болып отырсақ деп едік», – деді. Әйел отырмаймын деді. «Мен сізден өтініп сұрап тұрмын ғой, маңызды әңгімеміз бар еді», – деді. Сонда да қозғалмады әйел. Ал өтінген әйел «артыңды көтеруге ерініп отырсың ба, соншама» деген сияқты жаман-жаман сөздерді қарша бората бастады. Таң атпай көңіл-күйді нілдей бұзатын сөздер! Арты үлкен шуға айналмасын деп мен тұрып орын босаттым.

Алдында менімен бірге бір әйел кіріп еді автобусқа. Біреуге телефон соққан. 35 минут жүріп келдім. Мен түсіп бара жатқанда сол әйел әлі сөйлесіп отыр екен. Неткен жүйке! Мейлі, өзі біледі ғой, қанша сөйлессе де. Өзіне жақсы болса, шопыр бақыртып қойып қойған «Чеее там, че там, че там, қарындас» деген өлеңді (қазіргі «заманауи» әндеріміздің бірі) қоса тыңдап, әрі қарай кете берсін.

Жолыңыз болсын, жолаушы!