Автобус па, арба ма?

Қоғамдық көлік ішінде тазалық жоқтығына қарап, кейде осылай ойлауға тура келеді…

Алматыда көліктің барлық түрі бар. Велосипедтен бастап, автобус, троллейбус, метро, ұшақ, пойыз дейсіз бе, барлығы мегаполистегі жолаушыларды тасымалмауға қызмет етеді. Қоғамдық көлікке отыруға кез келген адамның құқығы бар. Десек те, көпшілікке арналған көліктерде жүрудің өзіндік ережелері бар екенін, қоғамдық көлік жүргізушілерінің де өз міндеттері болатынын білгеніміз жөн.

Таяуда Алматыдан қаланың шеткері ауылдарына қатынайтын автобусқа отырдым. Аялдамадағы көлік қозғалайын деп тұрған соң автобусқа мініп үлгерейін деп жүгіріп кірдім. Автобус жүріп кетті. Көлікке кіре салғанда жағымсыз иіс қолқамды алды. Орын тауып отырған соң айналама қарасам, автобустың іші лас, орындықтары дақтан көрінбейді, терезелерінің сүртілмегеніне біраз болғаны көрініп тұр. Әлгі көлік соншалықты ескі де емес, бірақ автобустың ішін жай ғана лас деп айта салу аздық етеді, айнала жағал-жағал кірден көрінбейді. Кіре салғанда байқамаппын, алдыңғы есіктен кіреберісті біреу тіпті ойрандап кеткенге ұқсайды, содан да автобустың ішін жаман иіс алып кеткен.

Келесі аялдамадан түсіп қалмақ болдым. Бірақ қалай да жүргізушіге мынандай сұмдықты ескертпей кетуге болмайтынын ойлап, алдыға қарай ұмтыла бергенім сол еді, ең алдыңғы орындықта отырған жолаушының әлдебіреуге телефон шалып, шағым айтып жатқанын естідім. Өзін «Сергей» деп таныстырған жігіт даусын әдейі шығарыңқырап сөйлесті:

– Алло, бұл автобус паркі ме? Алматыдан Талғар трассасы арқылы ауылдарға қатынайтын «пәленінші» (ред.) автобуста отырмыз. Автобустың іші лас, құсық, исі қолқамызды алады. Автобустың жүргізушісі неге көліктің ішіндегі тазалыққа, тәртіпке мән бермейді. Қоғамдық көлік адам тасымалдайды емес пе, әлде сіздер отын таситын ба едіңіздер? Бұл неткен бассыздық, шара қолдануларыңызды сұраймын, – деді.

Автобустың ішіндегі жолаушылардың көбі бір адам айтып жатқан соң үндемеді ме, әлде қоғамдық көліктердің осындай күйіне еті үйреніп кеткен бе, әйтеуір «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» деп жайбарақат отыр. Мен де әлгі шағым айтқан жігітке қолдау білдіріп, автобустың жүргізушісіне барып ескерту жасадым. Жүргізуші орта жастан асқан үлкендеу кісі екен.

– Аға, келесі аялдамада орныңыздан тұрып, салонның ішіне бір кіріп көріңізші. Мынандай лас автобуспен адам тасимыз деп айтудың өзі ұят емес пе? Жолаушылардың шағымданатындай жөні бар, – дедім.

Жүргізуші тазалыққа қарайтынын айтып ақталып-ақ жатыр. «Жаңа ғана бір ішіп алған мас жолаушы отырған еді. Оны түсіріп тастауға шамам келмеді. Сол автобус салонының ішін бүлдіріп кеткен ғой» дей бергені сол еді, жүргізушіге автопарк диспетчері хабарласып, жолаушылардың шағымданып жатқанын айтты. Жүргізуші келесі аялдамаға автобусты тоқтата салысымен, шелегіне су құйып алдыңғы есіктің кіреберісін тазалай бастады. Ішінен шағымданушыны, бәлкім мас жолаушыны сыбап жүргені өрт сөндіргендей түнерген түрінен көрініп тұрды.

Дәл осы көріністен жүргізушінің өз міндетін дұрыс білмейтінін, жолаушылардың қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау ережелерін сақтамайтынын айқын көруге болады.

 Сергей, жолаушы:

– Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын әрбір адам ең алдымен тазалықты, тәртіпті бірінші орынға қою керек деп есептеймін. Әсіресе, қоғамдық орындарда көпшілікпен жұмыс істейтін адамдар өзінің қандай жұмысты таңдап келгенін, міндетінің қандай екенін айқын білуі керек. Егер жұмысы ұнамаса, орынды босатқаны абзал. Мен де бір кездері қоғамдық көлікте кондуктор да, жүргізуші де болып жұмыс істедім. Сондықтан бұл жұмыстың қыр-сырын білемін. Жүргізуші әр соңғы аялдамаға жеткенде салонның ішіндегі тазалыққа мән беріп, тазалап, желдетіп, жуып шығуы керек. Қазіргі пандемия кезінде тазалықтың талабы тіпті күшейді емес пе? Автобуста кейде жолаушылардың заттары қалып қалады. Оны да байқап, алып қою, тиісті жерге өткізу – жүргізушінің міндеті.

 Р.S. Иә, әзірге біздің елде тек шағымданумен, айыппұлмен ғана азаматтарды тәртіпке шақыруға тура келеді. Өйткені, кейбір адамдардың мәдениеті, таным-түсінігі таяз екенін мойындауымыз керек. Әркім өз үйін, ауласын, жеке көлігін қалай таза ұстайды, дәл солай қоғамдық орындарда да тазалықты сақтаса, өз қаламыз, даламыз, еліміз, жеріміз жайнап тұрмас па еді. Қоғамдық көлікпен тек өзіміз ғана емес, шет елден келген туристер де жүреді. Осындайды көрсе, олар еліміз туралы не ойлайды.

 Біле жүріңіз

 Қоғамдық ортада өзіңді ұстай білудің маңызы өте зор, өйткені мәдениеттілік адам туралы жағымды пікір қалыптастырады. Күнделікті жүретін қоғамдық көлікте жүру ережесін білгеніңіз өзіңіз үшін де, басқалар үшін де пайдалы.

  • Қоғамдық көлікке мінбес бұрын ішіндегі адамдардың түскенін күтіңіз. Есікке қарай ұмтылып, жолаушылардың көліктен түсуіне кедергі жасамаңыз. Мүмкіндігінше, қарт адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге көліктен түсуге көмектесіп жіберіңіз.
  • Арқаңызға үлкен рюгзак немесе сөмке асып алған болсаңыз, төмен түсіріп, жаныңызда ұстаңыз. Тіпті қасыңыздағы орын бос тұрса да, заттарыңызды, сөмкелеріңізді оған қоймаңыз. Өйткені, бұл – жолаушыларға арналған орын.
  • Автобусқа кіре салысымен бос орынға жайғасуға асықпаңыз. Ең алдымен, қоғамдық көліктердегі отыратын орын мүгедек, қарт, жүкті әйелдерге арналған. Егер басқа да бос орындар болса, отыруға болады.
  • Метроның есігін бірден жібере салмаңыз. Есік қатты жабылса, сізден кейін келе жатқан адам жарақат алып қалуы мүмкін. Бұл тек тәрбиелілік қана емес, өзгелерге ыңғайсыздық тудырмау болып саналады.
  • Қоғамдық көлікте иісі қатты шығатын, шашылатын, төгілетін, жағылатын тағамдарды жемеген жөн. Балаңызға балмұздақты көліктен түскеннен кейін де алып беруіңізге болады.
  • Жауын-шашынды ауа райында қолшатырмен көлікке кіргенде оны сілкімеңіз, басқа жолаушылардың үстіне су шашыратып алуыңыз мүмкін. Қолшатырды төмен қаратып, жабық күйде ұстаңыз.
  • Қоғамдық көлікте отырған кезде кейбір адамдар телефон, скайп арқылы қатты дауыспен сөйлеседі немесе киноны даусын қатты шығарып көреді, музыка тыңдайды. Бұл басқа жолаушыларға кедергі келтіреді. Сондықтан мұндай әдеттерден аулақ болыңыз.
  • Өзге жолаушы кітап оқып отырса, смартфонға қарап отырса, оның қасында отырып, мойныңызды созып, өзгенің қолындағы дүниеге үңілгеніңіз дұрыс емес.
  • Қыз-келіншектердің қоғамдық көліктерде шашын жаймай, жинақы жүргені дұрыс.

 

Қаланың ішінде көбіміз автобус, тролейбус, метрода жиі жүреміз. Егер қарапайым тұрғындар мен қала қонақтары жүретін қоғамдық көліктер мұнтаздай тап-таза, айнадай жарқырап тұрса, көңіл күйіміз де көтеріңкі болады емес пе?..

 

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *