Ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі интерактивті картаға жаңа функциялар енгізілді

Ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі интерактивті картаға жаңа функциялар енгізілді
Сурет: Salevipmalls.ga

Қазақстандықтар кез келген ақпаратты көре алады. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі интерактивті картаға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Картаға азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы (Е-өтініш) арқылы халықпен кері байланыс орнатуға арналған жаңа функциялар қосылды», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Мамандардың айтуынша, ауылдарды сумен қамтамасыз ету деңгейін мониторингілеу үшін министрлікпен тұрғындарға қолжетімді auylsu.kz интерактивті картасын әзірленген болатын. 

Картаның көмегімен әрбір азамат өзін қызықтыратын кез келген ақпаратты көре алады. Мәселен, өңірдің сумен қамтамасыз етілуі, қаржыландыру, қаражатқа деген қажеттілік, халық саны туралы және басқа да мәліметтер жүктелген. 

Жалпы, ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Алматы (99,1%), Атырау (99%) және Қызылорда облыстары (97,8%) көш басында тұр. Дегенмен бірқатар өңірде артта қалушылық бар. Ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) байқалады. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша, ауыл халқы арасында сумен жабдықтау қызметтеріне деген қолжетімділік 93%-ды құрайды.