Ауылға қосымша қаржы аударылады

Ауылға қосымша қаржы аударылады
Сурет: ашық дереккөз

Ауылдарды дамыту үшін қосымша 55 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Соңғы жылдары барлығы 1 031 ауыл жобалармен қамтылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасына 143 млрд теңге бөлініп, 736 ауылда 1 500-ден астам жоба іске асырылады. Сонымен қатар, 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 55 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», - деді Омарбеков.

Ол атағандай, бұл 120-дан астам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанын, 275 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 1 300 көлік инфрақұрылымы жобасын іске асыруға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылып жатыр. 2009 - 2022 жылдардың қорытындысы бойынша 95 мың маман көтерме жәрдемақы және 45 мың маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер алды. Сондай-ақ, биыл «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыруға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 3 800 маманға 20 млрд теңге бөлінді», - деді ол.