Ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу –аумақтық сайлау комиссияларының ерекше құзыреті

Ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу –аумақтық сайлау комиссияларының ерекше құзыреті
Сурет: Еgemen.kz

Әкімдер сайлауы кезінде Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттіктері шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларына әдіснамалық көмек көрсететіп, сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.


Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндады деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz "Егемен Қазақстан" басылымына сілтеме жасап.


«Сайлау туралы» Конституциялық заңның 113-1-бабына сәйкес, сайлау тағайындау үшін мыналар негіз болып табылады. Бірінші – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, округ әкімінің заңмен белгіленген өкілеттілік мерзімінің аяқталуы. Екінші – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, округ әкімі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату немесе заңда белгіленген жағдайларда тиісті әкімшілік аумақтық бірлікті қайта ұйымдастыру. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және жұмыс істеп отырған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді», – деді Ерлан Дауылбаев.


Оның айтуынша, әкімнің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау тағайындалған күннен бастап 1 ай ішінде тағайындалады және 1 ай мерзімде өткізіледі. Яғни науқан ұзақтығы – 1 ай, ұсыну үшін – 2 апта, тіркеу кезеңі 10 күн бұрын аяқталады. Сайлау күні туралы хабар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


«Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады және сайлау өткізілетін уақытқа 15 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін ауылдық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округіне екеуден кем кандидат ұсынылса, онда аудандық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсынуды 5 күннен аспайтын мерзімге ұзартады.  Кандидаттарды ұсынудың бірнеше тәсілі бар. Бірінші, саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан ұсынады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екінші, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолын жинауды қамтамасыз ете отырып, өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асырады. Үшінші, егер ұсыну аяқталатын күнге екеуден кем кандидат ұсынылса, аудан әкімі ұсынады. Бұл ретте ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күні 1 кандидат ұсынылған жағдайда аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.