Ауыл әкімдерінің сайлауы қашан өтеді?

Ауыл әкімдерінің сайлауы қашан өтеді?
Сурет: 24.kz

Биылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды.

Елімізде ауыл әкімдерін сайлау 25 шілдеде өтеді. Халық өз ауылының әкімін таңдау үшін таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сайлау учаскелеріне барып дауыс бере алады. Қазір өңірлерде саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталған. Мәселен, Қызылорда облысында 40 ауылдық округтың әкімі таңдалады. Қазір өңір бойынша 151 үміткер саяси додада бағын сынамақ. 

«151 кандидаттың 9-ы – әйел, яғни 5,9% құрап отыр. Ең жас кандидат 25 жаста. Ең үлкені 62 жаста. Кандидаттардың орташа жасы 41 жасты құрап отыр. Ұсынылған кандидаттардың мамандықтар бөлінісі бойынша ең көбі – мұғалімдер»,– деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.

Жалпы, елімізде 2346 ауылдық округ әкімі болса, биыл соның шамамен 775-і сайланады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды. Бұл өз кезегінде «Естуші мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға, партиялардың өкілеттіктерін кеңейтуге жол ашады.