Ауыл тұрғындарына қандай әкім керек?

Ауыл тұрғындарына қандай әкім керек?
Сурет: Azh.kz

Басты талап - мемлекеттік тілді білуі тиіс.

Nur Otan жанындағы қоғамдық саясат институты осы сайлауға байланысты ел арасында сауалнама жүргізген. Осы арқылы мамандар ауыл әкімі болуға лайық адамның портретін жасауға тырысқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv cайтына сілтеме жасап.

«Біз елдің пікірін теру арқылы ауыл әкімі болуға лайық адамның портретін жасауға тырыстық. Болашақ әкімге қойылатын міндетті талаптар ретінде ауылдық респонденттер жоғары білімінің және басшы лауазымдардағы жұмыс өтілінің болуын, сондай-ақ мемлекеттік тілді білуін басты талап ретінде қояды»,– деді Nur Otan партиясының қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева.

 Сауалнамаға 3 мың ауыл тұрғыны қатысқан болатын. Сонымен қатар, Мадина Нұрғалиева ауыл тұрғындарын барынша ойланып дауыс беруге шақырды.

«Тұрғындарға ауылдың нақты мәселелерін шеше алатын, жауапкершілігі мол, білімді және сауатты адамды таңдау дұрыс екенін түсіну керек»,– деді сарапшы.

Бұған дейін айтылғандай, 25 шілдеде 730 ауылдың әкімі сайлау арқылы қызметке келеді. Ал жыл соңына дейін тағы 45 ауыл әкімі сайлануы тиіс. 

«Ауыл әкімдерін сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. Осы кезеңнен бастап бізде «ауыл әкімі» дейтін тағы бір сайланбалы лауазым пайда болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бір ғана сайланбалы лауазым болған еді. Ол – ҚР Президенті. Алдағы сайлаудың ерекшелігі – азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға қатысуын кеңейту. Енді жергілікті маңызы бар мәселелерді тікелей ауыл тұрғындары шеше алады. Сондай-ақ, саяси партиялар үшін де, белсенді азаматтар үшін де саяси бәсекелестікті дамытуға жақсы мүмкіндік туындап тұр. Яғни, өзін-өзі ұсыну тәжірибесі дербес азаматтарға бақ сынауға жол ашады», – деді Мәдина Нұрғалиева.

Институт директоры алдағы сайлаудың тағы бір маңызды элементі ретінде бюллетеньдерде «Бәріне қарсымын» деген бағанның болуын айрықша атады. Оның айтуынша, бұл - демократиялық тәжірибенің дамуынан туындаған талап. "Сайлау науқаны қызықты басталды деуге болады. Мыңдаған адам өз-өзін ұсынып жатыр".