Ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция көлемі азайды

Ауыл шаруашылығына бағытталған инвестиция көлемі азайды
Сурет: Worldatlas.com

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға аз.

Осы жылдың бес айында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі едәуір азайған, деп  хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz сілтеме жасап. 

«2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында ауыл, орман және балық шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемі - 342,9 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға аз», - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Инвестицияның 155,4 млрд теңгесі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан сияқты астық егетін облыстарға бағытталған. Қаржының 63,2 пайызы бір және екі жылдық дақылдарды өсіруге, ал 25,9 пайызы мал шаруашылығын дамыту үшін жұмсалады.

«Биыл бес айда өңдеу өнеркәсібіне 599,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға аз. Инвестициялардың 78,8 пайызы - меншікті қаражат. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестицияның 68 пайызы металлургия өндірісіне, химия өнеркәсібі мен тамақ өнімдерін өндіруге бағытталды»,- делінген бюро хабарламасында.