Ауыл шаруашылығын дамытамыз десек...

Ауыл шаруашылығын дамытамыз десек...
azattyq-ruhy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп қадап, нақтылап айтылды. Бұл - шынайы шындық.

Ауылшаруашылық саласын дамыту үшін, ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған проблемаларды анықтауға тиіспіз. Сол проблемаларды біртіндеп шеше бастасақ, мақсаттар өз-өзінен орындалады, яғни, шаруашылық өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі азаяды. Проблемаларды анықтау үшін салада жоспар болуға тиіс. Біздер нарықтық экономикада жоспарлау принциптерін ұмытып барамыз.

Барлық өзгерістің нәтижесін салыстырмалы түрде ғана анықтауға болады. Ол үшін алдымен өндірісте жоспарлау бағыты жолға қойылу керек. Дұрыс, сауатты жасалынған жоспар, ол жартылай орындалған нәтиже десек, жаңылыспаймыз. Өндірістің нәтижесі - ол алынған өнімнің көрсеткіші. Енді, алынған өнімнің көлемін, жоспарланған мәліметпен салыстырып, оның қаншалықты қажеттілікті қамтамасыз етіп отырғанына талдау жасаймыз. Міне, сонда ғана алдағы мақсаттарды айқындауға болады.

Мақсат - ол алға қойылған жоспар. Әрине, сол жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибелері мол кадрларға жасатсақ, онда ол оң нәтиже беретін, өмірге қажетті баға жетпес құнды, таптырмас еңбек боларына сөз жоқ. Мұндай жоспарларды республика, облыстар, аудандар, ауыл әкімшіліктері бойынша жасату керек. Оны жергілікті барлық кадрларды (ғылыми, өндірістік, әкімшілік т.б.) қатыстырып жасасақ, нұр үстіне нұр.

Шешілуге тиісті жоғарыда айтылған проблеманың бірі - кадр мәселесі. Бұрыннан келе жатқан қағидаттардың бірі, «мәселенің бәрі кадрге келіп тіреледі» деген сөз бар. Біз кейінгі жылдары жастары ұлғайған кадрларды зейнеткерлікке жібердік, бірақ, орындарына мамандар дайындамадық. Жалпы, кадр мәселесі ауыл шаруашылығында да үлкен тұлға. Қазақта құнды, мағынасы терең мақалдар көп-ақ. Солардың бірі «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген. Барлық мәселеде де саланы маман басқарса, нәтижесі оң болады. Кейінгі кездері басшыларды сайлағанда, мамандығына көңіл бөлінбей, кім болса соны, әртүрлі себептермен қоя салатын болдық. Аяғында нәтижесі жақсы болмай жататынына бәріміз де куәміз.

Қорыта келе айтарымыз, еліміз бақуатты өмір сүру үшін бізге, біріншіден, шағын ауылдардың инфраструктураларын (халықтың туып-өскен жеріне қайта оралулары үшін) жасау керек; екіншіден, Жер-ананы тиімді (әрбір гектарына дейін) пайдалану, одан соң, жылдың аяғында ауыл әкімдерінің есебін тыңдағанда, олардың жұмысын бағалау жерді тиімді пайдаланғанына қарай берілсе; үшіншіден, ауылдық әкімшіліктерге халықтың, малдың, жердің жылдық, айлық статистикалық есебін дұрыстап жүргізіп отыратын бір-бір қызметкер берілу керек, сонда өтірік есеп болмайды; төртіншіден, облыстарға, аудандарға, ауыл әкімшіліктеріне ауылдағы бар мүмкіншілікті толық пайдаланып, ауыл шаруашылық өнімдерін молырақ өндіру үшін, жоспарды нақтылап, нығыздап, жоғары мүмкіншілікке таяп жасаттыру.

Бұл келтірілген мәселелер халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірнеше ғана проблемалары. Мұндай мәселелер салада көптеп саналады.