Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтындар тексеріледі

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтындар тексеріледі
Сурет: Massaget.kz

Пайдаланылмай жатқан жерлердің 90%-ға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектісіне тиесілі.

2022 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай жатқан 1901 шағын кәсіпкерлік субъектісі тексеріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 3 қаңтарында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін қатарынан 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізуді көздейтін норма қабылданған болатын. Бұл ретте пайдаланылмай жатқан жерлердің 90%-ға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектісіне тиесілі.

«Ерекше жағдайларды қоспағанда, Президенттің шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулерге мораторий енгізу туралы Жарлығын бұза отырып, тексерулер жүргізу мүмкін емес. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021 жылғы 26 шілдедегі бұйрығымен «жаппай қатер» ұғымын айқындау жөніндегі ұсынымдар бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 4 мамырдағы № 139 бұйрығына сәйкес, «жаппай қатер» шеңберінде жалпы алаңы 5,8 миллион гектарды құрайтын 1901 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізу жоспарлануда», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Бұған қоса, ол жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемелері 10-нан 20 есеге дейін ұлғайтылғанын айтты.

«Тәжірибе көрсеткендей, осындай іс-әрекеттер нәтижесінде жер пайдаланушылар ұлғайтылған салықты төлемеу үшін, жерлерді өз еркімен қайтарып жатады. Жоғарыда аталған іс-шаралар нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда, биыл 5 миллион гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте пайдаланылмайтын және заң бұзушылықпен берілген жерлерді алып қою бір күнде бітетін жұмыс емес екенін атап өткім келеді. Себебі Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, меншік құқығы қорғалған. Ал алып қою процесі тек сот арқылы жүзеге асырылады», - деп толықтырды спикер.

Қазіргі уақытта облыстарда әрбір өңірдегі барлық мүдделі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, ведомствоаралық топтар құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және халықты ауылдардағы ауыл шаруашылығы жерлерімен қамтамасыз ету проблемасы барлық өңірдегі өткір мәселе болып отыр.

Азаматтардың өтініші бойынша өткен жылы республикада жер заңнамасын сақтау бойынша 175 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты жалпы сомасы 875,1 мың теңгеге 55 әкімшілік өндіріс қозғалды.