Ауғанстанда атылған оқ

Ауғанстанда атылған оқ

Орта Азияда су үшін күрес күшейді

Өткен апта соңында Иран мен Ауғанстан шекарасында оқ атылып, екі тараптан да шекарашылар қаза тапты. Төрт төңірегін жанжал қоршап тұрған Орта Азия елдері үшін бұл елеңдетерлік оқиға. Қарабақ соғысы мен Ресей–Украина соғысының зор дүмпулері жұрт санасын бұрып кетсе де, Ауғанстан мәселесі Қазақстанды қамтыған аймақ үшін әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Терең әлеуметтік һәм экономикалық дағдарыс меңдеткен Ауғанстан әлі ешбір ел ресми билік деп танымаған тәліптердің бақылауында. Ондағы терроризм мен экстремизм қаупі және оның көршілес аймаққа болған әсері біздің қоғамның қаперінен тыс қалмауға тиіс.


«СУДАН ШЫҚҚАН ӨРТ» АЙМАҚТЫ АЛАҢДАТАДЫ

Мәліметтерге сай, оқ атысуға дейін апарған жанжал трансшекаралық су мәселесінен шыққан. Иран президенті Ибрагим Раиси осы айдың басында Талибанға Иранның Гильменд өзеніне су құю құқығын бұзбауды ескерткен. Қақтығыстан бір күн бұрын ғана «Талибан» қозғалысы мен Иран өкілдері Гильменд өзеніне су беру құқығына қатысты ақылдасқан. Бұған қарамастан екі тараптың қаруға жүгінуі күтпеген жағдай. Иранның Революция сақшылары корпусы істі жауапсыз қалдырмаймыз деген мәлімдемесін де жасады. Бұл алда болатын ықтимал қақтығыс қауіптерін білдіреді

Иран мен Ауғанстан арасындағы қақтығыстың су мәселесінен шығуы тегін емес. Аймақ елдерін де осы мәселе алаңдатса керек. Себебі, тәліптердің көрші елдермен даулы іс-қимылдарды бірден шекаралық өзендерден бастағаны назар аудартады. Бұдан бұрын Әмудария суының 3/1 бөлігін бұрып әкететін «Күш-Тепа» каналының құрылысы да Өзбекстан мен Түркіменстанды алаңдатып қойған еді. Иран ұзақ жылдан бері құрғашқылықтан зардап шегіп келеді. Соңғы 10 жылда жағдай тіпті нашарлады. Ресми мәліметтерге жүгінсек, елдің 97 пайыздан астам аумағы құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отырғанын көреміз. Өңірлік климатқа қатысты бұл өзгеріс бізге де өз әсерін тигізіп келеді. Құрғақшылық пен шөлейт- тену Орта Азия елдерінде де жыл- дам өсіп келеді. Көптеген сарап- шылар су мәселесі болашақта Орталық Азияда күрделі қайшы- лықтарға жол ашатынын айтып келген.

Иранмен шекарада оқ атысу арқылы «Талибан» су мәселесі бо- йынша қақтығысқа баруға да да- йын екенін көрсеткендей. Қалай деген күнде де, бұл Қазақстанды қамтыған осы аймақтағы су ре- сурстары үшін күрестің күшей- генін білдіреді.


КҮМӘНДІ КАНАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ: ТӘЛІПТЕР НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

«Талибан» Ауғанстанның солтүстігіндегі үш провинцияны кесіп өтетін канал құрылысына күш салуда. Канал қазу қарқынды жүріп жатқан тұста өзбек және түркімен тарабы жобаның келтіретін зиянын айтып дабыл қақты. Өзбек сарапшылары жаңа канал Ауғанстанға да игілік әкелмейтін, керісінше құрғақ даладан өтетін дария суы жерге сіңіп сырап болатынын алға тартады.

Бұл сондай-ақ, Арал өңіріне дейінгі алып аумақтағы тұрғындар- дың тағдырына саятыны белгілі. Анығында, бұл бізге де қатысты мәселе. Арал тағдыры, өңірдегі шөлейттенудің жылдан-жылға артуы аймақ елдерін алаңдатып отырған шақта «Талибан каналы» жағдайды тіптен қияндата түспек. Тәліптердің мәліметінше, 285 шақырымға созылатын канал жобасның құны 684 миллион долларды құрайды. Бір уақытта 6,5 мың жұмысшы жұмыс істеп, жалпы жоба аясында миллионнан астам адамды жұмыспен қамтитыны айтылған. Олар 5 жылға жалғасатын құрылыстың былтыр 40 шақырымын аяқтады.

Ауғанстандағы қазіргі әлеуметтік ауыр жағдайды суреттеп беретін деректер жеткілікті. БҰҰның гуманитарлық көмекке шақырып, дабыл қаққан ескертулері және бар. Бірақ өзге балаларына азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін балиғат жасына жетпеген қызын сатуға мәжбүр болып жатқан ауғанстандықтарды айтудың өзі олардың елдегі жағдайын түсіндіруге жеткілікті болар. Тәліптердің билікке келгеніне екі жылға жуық уақыт болса да, олардың елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты шешуге дәрмені жеткен жоқ. Бұл арада елдегі жұмыссыздық, инфрақұрылым, т.б. толып жатқан мәселелерді айтудың өзі артық.

Әлемнен дипломатиялық оқшауланып қалған Талибан билігінің дағдарыстан қысқа уақытта шыға алатынына сенім аз. Бірақ тәліптер өз билігін бекемдеу әрекетін жасап жатыр. Олардың алдында ішкі дағдарысты шешумен бірге, легитимділігін мойындату дейтін басты міндет тұр.

Кеше ғана Reuters агенттігі өзінің құпия ақпарат көздеріне сүйене отырып, Ауғанстан мен Катардың жоғары лауазымдылары құпия кездесу өткізгенін хабарлады. Дереккөзде айтылғандай, Катардың премьер-министрі Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани мен Талибан жетекшісі Хайбатулла Ахунзада арасындағы кездесу 12 мамырда Кандаһарда өткен. Олар Ауғанстанның дипломатиялық оқшауланудан шығу жолдарын талқылаған. Бұл Талибан жетекшісінің шетел басшысымен алғашқы кездесуі саналады. Әл-Тани кездесуде тәліптердің қыз балаларды жоғары сыныптарға оқытпау, әйелдердің жұмыс істеуіне шектеу қою секілді әрекеттерін сынға алған. Бұл онсыз да оларды ресми билік деп тануға үлкен кедергілердің бірі еді. Reuters-тің жазуынша, АҚШ президенті Джо Байден бұл кездесуден хабардар және диалогты дамытуға үміткерлік танытқан. Бұның да өзіндік мәні бар, Құрама Штаттар мен Талибан қозғалысы кезінде Катар арқылы келіссөз өткізіп келді.


АУҒАНСТАН ТҮЙТКІЛІ

Ауғанстанның географиялық орналасуы елге аса жоғары стратегиялық маңыз береді. Ел аумағы ежелден сауда өткелі, қарым-қатынастардың үлкен дәлізіне айналған. АҚШ-тың бұл елде 20 жыл қарулы күш орналастыруы да аймақтағы Ресей, Қытай және Иран секілді ойыншылардың ықпалына тосқауыл болып тұрды. Бірақ АҚШ пен коалиция күштері шығуының алды-артында Ирак пен Сирия жерінен жеңіліс тапқан ДАИШ секілді террорлық, экстремистік топтардың Ауғанстанға қарай жинала бастағаны әлемдік ақпарат кеңістігінде айтылған еді. Бұл сол елдің аймаққа төндіретін террористік және экстремистік қауіптерін арттырған. Тәліптер уәдесіне сай елде террорлық ұйымдардың әрекеттеріне жол бермейтінін айтады.

Дегенмен, бұл толық деңгейде жүзеге аса ма деген күдік басым. Бұған қарсы әр тарап түрлі шара қолдануда, Қытай «Бір белдеу, бір жол» жобасына Ауғанстанды да белсенді түрде тартуда. Діни экстремизм, терроризм қаупімен қатар су ресурстарының жаңа деңгейдегі мәселесіне тап болған Орта Азия елдері Ауғанстан мәселесіне көбірек көңіл бұруына тура келгендей.

Бүгінде Ауғанстанды ешкім ресми билік деп мойындамаған тәліптер басқарып тұр. Неге АҚШ тәліптермен келіссөзге келіп, тұрақсыз күйдегі Ауғанстанды «тастап кетті»? Иранмен арадағы шекаралық жанжал су мәселесінен шықты. Тәліптер неліктен әңгімені Орта Азиядағы ең нәзік мәселе – судан бастап жатыр? Көрші елдер- мен ұстаным қайшылығы бар тәліптер елдегі дағдарысты шешіп, тұрақтылықты қамтамасыз ете ала- ды дегенге сенім аз. Ендеше, олар билеген Ауғанстанның қазіргі жайкүйін қалай бағалауға болады? Ау- ғанстаннан аймаққа төнетін қауіп қандай? Біз осы сауалдар төңірегін- де шығыстанушы, журналист Қуа- нышбек Қариді әңгімеге тартқан едік.

Тақырыпқа орай

Қуанышбек ҚАРИ:

АЙМАҚҚА ТӨНЕТІН ҮЛКЕН ҚАУІП ЖОҚ

Ауғанстанға тәліптердің билігі келгелі көрші елдермен қарым-қатынасы белгілі бір жүйеге түсе қойған жоқ. Себебі, бұл көрші елдерді тәліптердің режимін мойындау және мойындамау дейтін екіұдай күйге қалдырды. Мойындамайын десе, Ауғанстанның әкімшілік басқаруы солардың қолында, мойындайын десе, кезінде террористік ұйым ретінде танып қойған. Яғни репутациясы жағымды ұйым емес. Ауғанстанның өз үшін де керемет жағымды болды деп айту қиын. Ел ішінде бұрынғымен салыстырғанда атыс-шабыс, жарылыс дегендер азайды, жоқ деуге де болады. Бұны бейбітшілік деп айту қиын шығар, тек қауіпсіздік жағынан біраз тыныштық орнаған секілді.

Тәліптер мен көрші елдердің қарым-қатынасының даму бағытын қарастырғанда, ең алдымен осы су мәселесі ойға оралады. Себебі, Ауғанстан Орта Азия мен Иран үшін судың басында отырған ел. Иранмен арадағы мәселе де осыған байланысты туындап кетті. Бұл шекараға таяуда ғана Иран президенті сапарлап барған. Тараптар бірлесіп су мәселесін диалог арқылы шешеміз деген жақсы әңгімелер айтқан. Бірақ көріп отырмыз, шекара бекетіне тәліптер шабуылдап, командирлері жағынан «Тегеранды басып аламыз», «қырамыз, жоямыз» дегендей өрекпіген әңгімелер де айтылды. Бұл «Талибан Иранға соғыс ашты» дейтін фейк жаңалықтарға себеп болды. Мәселе соншалықты бір соғыс жариялайтындай деңгейде емес; екіншіден, тәліптердің қазіргі деңгейі Иранмен соғысатындай деңгейде емес. Екі ел шекарасында қару-жарақ пен есірткі контрабандасына байланысты атыс жиі болып тұрады.

Ал Гильменд өзені Иран үшін өте маңызды. Өзен суының тежелуі өңірде әлеуметтік-экономикалық проблема жасап отыр. Оны тұтынып отырған ирандық провинцияның өзі Тегеран билігінің негізгі назарынан тыс қалып келе жатқан дотациядағы өңір болатын. Әлеуметтік проблема да әбден қордаланып қалған, тіпті Иранның орталық үкіметіне де қарсы көңіл күй бар. Бұндай жағдайды тәліптер де пайдаланғысы келеді. Бірақ факт – төменгі ағарындағы халық суға жарымай отыр. Бұл негізі жылдар бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселе.

Көршілес елдер амалсыздан Ауғанстанның әкімшілігін басқарып отырған тәліптермен ымыраға баруға мүдделі. Себебі, елді билеп отырған басқа бір саяси күш жоқ. Оларды ресми билік ретінде мойындамағанымен де, саяси-экономикалық қатынас барысында тәліптермен байланыс орнатуға мәжбүр. Бұл айтылғандар Орта Азия елдеріне де қатысты. Қазақстан Ауғанстанға астық өнімдерін экспорттап отыр, Өзбекстан болса теміржол қатынасын қалыптастырып жатыр. Түркіменстаннан Пәкістан мен Үндістанға тартылатын газ құбыры да Ауғанстан арқылы өтуі керек болатын. Сайып келгенде, бұның бәрі «Талибанды» легализациялауға жол ашпақ. Алайда, оған «Талибан» дайын емес секілді, ішкі тартысы да жеткілікті. Ауғанстан халқына қолдау мен гуманитарлық көмектерді де амалсыз «Талибан» арқылы жүргізуге тура келеді.

Қауіп барма дегенге келсек, тәліптер алғаш билікке келгенде көршілес елдермен тату қарымқатынасқа мән беретінін айтқан. Бұған қарап «Талибаннан» тікелей қауіп төнеді дей алмаймыз. Алайда, олар елдегі экономикалық саясаты дұрыс болмаса, әлеуметтік мәселені шешпесе, Ауған халқының босып, төңіректегі елдерге кету қаупі бар. Мұның босқын қабылдау міндетін алған Иран секілді елдер үшін маңызы бар. Ал Орта Азия елдеріне ондай көп ауғанстандықтар келеді деп ойламаймын. Бұдан аймаққа төніп тұрған үлкен қауіп жоқ екенін білеміз