АУДАН ӘКІМІ АЙ ҚАРАП ОТЫР МА?

 

«Теректі» тұрғындарының мұң-мұқтажына ешкім құлақ асар емес

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Шетсіз қала» бағдарламасы Алатау ауданында дұрыс іске аспай жатыр. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, жергілікті тұрғындар мәселені қанша көтергенімен, әкім қаралар бұл жаққа назар аударар емес. Бір топ тұрғындар бүгін тағы да журналистерді шақырып, арыз-шағымдарын айту үшін жиналды.

2020 жылы Алатау ауданында Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы ашылған болатын. «Теректі» ықшамауданынан орын тепкен бұл аурухананың артында тұратын тұрғындар жылда жарық, су, жол азабын тартып келеді. Әлі күнге дейін дұрыс жол салынбаған. Жұртшылық учаскелік инспектордың кім екенін танымайды да. Жақын маңда мектеп те жоқ. «Алатау ауданының әкімдігі суды, жолды, жарықты қашан жасайсыздар? Көшеміз жазда – шаң-топырақ, көктем-күзде – ми батпаққа айналады»,  – деп ашынады жергілікті тұрғындар.

Қазірдің өзінде мұнда жүру мүмкін емес. Айқыш-ұйқыш, шұңқыр жолдар лай, батпаққа айналған. Тұрғындар жұмысқа бару үшін аяққа пакет орап шығады.

– Ал кешке үйге қарай қайту өте қауіпті. Көше тас қараңғы, қаңғыбас иттер қаптап жүр. Мұнда адам тонау, ұрлық-қарлық, топ болып төбелесу, қыз зорлау, адам өлтіру фактілері тым жиілеп кеткен. «Алтын орда» базарына жақын болғандықтан, бұл жақты халық 13-ші район, яғни «криминалды аймақ» деп атайтын болды. Жұртшылық арасында «бұзақы аймақ» атанған бұл ауданға жергілікті билік қашан көңіл бөледі?», – дейді «Теректі» ықшамауданының тұрғыны Медет Мамырбаев.

Мұның алдында «Теректі» ықшамауданының тұрғындары мәселелерін айтып қайта-қайта шағымдана берген соң, Алатау ауданының экс-әкімі Шахмерден Рыспаев қала ішінен қырып алынған ескі асфальтті бұл жолға жұқалап төсеп берген екен. Бірақ ол бір айға да жетпей, жол қайтадан ойдым-ойдым болған. Содан бері бұл жолға ешқандай әкім назар аудармапты.

– Алатау ауданының қазіргі жас әкімі Азамат Қалдыбеков жол салуға көмектесудің орнына «алдымен ол жерге су тартып, кәріз желілерін жүргізу керек. Содан кейін барып жол салынатын болады» деп үйреншікті сылтауын айтып шығарып салады. Бұл жерде су тартылып, кәріз желілерін жүргіземін дегенше қанша уақыт керек, сонда бұл құбырлар жүргізілгенше тұрғындар аяқтарына пакет орап жүру керек пе? Ең болмаса, қиыршық тас төсеп, көшелерге жарық орнатса болмас па? Алдымен су, кәріз желілерін тартамыз деу, бұл – жұмыс істегісі келмейтін әкімнің айла-тәсілі, сылтауы ғана. Яғни жас әкім осы уақытқа дейін «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» керін келтіріп отыр. Әйтпесе, бұл жақтағы үлкен жол қалаға қарайды, бірақ ол өмірі жөндеу көрген жоқ, – деп шағымданды жергілікті тұрғындар.

Шынында да, «Теректі» ықшамауданының бұл аумағында көшелерді жарықтандыру мәселесі шешілмеген. Жол азабы да тұрғындарды қажытып отыр. Қала әкімінің «Шетсіз қала» қағидаты бұл аумақта орындалып жатқан жоқ. Себебі, бұл аймақта әлі күнге дейін жарық та, жол да жөнделмеген. Әсілінде «Шетсіз қаланы» жүзеге асыру Алатау немесе Наурызбай аудандары орталығын жөндеуден басталмауы керек. «Шетсіз қала» аты айтып тұрғандай, қаланың ең шетінен бастап реттелуі тиіс. Ал бізде қаланың шеті қараусыз қалды. Аудан әкімдерінің «Шетсіз қала» тұжырымдамасын дұрыс түсінбегені өте өкінішті.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *