Атырауда құс тұмауына қарсы екпе басталды

Атырауда құс тұмауына қарсы екпе басталды
сурет: 24.kz

Кешелі бері жекеменшік құс фермасындағы 2 мыңға жуық тауық пен 500-дей қаз-үйрекке вакцина егілді

Атырау облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты үй құстарына вакцина салына бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына  сілтеме жасап. 

Қала аумағындағы егу жұмысын жүргізу үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 6291 доза бөлінген болатын. Қазір 4 бригадаға топталған ветеринар мамандар іске кірісті. Кешелі бері жекеменшік құс фермасындағы 2 мыңға жуық тауық пен 500-дей қаз-үйрекке вакцина егілді. Мамандар әзірге үй құстарынан ауру белгілері анықталмағанын айтады. 

Алайда Каспий теңізінде жағдай күрделі күйінде қалып отыр. «АН-5» деп аталатын аса қауіпті инфекциядан «Қашаған» кен орнындағы жасанды аралдарда 3 мыңға жуық шағала қырылып қалды. Сонымен қатар «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы «Шалыга» аралынан да 2500-дей құстың өлексесі табылды. Әзірге сынаманың қорытындысы күтілуде. Дегенмен мамандар өлген шағалалардың ағзасында құс тұмауының белгілері бар дегенді айтады.  

«Бірінші кезекте Атырау қаласында егіп жатқан себебіміз мына Каспий теңізі қалаға жақын болғасын жерде. Бірінші буферный зона болғасын жолға қойдық. Қазіргі таңда 7 округтің төрт округі егіліп бітті. Қалған 3 округте екпе жұмыстары жалғасып жатыр»,-дейді облыстық-аумақтық инспекцияға қарасты биологиялық қауіпсіздік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мырзабек Дүйсенов.