Атырауда биыл 96 егіз өмірге келген

Атырауда биыл 96 егіз өмірге келген
Сурет: Inform.kz

Жыл басынан бері 6 796 сәби дүниеге келді

Атырауда жыл басынан бері облыстық перинаталдық орталығында 6 796 сәби өмірге келген. Оның ішінде 96 егіз, бір үшем бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары Альмира Сабырғалиеваның мәліметінше, өткен жылмен салыстарғанда егіздер саны 9,1 пайызға артқан.

«Былтыр облыстық перинаталдық орталықта 7 375 нәресте жарық дүние есігін ашқан еді. Ал, биылғы жыл басынан бері 6 796 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздердің саны арта түсті. Біздің орталықтың дәрігерлері мен кіші буын қызметкерлері биылғы 9 айда 96 егіз бен бір үшемнің өмірге аман-есен келуіне медициналық көмегін берді. Жыл соңына дейін туу көрсеткіші тағы өседі деген үміттеміз», -дейді Альмира Сабырғалиева.

Оның айтуынша, 19 қаңтарда 52 жастағы әйел «Аңсаған сәби» жобасымен тұңғыш сәбиін босанған.

«Бұл жаста өмірге сәби әкелу оңай емес. Біздің пациент көп жыл емделген. Кейін «Аңсаған сәби» жобасымен бөлінген квотаға сәйкес, ЭКҰ арқылы бала көтерген. Оған 19 қаңтарда ота жасалды. Өмірге салмағы 3 келі 70 грам, бойы 51 см сәби келді», -дейді Альмира Сабырғалиева.

Ал, 6 қыркүйекте үшем дүниеге келген. Екеуінің салмағы – 1 келі 800 грамм, үшіншісі – 2 келі 200 грамм. Жас отбасы Есет Құмар мен Аянгүл Сәбитова жаңа туған үшемге Ахмад, Батырхан, Исмаил есімін берген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Егіздер шеруіне Атырау облысында 99 бала қатысқанын жазған болатынбыз.