Атырауда балықтың қырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Атырауда балықтың қырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды
stan.kz

Атырауда балықтың қырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Асхат Қасымовтың айтуынша, Қайыршақты ауылдық округіндегі канал мен Безымянный су қоймасында балықтың қырылу дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Тергеу, ҚР Қылмыстық кодексінің 336-бабына сәйкес, балық қорын қорғау ережелерін бұзу дерегімен жүргізіліп жатыр.

Кеше, 26 сәуірде, Атырау қаласының маңындағы Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінде ұсақ балықтың қырылғаны анықталды. Соған байланысты арнайы комиссия құрылды.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің мәліметіне сүйенсек, балықтың қырылуына қайраңға шығып қалғаны себеп болуы мүмкін.

Ал облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округі аумағынан 800 метр канал қазылған. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр. Мамандар Безымянный көлінен қаракөз балығының 65 келі өлі шабағын жинаған.

Табиғат қорғау прокуратурасы мен инспекция мамандары өңірдегі су айдындарында мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл облыс прокурорының бақылауына алынған.