Атырау облысында биыл 60 гидрогеологиялық ұңғыма жойылады

Атырау облысында биыл 60 гидрогеологиялық ұңғыма жойылады
Cурет: Inform.kz

Ұңғымаларды жою өзекті мәселеге айналған

Биыл Атырау облысында 60 гидрогеологиялық ұңғыма жойылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, Жылыой ауданының аумағындағы 60 гидрогеологиялық ұңғыманы жою көзделіп отыр.

«Өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымалар жер астындағы тұщы судың табиғи ресурсына, қоршаған ортаға зиян келтіреді. Жерасты және жерүсті суларын фенолдармен, радиоактивті және улы элементтермен ластайды. Осыған байланысты былтыр Жылыой ауданындағы 60 гидрогеологиялық ұңғыманы жою үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін республикалық бюджеттен 26,5 млн теңге қаржы бөлінді. Ал, биыл иесіз қалған ұңғымаларды тығындау, жабу жұмыстарын жүргізуге Қаржы министрлігіне республикалық бюджеттен 465 млн теңге қаржы бөлуге өтінім жолданды», -дейді Нұрлан Жантоқов. 

Оның айтуынша, Жылыой ауданының аумағындағы гидрогеологиялық ұңғымаларды жою өзекті мәселеге айналған. 

«Өйткені, бұл жағдай жерасты суларының халық игілігіне пайдаланылмай, босқа ағып кетуіне, көлемінің азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Оның үстіне аталған ауданда су көздерінің тапшылығы байқалады. Осыған байланысты жерасты су көздерін тиімді пайдалану мәселесін шешу қажеттігі туындап отыр. Жалпы, Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына экологиялық мәселелер бойынша 22 іс-шара енгізілді», -дейді Нұрлан Жантоқов.